Ержүрек жауынгер
Ұлы Отан соғысына қатысып, жаумен арпалысқан әрбір жауынгер батыр деуге лайық. Өйткені бұл алапат соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмады. Біздің кейіпкеріміз Жаратқанның жебеуімен от пен оқтың ортасынан аман оралып, бейбіт өмірде еңбектің көрігін қыздырды.
Майдангер Оңғарбай Ахметов 1917 жылы қазіргі Шіркейлі (бұрынғы Қызыл Ту) ауылының аумағында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін алғыр жас Қызылорда педагогикалық училищесінде мұғалімдік мамандыққа оқыды. Арнаулы оқу орнын үздік аяқтап, ауылында мұғалім болып жүргенінде 1942 жылы Тереңөзек аудандық әскери комиссариат арқылы соғысқа алынып, қысқа мерзімді әскери оқу-жаттығудан соң атақты Сталинград майданына түседі. Талай мәрте жан беріп, жан алысқан шайқастарға қатысып, өзінің ерен ерлігімен, батырлығымен көзге түседі. Өжеттігіне білімі сай старшинаны полк командирі жауапты тапсырмаларға жұмсайды. Жауынгерлік тапсырмаларды ол әрдайым әскери антына адал болып, бұлжытпай орындаған.
Сталинград майданы Ұлы Отан соғысында шешуші рөл атқарғаны белгілі. Атақты қолбасшы атындағы қаланың жанында «Қалмақ» атты елді мекен орналасқан. Сталинград қаласына шабуылмен шығу үшін бірінші осы елді мекенді жау «тырнағынан» азат ету міндеті қойылды. Алайда жау осал емес. Неміс пулеметшісі елді мекеннің оңтайлы тұсына орналасып, аузынан «ажал» шашқан пулеметімен ешкімді жақындатар емес. Кеңес әскерлерінің бірнеше шабуылы нәтижесіз аяқталды. Полк командирі пулеметтің үнін өшіруді жауынгер Оңғарбай Ахметовке жүктеді. Бұйрықтың аты бұйрық. Ол сөзсіз орындалуы тиіс. Аузынан оқ шашқан пулеметті қалай тұншықтыруға болады? Көп ойлануға мұрсат жоқ. Қазақ жауынгері оқтың сарай терезесінен тура атылып жатқанын байқайды. Оған тіке бару мүмкін емес. Сондықтан оң жаққа ойысып, жерге жабыса алға жылжыды. Өзі алдын ала болжаған граната жетеді деген межеге келгенде, аялдап демін басты. Осыны күткендей жау пулеметі де қайта «сөйлей» бастады. Батыл жауынгер О.Ахметов бірнеше гранатаны бірінен соң бірін сарай терезесіне бағыттады. Сөйтіп пулеметтің үні өшті. Соның арқасында Кеңес әскерлері шабуылға шығып, елді мекенді азат етті. Осы шайқаста ержүрек жауынгер оң қолынан ауыр жараланды. Бірақ сол мезетте саптан шыққан жоқ. Кейін осы жарақатына байланысты әскери госпитальде ұзақ емделіп, елге қайтарылды. «Қалмақ» елді мекені үшін болған шайқаста асқан ерлік көрсеткені үшін жауынгер Оңғарбай Ахметов І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Майдангер туған жерінде соғыстан кейінгі қиыншылықтарды жеңуге белсенді атсалысты. Бірқатар шаруашылықтарда басшылық қызмет атқарды. Атап айтатын болсақ, «Қаракөл» колхозында партия ұйымына жетекшілік етті. 1958 жылы Абай колхозында басқарма төрағасы болды. Сондай-ақ отызмыңыншыжылдықтардың үндеуіне үн қосып, ХХІ партсъезд атындағы шаруашылықта парторг қызметін атқарды. Туған жері Қызыл Ту колхозында да партия ұйымына жетекшілік етті.
Іскер, көппен тіл табыса білетін бауырмал азамат қай жерде де елге сыйлы болды. Оңғарбай әке мен Бақыткүл ана 11 бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балаларының барлығына жоғарғы және арнаулы орта білім алуына жағдай жасап, еңбекке тәрбиеледі. Соның арқасында ұрпақтары өмірден өз орындарын тапты.
– Әке – асқар тау. Анам екеуі бәрімізді оқытып, қалаған мамандықтарымызды меңгеруге бағыт берді. Қашанда түзу жолмен жүрдік. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегендей6 асқар тауымыздың қамқорлығын көрген іні-қарындастары бізге де жақсы көзқараста болды. Әкеміздің арқасында адал еңбек етіп, бүгінде өзіміз де зейнеткер атандық, – дейді майдангердің қызы Нағи Ілиясов ауылдық «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі Шырын Ахметова.
Биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, Оңғарбай Ахметовтың ұрпақтары әкелерін құрметпен еске алып, рухына Құран бағыштайды. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ