Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДОМБЫРАНЫ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН

ДОМБЫРАНЫ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН

Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ол миллиондаған адамдардың қанымен, жанымен келген жеңіс.
Ізбас Маханов та жеңіс жолында қан төккен, оның барлық ауыртпалығын көрген майдангер. Ол әскерге 1938 жылы шақырылған. Майданға 1942 жылы араласқан. Әскери дайындықтан өткен кіші сержант №588 атқыштар полкінде пулеметші, №980 атқыштар полкінде бөлімше командирі, 114-ші арнайы пулемет батальонында пулеметші болған.
Екпіндеген жаудың бетін қайтарып, талай елді-мекендерді жаудан босатуда алдыңғы шепте жүрді. Өмір мен өлім үшін күресте қан майданда мерт болған жауынгер достарының кегін алып, жауды Берлинге дейін тықсырып, Жеңіс туын желбіреткен батыр. Немістермен соғыс аяқталғанмен бір бүйірден жапондықтар Кеңестер Одағына соғыс ашқан кез. Жауынгер І.Маханов та сол соғысқа аттанғандар қатарында Қиыр Шығысқа кете барды. 1946 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен әскерден босатылып, елге оралды.
Соғыстан аман-есен оралған майдангер аудандық ішкі істер бөлімінде, аудандық дайындау мекемесінде жұмыс істеді. Соғыстан қажыған елдің еңсесін көтеруге өз үлесін қосты.
– Әкеміз зейнет демалысына шыққаннан кейін де қарап отырмады, – дейді майдангердің қызы Әсия апа. – Мал шаруашылығымен айналысты. Отбасындағы 11 баланы тәрбиелеп, әрқайсысының өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар берді. Ол кісі өнерге жақын болатын. Әсіресе, жыраулық өнердің, оның ішінде “маңырама” деп аталатын түрінің нағыз шебері еді. Ақмырза Тұяқбаев, Әбілдә Жүргенбаев есімді достарымен домбыра тартып жарысатын. Біз көбіне әкемізге “маңырама айтып берші, көке” деп қолқа салатынбыз.
Иә, білімі төрт кластық болса да өзі еңбек еткен мекемеде алдыңғы қатарлы саналатын қызметкердің мемлекеттен алған марапаттары аз емес екен. Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін де орден-медальдары жетерлік. Бейбіт өмірде ұл-қызының рахатын көріп, өз өмірін өзгеге үлгі ете білген майдангер 1992 жылы қазан айында 75 жасында қайтыс болды.
Бүгінде жауынгердің ұрпақтары әке ізін жалғап, өмір көшіне ілесуде.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
09 мамыр 2019 ж. 1 479 0