ЖЕҢІС САРБАЗЫ
Отанды жаудан қорғау – әрбір азамат үшін парыз. Тереңөзектік жігерлі азамат Смағұл Алтынбаев жасы қырықтан асқан кезінде аудандық әскери комиссариат арқылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, 1942 жылдың жазында майданға аттанды. Айшылық жол жүріп, кескілескен ұрыс болып жатқан аймаққа келіп жетті. Сол жылдың тамызында қызыл әскер қатарындағы С.Алтынбаев Кеңес Одағының Маршалы Р.Я.Малиновский басшылық ететін ІІ Украина майданының 9 «А» әскерінің тобында алғашқы ұрыстарға қатысады.
Бұл армияға Кеңес Одағының Маршалы Ф.И.Толбухин командалық жасады. Қатардағы атқыш аталмыш армияның құрамындағы 238 атқыштар полкінде соғысты. Жаhандық соғыстың екінші жылы да Кеңестер Одағы үшін ауыр болғаны тарихтан белгілі. Қызыл әскер шебіндегі С.Алтынбаев соғыстың нағыз от жалынында қайнап-пісіп, ортасында жүрді десе де болады. Оның жорық жолдарына көз жүгіртсек, Орел, Брянск бағытынан басталған шайқас Украина, Белоруссия, Венгрия, Польша, Чехословакия мемлекеттерін көктей өтіп, Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алады. Үш жыл бойы қаруын қолынан тастамаған өжет, батыр сарбаз талай қанды қырғыннан аман шығып, Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Жаумен айқаста бірнеше мәрте ауыр жараланды да. Дегенмен, әскери госпитальда емделіп, өзі қызмет ететін бөлімге қайта оралып отырды. Ержүрек жауынгер «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» т.б. бірнеше медальмен марапатталған. Соғыс кезінде тылда қалған зайыбы Әсия Алтынбаева «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деп күні-түні колхоздың қара жұмысында еңбек еткен. Масақ терген, қырманда дән суырған. Басқа да жұмыстар атқарған. Кейін зейнеткерлікке шыққанда «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
– Мен Смағұл Алтынбаевты 1946 жылдан бастап білетінмін. Өйткені, ол кісінің зайыбы Әсия бізге жақын жиен болатын. «1 Май» колхозынан аудан орталығында тұратын Смағұлдың үйіне жиі қатынап тұрдым. Сәкең ақкөңіл, бауырмал, сырбаз азамат еді. Соғыстан оралғаннан кейін, аудандық тұтынушылар одағының қоймасында жабдықтаушы болып жұмыс жасады. Ауыр жарақаттың зардабынан 1956 жылы 62 жасында қайтыс болды. Бұл отбасымен қарым-қатынасымыз ешқашан үзілген емес. Немересі Лаураның атасының соғыс кезіндегі жорық жолдарын ғаламтор арқылы тауып, есімін жаңғыртып жатқаны құптарлық жәйт. «Орнында бар оңалар» деген осы емес пе, – дейді ауданның қадірменді қарты Рахымжан Бәйменов ақсақал.
С.Алтынбаев соғыстан жеңіспен оралғаннан кейін туған жері Тереңөзекте аудандық тұтынушылар одағында жемісті еңбек етіп, асыл жары Әсиямен бірге бірнеше ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Олар: Лайық, Жалғас, Ақбати, Темірхан, Жаңагүл, Несібелі. Бүгінде Алтынбаевтар мен Смағұловтардың немере-шөберелері ат жалын тартып мінген азамат болып, еліміздің түпкір-түпкірінде, атап айтқанда Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Тереңөзек кентінде өмір сүріп, халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етуде. Осы ретте, абзал азамат Смағұл Алтынбаевтың қысқаша өмірдерегімен көпшілікті таныстырып кетсек, артық болмас. Ол 1894 жылы Тереңөзекте дүниеге келген. Әскери билетінде партияда жоқтығы, Азамат соғысына қатысқандығы жазылған. Содан кейін 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының жауынгері. Өміріне адалдықты ту еткен жерлесіміздің екінші жаhандық соғыстағы ерлігі көпке үлгі боларлық.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, ізін жалғар ұрпақ барда аталар ерлігі мәңгі өшпейді.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ