Сыр бойының Маресьеві
1941 жылы 9-сыныпта оқып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. 1941 жылы казан айының 25-і күні әскерге шақырылып, Ақтөбе қаласындағы 101-ші қазақ атқыштар бригадасында соғыс өнеріне үйреніп, 3 ай әскери дайындықта болған. Екінші батальонның пулеметшілер ротасында жаттығуда жүрген кезінде «Үздік әскери жауынгер» значогін алды. Пулеметшілер батальоны Батыс майданына аттанғанда ол Мишуково селосын азат ету шайқасында жеңіл жараланады. Кіші сержант шеніне ие болған пулеметші госпитальдан шыққан соң Ржев қаласын азат етуде де ерлік көрсетеді. Осы ұрыста жау снарядынан екі аяғынан жараланады. Госпитальда бір жарым жыл емделіп, сұм соғыстың зардабынан елге екі бірдей аяғынан айрылып оралады.
Қан майдандағы ерлігі үшін «1 дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалімен және кейінгі жылдары Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған.
Елге оралғаннан соң Қ.Ысмайылов Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа түсіп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алады. Тереңөзек аудандық газетінде жауапты хатшы, ал одан кейін ауданның білім саласында еңбек етті. 1951-1954 жылдары «1Май» мектебінде директор, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1955 жылдан зейнетке шыққанға дейін №35 М.И.Калинин атындағы (қазіргі И.Токтыбаев) мектепте тарих, қоғамтану пәндерінен сабақ берді.Оқушылармен сабақта да,егін жинауда да, қоғамдық жұмыстарда да бірге жүретін. Шәкірттері ол кісіні «Біздің Маресьев ағай» дейтін.
Ел, жер тарихын жетік білетін майдангер ұстаз Қасымхан Ысмайылов журналистік қаламын да қолынан тастаған емес. Оның мақалалары мен фельетондары республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарияланып тұрды. Қалың халықты толғандырып жүрген мәселелер ол кісінің назарынан тыс қалмайтын еді. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде сапалы білім, саналы тәрбие берудің жолдарын көрсету мақсатында «Қарыз бен парыз» атты мақаласы жарық көріп, республика мұғалімдеріне үлкен ой салды.
Ұлағатты ұстаздың еңбегі еленіп бірнеше рет республикалық, облыстық құрмет грамоталарымен,«Халық ағарту ісінің үздігі»төсбелгісімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен марапатталды және Қазақ ССР Оқу министрлігінің бұйрығы бойынша «Аға мұғалім» атағын да алды.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Қазақстанның құрметті журналисі, Жалағаш және Сырдария аудандарының азаматы, дербес зейнеткер Ахат Жанаевтың облыстық «Сыр бойы»,«Ақмешіт ақшамы» газеттеріне мыңдаған шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан, ұлағатты ұстаз, жанкешті жауынгер Қасымхан Ысмайылов жайлы «Сыр бойының Маресьеві» тақырыбында деректі хикаяты жарияланды.
Ардагер ұстаз сүттей ұйыған үлкен отбасының басшысы да еді.Ол жұбайы Сұлу Бержанова екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.Олардың көпшілігі әке жолын таңдап білім саласында жемісті еңбек атқарып жатыр. Ал екі бірдей немересі тарих ғылымдарының кандидаттары.
Ұстаз Қасымхан Ысмайыловтың алдынан дәріс алған шәкірттері бұл күндері республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде.Олардың арасында ғұлама ғалымдар да, қоғам қайраткерлері де, ақын-жазушылар да аз емес.
Көзі тірісінде Сыр бойы Маресьеві атанған майдангер ұстазы жайлы белгілі ақын Қайырбек Асанов «Мұғалім» атты өлеңін жазды.
Оқушымыз, ойымыз сабақта тек,
Талай рет тарихты парақтап ек.
Іштей ғана риза боп отырасың,
Бір оқушың берсе егер жауапты ерек.
Әр жүректің өзіндік құлпын ашып,
Қалатынбыз өзіңмен сыр тыңдасып.
Сұм соғысқа лағнет айтатынбыз,
Кіргеніңде класқа сылтып басып.
Жанымызға үңілдің қарап еппен,
Сыйлаушы еді өзіңді бала біткен.
Мейірімі мол жүрегің әрқашан да,
Жақсы оқуды бәрінен талап еткен.
Оты ұшқындап көзіңнен даналықтың,
Ұстазы боп атандың сан алыптың.
Барған сайын ауылға сені іздеймін,
Сағынғанда базарын балалықтың.
Жеңіс туын жақындатқан жауынгер, еңбек және соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Қасымхан Ысмайыловтың соғыстағы, бейбіт өмірдегі еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Сондықтан да оның өмірі өнегелі еді. Қазіргі таңда аудан орталығында майдангер ұстаздың есімімен аталатын көше бар.