Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АҒАЙЫНДЫ ЖАУЫНГЕРЛЕР

АҒАЙЫНДЫ ЖАУЫНГЕРЛЕР


Ел басына күн туғанда оқ пен оттың ортасында болып, мылтығын асынып, жауды қашырған ерлер есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Арада 73 жыл өтсе де жеңістің жаңғырығы санада сәулеленіп тұрады. Өйткені, ортақ Отанға батыстан жау анталағанда ер азаматтар басқыншыларға қарсы көтеріліп, тойтарыс берді. Соғыс кезінде мыңдаған жауынгер Тереңөзектен қан майданға аттанды. Сұм соғыс ешкімді мүсіркеген жоқ. Майданға біреудің жалғызы, бір үйден 4-5 азамат аттанған да жағдай болды.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дейді халық. Бұрынғы Тереңөзек ауданы, Майлықұм ауылынан аттанған Есжанның екі ұлы ағайынды Нұрғали мен Ерғали Ұлы Отан соғысына қатысып, жасанған жауды жеңіп, елге жеңіспен оралды. Бұл орайда жеңіс сарбаздарының өмірдерегіне жеке-жеке тоқталсақ, ағайынды азаматтардың ел үшін ерлік пен қайсарлық, қажыр мен қайрат көрсеткендерін аңғарамыз.
Нұрғали Есжанұлы Майлықұм ауылында 1914 жылы дүиеге келген. Көзі ашық, алғыр жас еңбек жолын 16 жасында Ташкент ағарту қызметкерлері Одағында №20 жергілікті комитеттің мұғалімі болып бастайды. Көп ұзамай осы Одақтың кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайланады. 17 жасында «Правда Востока» газетінің тілшісі болады. Жалынды жас әр жылдарда Орта Азия ОК, Өзбек ССР Орталық атқару комитетінің, Орта Азия ВЦПС бюросының мүшесі болып сайланады. 1935 жылы туған жерге оралып, 1938 жылға дейін Майлықұм бастауыш мектебінің, 1939 жылға дейін Қызылөзек 7 жылдық мектебінің директоры болып жұмыс жасайды. 1937 жылы КСРО-ның «Еңбекте ерекшеленгені үшін» медалімен марапатталып, сыйлыққа Мәскеуден патефон келеді. 1939 жылы Қазанда Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Әскерде аға лейтенант шенін алған Нұрғали Есжанұлы Өтеков Сібір №129 атқыштар полкінің рота командирі болады. 1942 жылдың қысында «қанды қасап» атанған Сталинград майданында шайқасады. Көптеген кескілескен ұрыстарда ротаны жауға бастаған Н.Есжанұлы ерлігі үшін бірінші, екінші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және «Сталинградты азат еткені үшін» барлығы отыз шақты орден, медальдарымен марапатталған. 1943 жылдың қысында кескілескен ұрыс кезінде командир сол аяғынан ауыр жарақат алып, далалық госпитальде емделеді. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады. Туған жерде бейбіт өмірдегі мамандығын қайта жалғастырады. Молотов, Шымбөгет жеті жылдық, Калинин атындағы орта мектепті, Тереңөзек аудандық халық ағарту бөлімін басқарады. Бірнеше жыл туған ауылында Қызыл Ту ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланып, ауылдық атқару комитетінің төрағасы болады.
Ал, Нұрекеңнің інісі Ерғали Есжанов Майлықұм ауылында 1915 жылы туған. 1940 жылдан 1943 жылға дейін Қызыл Ту ауылдық кеңесінің хатшысы, 1943 жылы соғысқа аттанып, басқыншы жауды өз ұясында талқандауға дейінгі қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Ұлы Жеңістен бір жылдан соң елге оралады. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде Ташкент ауыл шаруашылығы институтында оқыды. Оны бітіргеннен соң Шымкент облысының Сарыағаш ауданында агрономдық қызмет атқарды. 1967 жылы туған жерге оралып, Қызылорда облыстық шегірткеге қарсы күрес экспедициясының Тереңөзек ауданы бойынша бөлім бастығы болып еңбек етті. Ұлы Отан соғысының ардагері, атақты бағбан, агроном Ерғали Есжанов ауданның «Серікбай» түбегінде тұңғыш жеміс бағын ашты. Туған жердің көркеюіне, гүлденуіне елеулі үлес қосты. Ерғали Есжанов Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін көптеген орден, медальдармен марапатталған.
Ағайынды жауынгерлердің бүгінде ұл-қыздары, немере-шөберелері ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, түрлі салада абыройлы еңбек етуде.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ
31 мамыр 2018 ж. 1 407 0