Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛЫ ЕРЛІК – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

ҰЛЫ ЕРЛІК – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 74 жыл. Бұл соғыс халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Дәл мұндай өмір мен өлім арпалысқан зор майдан тарихымызда болған емес. 1941 жылдың 22 маусымында басталған Ұлы Отан соғысы 1945 жылдың 9 мамырында Кеңес Одағының Жеңісімен аяқталды. Гитлерлік Германия өз ордасында талқандалып, Берлиндегі Рейхстагтың ең биік ШЫҢЫНДА Жеңіс Туы желбіреді. Қазақ халқында елін, жерін сыртқы жаулардан қорғап, аман сақтап қалған адал ұл-қыздарымыз аз болмаған. Сондықтан да Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан әрбір майдангерге ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІП, бас иеміз.
Біздің ауданымызда да көптеген қаһарман ерлер майдан далаларында нағыз ерлік көрсетіп, жеңіс күнінің жақындай түсуіне өздерінің үлестерін қосты. Айрықша ерлігі мен батырлығы үшін Жаппасбай Нұрсейітов пен Нағи Ілиясов Кеңес Одағының Батыры атанса, көптеген жауынгер жерлестеріміз орден-медальдар тағып елге оралды. Майдангерлеріміздің Отан қорғау шебіндегі теңдессіз қайсарлығы жастарға насихатталуда. Солардың бірі – соғыс және еңбек ардагері, “Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров.
Ұлы Жеңістің майдангері Яхия Тасыровтың жеке өмірі, соғыс жылдарынан бастап бейбіт өмір кезеңдерінде алған ордендері мен медальдарының куәліктері, жеке басына қатысты құжаттары, суреттері, баталары, газет бетіне жарияланған қор иесі туралы мақалалары аудандық архивте сақтаулы тұр. Яхия Тасыров 1941-1944 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсетті. Ұлы Отан соғысының ардагері 1922 жылдың 2 қаңтарында Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының бұрынғы Ақтүйе ауылы, қазіргі Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы аумалы-төкпелі қиын заманда өткен. Отбасы жағдайымен Өзбекстанға барып, сол жерден Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бойын енді түзеп келе жатқан 19 жастағы жігіт Ташкент облысы, Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынған. Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазанында майданға жіберіледі. Соғыс жылдары Сталинград, Курск, Баранович, Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. Жан беріскен ауыр шайқастарда Данциг портында аяғынан ауыр жараланып, 1945 жылдың тамыз айында елге оралған.
Майдангер атамыз қиян-кескі шайқас­тардағы көзсіз батырлығы үшін «Қызыл жұлдыз», І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50, 60, 65 жылдығына арналған, «Кеңес Одағының Батыры Маршал Г.К.Жуков» медалімен және басқа да наградамен марапатталған.
Әрине, айтуға бәрі оңай. Сол сұрапыл жылдардың белортасында майдан даласында болған әрбір сарбаздың тәні ғана емес, жаны да жараланады. Майдан даласында қып-қызыл от пен оқтың арасында қан кешіп жүріп батырлық танытты, ерлік жасады. Алайда, өзімен бірге жүрген қанды көйлек жауынгер қас қағым сәтте майдан даласында жер жастанып, ажал құшып қалып жатты. Бұл ет пен сүйектен жаралған адам үшін оңай емес. Әрбір соғыстың куәгерінің тәні мен жанының жаралы болуына бұл да себеп.
Ұлы Жеңіске жеткеннен кейін қан майданның куәгері туған жерге жеңіспен оралып, бейбіт күнгі қоғам жұмысына араласып, еңбек етті. Аудан орталығындағы сүт зауытында 16 жыл қойма меңгерушісі, 1960 жылы Жалағаш сүт зауытында шебер болды. 1962 жылы ауылға келгеннен кейін Өзбекотын елді-мекенінде 10 жыл қойма меңгерушісі болып жұмыс жасаған. 1972-1982 жылдар аралығында «1608-жылжымалы механикалық колонна» мекемесінде, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде еңбек етіп, осы қызметтен зейнет демалысына шыққан.
Бүгінде ардагер – ел-жұртқа, ағайынға сыйлы, ауданның қадірменді ақсақалы балаларына ардақты әке, немерелеріне абзал ата болып отырған ұлағат иесі.
Біз майдангер өмірінен бір үзік сыр шерттік. Бүгінгі күнді, бақытты болашағымызды соғыс отынан өздерінің жалын жүректерімен қорғап қалған жауынгерлер жөнінде жазу, олар туралы естеліктер жинап, бойтұмардай сақтау, оны дәріптеу – аудандық архив қызметкерлерінің міндеті.

Г.Мейрамбекова,
«Қызылорда облысының
мемлекеттік архиві»
коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің Сырдария аудандық
филиалының архивисі

09 мамыр 2019 ж. 1 427 0