Ғибратты ғұмыр иесі
Ұлы Жеңіске - 75 жыл! Бұл сөздің ішінде қанша қуаныш пен бақыт, қанша қайғы-қасіреттің жүгі бар. Ұлы Жеңіс күніне жандарын құрбан еткен қаншама боздақтар мен батырлардың ерлігі жатыр. Бүгінгі әңгімеміз майдангер тұлға Мансұр Есназаров жайлы болмақ.
Мансұр Есназаров 1912 жылы 10 қаңтарда Қызылорда облысы Тереңөзек ауданындағы Құндызды ауылында (қазіргі Сырдария ауданы, С.Сейфуллин атындағы ауыл) дүниеге келген. Ескіше де, жаңаша да сауат ашқан ол 1938 жылы Қызылордадағы 2 жылдық педагогикалық курсты бітірісімен, Арал ауданындағы «Октябрь» мектебіне директор болып тағайындалады. Бұл 1938 жылдың 20 шілдесі болатын. Қазіргі «Шижаға» елді мекенінде мектеп ғимараты болмағандықтан, асарлатып жүріп, түйенің қомымен қамыс тасып, мектеп салдырады.
1939 жылдың аяғында әскер қатарына шақырылып, Финляндияға соғысқа аттанады, одан әрі Ұлы Отан соғысына қатысады. Ұлы Отан соғысы жылдарында 211-дивизия атқыштар ротасының саяси жетекшісі (политрук) кейіннен атқыштар ротасының командирі (48-атқыштар дивизиясы) қызметтерін атқарған, екі рет ауыр жараланған. М.Есназаров соғыс жылдарында СОКП қатарына қабылданған. Жауға қарсы күресті Батыс майданынан бастаған ол әскери қызметін Жапониямен шекарада лейтенант шенінде аяқтап, аман-есен елге оралады. Бірге туған екі бауыры - Рай мен Нұрғазы зұлмат соғыстан оралмады. М.Есназаровтың жауынгерлік ерлігі кезінде «За победу над Германией в Великой Отечественной войне» медалімен, II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 годах» медальдарымен (1947-48 жж), кейіннен КСРО қарулы күштерінің 60, 70 жылдығына орай мерекелік медальдарымен, Ұлы Жеңістің 30, 40 жылдық мерекелік медальдарымен бағаланады. КСРО Қорғаныс министрі А.Гречконың құттықтау хаттары да сақтаулы.
Елге оралған М.Есназаров қайтадан ағартушылық қызметіне кіріседі: 1945-1947 жылдары Тереңөзектегі балалар үйінде директор, Жалағаш ауданындағы «Иіркөл» мектебінде директор, «Сталин» атындағы мектепте оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады. Еңбек ете жүріп, Қызылордадағы педучилищені тәмамдайды.
1952 жылы М.Есназаровқа тағы бір жаңа мектептің іргетасын қалауға тура келеді. Ол туған жері Құндызды ауылдық кеңесіне қарасты №137 «1 Май» мектебі болатын. Аталған мектепті 1965 жылдан 1974 жылға дейін басқарды. 1953-1957 жылдары Н.В.Гоголь атындағы пединститутта оқыған. Білімді басшы, білікті ұстаздың ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі де елеусіз қалған жоқ: Бірнеше рет «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісін кеудеге тақты, бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол кісі үшін басты құрмет – халқының, жерлестерінің, шәкірттерінің құрметі еді. Оқытуды сауапты жұмыс деп есептеген ардақты жанның талай білімі бар да, мүмкіндігі жоқ ауыл балаларын қолынан жетектеп қаладағы оқу орындарына апарғанын көрген азаматтар әлі де арамызда жүр.
«Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деп жазған екен қаһарман жазушы Б.Момышұлы. Ол білімді шәкірттері, кейіннен аймағымызға танымал болған С.Мұқашев, Т.Сақтағанов, А.Жанаев секілді інілерінің әрбір сәтті қадамдарын назардан тыс қалдырған емес.
Зейнетке шыққан соң да ауылдың ауызбірлігін сақтауға, толымды тірліктердің басы-қасында жүрді. Ескіше сауатты болғасын Жалағаш және Тереңөзек аудандарының бірнеше ауылдарында ағайын-туыстың жаназаларын шариғат жолымен шығарып, молдалық қызмет де атқарды, Сабырлы қалпын сақтаған, кесіп бір-ақ сөйлейтін. Едәуір ақындығы да бар болатын. Соғыста жүрген уақытта жақындарына үнемі хатты өлеңдетіп жазатын. Бейбіт күнде де өмірінің шуақты-көлеңкелі сәттерін ақ параққа түсіріп, шығармашылыққа орын бергенімен, оны жариялауға аса құштар емес еді. Текпен келетін ақындық қасиеті ұрпақтарынан табылды. Әсіресе немересі Мансұр Нұрмат бүкіл елге танымал айтыскер ақын. Ауылының абыройлы ақсақалы, бес уақыт намазын қаза қылмаған ақсақал 1990 жылы дүниеден озды.
Есназаров Мансұр жұбайы Ұлжан Өтеуліқызымен Абдулла, Серіктей екі ұл, Рахима, Гүлбарам, София, Батихан, Рахия, Каримадай алты қызды тәрбиелеп өсірді. Олардан тараған ұрпақтар бүгінде Қазақстанның түпкір-түпкірінде тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуде абыройлы еңбек етіп келеді. Рахима, Абдулла, Рахия, Серіктей ұл-қыздары әке жолын таңдады. Бүгінгі күні Есназаровтар әулетін ауданымыздағы іргелі педагогтар әулеті деп атауға әбден болады. Қызы Рахия Есназарова ғылым кандидаты. Қорқыт Ата атындағы университетте студенттерге сабақ беріп, зейнетке шықты. Жалпы бұл әулетте екі ғылым кандидаты, екі ғылым магистрі бар. Кенже ұлы Серік Есназар әкесі басқарған №137 орта мектебіне 1997-2002 жылдар аралығында еселі еңбегімен басшылық жасаса, 2013 жылдан бері сол мектепті немересі Бағдат Есназар абыроймен басқарып келеді.
Айта кететін ерекшелік, бұл әулеттен тараған ұстаздардың жалпы педагогикалық өтілі 500 жылдан асып отыр. Бұл аз уақыт емес. Кім-кімге де мақтаныш. Ата жолын аманат көрген ұрпақтарының алған асулары көп және жеті ұл-қызынан тараған 21 немере, 54 шөбере, 6 шөпшегі алтын өрмектей әулет шежіресін жалғастырып жатыр.
Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан майдангер, ұлағатты ұстаз Мансұр Есназаровтың ғибратты ғұмыры бүгінгі жас ұрпаққа өшпес өнеге.