Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағанда майдангер атындағы көше берілді

Шағанда майдангер атындағы көше берілді

Ел үшін кеудесін оққа тосқан майдангерлерді құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Отан үшін от кешкен ардагерлер біздің бақытты өмір сүруіміз үшін жауға қарсы тұрды. Шаған ауылында еңбек еткен майдангер Тұрсын Мұхамеджановтың есімі ұлықталып, көше берілді. Көшенің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, аудандық мәслихат депутаты Б.Қадіров, ауыл әкімі Ұ.Абдраманова, полиция ардагері С.Тұңғышбаев, ауылдық ардагелер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов пен ауыл ар­дагерлері мен майдангердің ұрпақтары қатысты. Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрсын Мұхамеджановтың ел үшін еткен еңбегі ескеріліп көшеге арнайы ескерткіш орнатылды. Майдангердің өмірінен естеліктер оқылды. Ескерткіш лентасын ауыл ардагері Қ.Әбдібеков қиды.
Тұрсын Мұхамеджанов 1922 жылы 15 тамызда Сырдария ауданының бұрынғы №6 Сталин колхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің тауқыметін тартқан ол 1938 жылы Ортақшыл мектебін бітіреді. Одан кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға қабылданады. Осы арнау­­лы оқу орнының 2 курсын бітіргеннен кейін 1942 жылдың ақпанында майданға аттанады.
Сұрапыл соғыста ІІМ-нің 50-атқыштар резервтік шекарашы әскерлер полкінде, 69-атқыштар жасағында, 1945-1948 жылдары Риганың атқыштар бөлімінде, одан соң Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің 57-атқыштар шекара жасағында ерлігімен көзге түскен. Сұм соғысты аяқтап, Жеңіс туын желбіреткен ол әскер қатарында қалып, 1949 жылға дейін КСРО-ның мемлекеттік шекара күзетінде қызмет еткен.
Ел шебіндегі ерлігіне орай «Германияны жеңгені үшін», «Жапония жеңісі үшін», «Ұрыстағы ерлігі үшін» және «Кеңес Армиясы мен флотының 30 жылдығы» медальдарымен марапатталды. Елге оралған майдангер облыстық мемлекеттік қорғаныс министрлігі басқармасына қарасты жедел атқыштар заставасының жедел іздестіру бөліміне жұмысқа орналасты. Біліктілігін жетілдіру мақсатында Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Алматы қаласындағы жедел құрамын даярлау мектебіне түседі. Арнайы мектепті бітіргеннен кейін 1951-1956 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Ақмола облысы №101 Есіл аудандық бөлімі комендатурасында коменданттың көмекшісі болып қызмет жасады. Осы тұста Ақмолада бүкіл Одақ бойынша тың игеру жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. Т.Мұхамеджанов өз саласы бойынша бүкілхалықтық іске белсене араласты. 1959 жылы елге оралып, Жалағаш аудандық жергілікті учаскелік милициясында, Сырдария аудандық жергілікті милиция бөлімінде жоғарғы жедел іздестіру криминалисі болып қызметін жалғастырды. Сырдария аудандық атқару комитетінде жергілікті милиция бөлімінің учаскелік милициясы, Тереңөзек аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспекторы, күзет бөлімінің бастығы қызметтерін адал атқарды.
Ішкі істер саласындағы жемісті еңбегі үшін I және II дәрежелі «Мінсіз қызметтері үшін», «Кеңес милициясының 50 жылдығы», «КСРО Қарулы Күштерінің 50 жылдығы» медальдарымен және «Милиция үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Майдангер Т.Мұхамеджанов асыл жары Гүлжахан Ермашқызымен бірге он ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Арда­гердің жолын қуған ұлдары мен немерелері де қоғамдық тәртіпті сақтау жолында қызмет етуде. Соғыс ардагері Т.Мұхамеджанов 1983 жылы дүниеден озды.
Шаған ауылындағы Есет би көшесінің тұйығы тұсынан берілген бұл көшені майдангердің ұрпақтары жарықтандырып, көше тазалығын сақтауды өз мойындарына алған. Ашылу салтанатынан соң арнайы ас беріліп, Құран бағышталды.

Майя ҚОЖАБАЙ
14 желтоқсан 2019 ж. 744 0