Ағаларыңды іздемейсіңдер...
Ерхан ағай мен Мәкең бір-біріне нағашылы-жиен. Бірде Мәкеңді редакцияға бір туыс інісі іздеп келіпті. Тойдың қамымен мәслихатқа шақыруға келген болса керек. Ол кезде Мүсілім Қалмұратұлы облыс орталығында көз ауруханасында жатқан көрінеді. Содан әлгі інісі редакцияға келсе Мүсілім аға жоқ. Ерхан ағайға жолығып, Мәкеңді сұрайды.
– Ей, сендер естімедіңдер ме?
– Нені?
– Өздерің қандай адамсыңдар, ағаларыңды іздемейсіңдер?! Ағаларың қалада ауруханада жатыр.
– Не болып қалды?
– Жаман ауру.
– Ойбай, туберкулез ба?
– Ой-й, туберкулез ауру ма, «СПИД», – депті. Содан Мәкеңнің інісінің зәресі ұшып, шығып кетеді. Барған жерлерінде «Мәкең қалада жатыр екен» деп сұраса, ешкім үндемейді екен. Аурудың жәйін сұрауға ыңғайсызданған. Содан он күн өткенде редакцияға қайта келеді. Мәкең жұмыста отырған. Інісі ақырын келіп, басын изеп:
– Аға, қалайсыз? Тәуір болып қалдыңыз ба? – дейді.
– Ә, не болып қалды?
– Сізді қалада ауруханада жатыр деді ғой.
– Мен қалаға алты айда, бір жылда барып көзімді емдетіп аламын. Ота жасатқанмын ғой.
– Ойбай, аға, сондай ма? Мен әнеугүні келгенде Ерхан аға Сізді жаман аурумен ауырып жатыр дегенге зәрезап болып едім. Сондай екен ғой.
– Е, ол айтады. Айтатын жөні бар. Өйткені, ол бізге туған жиен, – депті Мәкең.
Е.БЕРКІНБАЕВ