Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРХАН АҒАЙДЫҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ

ЕРХАН АҒАЙДЫҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ

Аудандық газетке алғаш келіп, қолыма фотоаппарат ұстағанымда әріптес ағалар ауданға белгілі фото-тілші Ерхан ағайдың ерекше өнерін айтты. Қолынан фотоаппаратын тастамай, тосыннан түсірген суреттері сол бір қуанышты кездерді қаз-қалпында жеткізеді екен. Газет архивіндегі сондай суреттерді қолыма ұстатқанда оған анық көзім жетті. Ерхан ағайдың өзін көрмесем де сол суреттері арқылы ол кісіні танығандай болдым. Тіпті, аудандағы тіршіліктің бәрін қалт жібермей суретке түсіріп, тарих еншісіне қалдырып кеткендей. Бұл ерекше бір таланты болса, ол кісінің айналасын қуанышқа бөлеп жүретін қасиеті де бар екен. Сол газетке келгеннен Ерғали Әбдіхалықовтың (көпшілік шын есімін біле бермейді) қызықтарын әріптестер, ардагер ағалар үнемі айтып келеді. Кез келген жерде көпшілікпен тез тіл табысып, әзілдесіп, қалжыңдайтын кездері көп екен. Биылғы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 80 жылдық мерейтойына орай марқұм Ерхан ағайдың сол қызықтарын топтастырып бергенді жөн көрдік.
Құда шақырамын ғой...

Ардагер журналист Мүсілім Қалмұратұлы Ерхан ағаймен қызметтес болған. Бір күні газеттің техникалық қызметкері Орынкүл Жұманазарова екеуі әріптестерге дастархан дайындайтын болыпты. Қуаныштары қатар келіп қалған болса керек-ті. Қос қуанышты екеуі кафеге жасауды ұйғарады. Сөйтеді де Тереңөзек кенті орталығындағы бір кафемен келісіп, арнайы дастархан жаяды. Тиісінше, әріптестер келіп қуанышпен ортақтасып, өздерінің тілектерін айтады. Барлық тілек айтылып болып, кафеден шығар сәтте Ерхан ағай:
– Е, Магамай, жолымыз бір, жүр кеттік, – дегенде Мәкең:
– Қазір есептесіп алайын, – дейді.
Есептессе, ішкен-жеген тағам 5000 теңге болыпты. Мүсілім Қалмұратұлы мен Орынкүл Жұманазарова 2500 теңгеден төлейтін болып келісіп, сыртқа шықса Ерхан ағай күтіп тұр екен.
– Ә, қанша болыпты?
– 5000 теңге.
– Жаңағы жеген шикі мантымыз 5000 теңге ма? Мен 5000 теңгеге құда шақырамын ғой, – депті.

Е.БЕРКІНБАЕВ

05 сәуір 2019 ж. 1 063 0