КЕРІК ЖЕГЕН СЫР ТАЛЫ
Облыс төңірегінен шығып, өзге аймаққа бара қалсаң ел-жұрт «Қызылордада ағаш өседі ме?» – деп жатады. Көздерімен көрмеген соң бұл жақты теп-тегіс тақыр деп ойлайтын стереотип қалыптасып қалған. Әйтпесе, Сыр өңірінде ағаштың түр-түрі өсетіні баршаға аян. Оның ішінде, осы өңірге ғана тән Сыр талы – мықты ағаштардың бірі. Облыстың қолөнер шеберлері аталмыш ағаштан түрлі бұйымдар жасап, жұртшылықты тәнті етіп те жүр. Осыған қатысты жақында ауданға белгілі азамат Марат Омаров қызықты оқиға айтқан болатын.
2006 жылдың жазы. Ол кезде Мәкең Қалжан ахун ауылында әкім. Сол жаздың жайма шуақ бір күнінде үйіне екі дорба ұстаған бір жігіт келіпті. – Ауыл әкімісіз бе? – дейді әлгі жігіт сұрақты төтесінен қойып. Сырт жақтан келгенін аңғарған Мәкең әкім екенін айтып, қонаққа құрметін жасайды. Үйіне кіргізіп, ас-суын беріп, мейманмен танысады. Сөйтсе, арнайы іздеп келген кісі Алматы қаласындағы хайуанаттар бағының зоотехнигі екен. Бұл жерге әдейілеп келген. Әңгіме үстінде зоотехник келген шаруасын айтып, шарасыздықтан жолға шыққанын жеткізеді.
Ол кезеңде шет мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнаған уақыт. Өзге ел Президенттерінің Мемлекет басшысына деген құрметі бөлек. Міне, сол шақта Африка мемлекетінің Президенті Қазақстан Президентіне үш керікті сыйға тартыпты. Бұталы, сирек орманды, жазық далалы жерді мекен ететін жануар дүние бөлігі саналатын Африка құрлығынан Алматы қаласына әкелінген. Үшеуі де хайуанаттар бағына жеткізіліп, арнайы бақылауға алынады. Басы өте үлкен емес болғанымен, мойны ұзын керікті қызықтаушылар қатары көп. Алайда, дала керігі саналатын жануарды қоректендіру хайуанаттар бағы қызметкерлеріне бара-бара қиындық келтірген көрінеді.
Әуелде кәдімгі шөп, ағаш жапырақтары беріледі. Онымен ерекше жануарлар дұрыс қоректенбеген. Қорегі дұрыс болмағандықтан жануардың күйі де қаша бастайды. Ақырында, үш дала керігінің біреуі өліп қалған. Содан хайуанаттар бағы қызметкерлері ұзын мойынды жануардың азығын зерттейді. Африка мемлекетіндегі мамандармен тілдесіп, қорегін анықтайды. Сөйтсе, керік азық ететін ағаш жапырағы Сыр бойында өсетін Сыр талының жапырағымен сәйкес келеді екен. Соны біліп, зоотехник Қызылордаға арнайы келген. Бұл жаққа жеткенде жолшыбай біреу Сырдария ауданындағы Қалжан ахун ауылында Сыр талының арнайы бағы барын айтып, жөн сілтеп жіберіпті. Сол бұйымтаймен келгенін айтып, мейман қос дорбасын көрсетеді. Біреуі қайшы мен жіпке толы болса, екіншісі толған ақша. Қайшы мен жіпті әкелгені Сыр талы жапырағын жарты мертдей етіп жіңішке шыбығымен кесіп, кәдімгі сыпыртқы тәрізді байлау қажет. Оны бір ай кептіру де керек. Ал ақша сол жұмыстың еңбекақысы.
Шаруаны естіген соң Мәкең мейманды баққа ертіп апарады. Ауылда сегіз бақ бар. Онда жайқалған ағаш, бірыңғай Сыр талы өсіп тұр. Оған қарайтын жауапты адамдары да бар. Қуандық, Дәулет, Сәрсенбай, Фатима секілді баққа жауаптыларды жинап, ауыл әкімі мән-жайды түсіндіреді. Дәл сол уақытта дария арнасынан тасып, ауыл іргесін су алған кез. Ауыл тұрғындарының тұрақты жұмысы да болмаған кезең. Халық мектепке баратын балалар киімін қамдау қажет. Тұрмыстық тауқымет тағы бар. Осындай шақта ауыл халқы бір дорба ақшамен келген мейманның жұмысын тындырып беруге қам жасайды.
Ал зоотехник болса әр бума үшін беретін ақысын тұрғындармен келіскен. Келісілген соң ауыл әкімі сегіз бақтың жауаптыларына ақшаны тең бөліп, барлық жұмысты қағаз жүзінде іске асырады.
– Балалар қойсын ба? Бәрі Сыр талына өрмелеп шығып кетті. Таңнан кешке дейін ағаш жапырағын буып жинайды. Оны өткізіп, ақшасын алады. Сөйтіп, әр бақтағы жапырақ бір айдың ішінде сыптай болды. Тал ұзына бойы өсіп тұр. Бірақ жапырағы жоқ, – дейді Мәкең.
Бәрін жинастырып болған соң ауыл әкімі әлгі кісіге хабар береді. Ол екі «Даймон» көлігімен келген. Содан кептірілген Сыр талы жапырағын тией бастайды. Алғашында, ағаш шыбығын түйірлеп санаған. Қайта-қайта жаңылысқан соң бәрін бірден тиеп, керік азығын қос Камазға нығыздап тұрып толтырып әкетеді. Осылайша, ауыл балалары бір ай еңбектеніп, мектепке киімдерін дайындап алған. Сыр талы жапырағын жануарға қалай беретінін сұрағанда, байланған буманы хайуанаттар бағындағы ағаштарға іліп қояды екен. Дала керігі сонымен қоректенетін көрінеді.
Келер жылдың көктемі. Мамыр айының кезі. Бір күні Мәкеңнің көзі бақтағы талдарға түсіп кетеді. Жапырағы жоқ. Есік алдындағы ағаш әлдеқашан көктеген. Бірақ сегіз бақ сол күйі сыптай болып тұр. «Бұған не болды екен» деп күнделікті бақылап, уайымға түседі. Сегіз бақты күнде аралайды. Апта өткеннен кейін Сыр талы ақырындап бүршік ата бастайды. Әйтеуір, бақтағы ағаш жапырағы бір айдай кеш шыққан.
– Алла тағаланың құдыреттілігі ғой. Одан бөлек, ағаштың да қасиеті бар ма деймін?! Байқап қарасақ, қарға қонған ағашта жапырақ болмайды екен. Сол ағашқа жапырағын төсеп ұя салады, қоректенеді. Айналасы екі-үш жылдың ішінде ағаш қурай бастайды. Сол сияқты бір жыл жапырағын алып едік, ағаш ренішін білдірді, – дейді белгілі азамат.
Келер жылы әлгі алматылық зоотехник тағы келген. Қолында сол баяғы қос дорба. Алайда, Мәкең мән-жайды түсіндіріп, бақтың ағашына тиісуге болмайтынын айтқан. Қанша үгіттегенімен киелі топырақта өсетін Сыр талының тіршілік тіні екенін ескертіп, қасиетін ұқтырған. Кейіннен бақтың ағашы бұрынғыдай жайқалғанда Мәкең «Көңілім содан кейін жайланды» – дейді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ