АСЫЛ ҚАСИЕТ АТА-БАБАДАН
"Өлі риза болмай, тірі байымайды" деген қазақта қанатты сөз бар. Сол айтқандай, өткен жексенбіде Сәкен ауылында Сейтмұратовтар мен Қалыбаевтар әулеті өмірден өткен ата-әжелеріне арнап ауылдық мешіт асханасында ас берді.
Ізгі шара аруақтарға құран бағыштаумен басталды. Игі жақсылар, ауыл ардагерлері Өлмесек Қорықбайұлын, Қалыбай Сейтмұратұлын, Рабиға Кіребайқызын, Ағайша Ұзаққызын еске алып, естеліктер айтты. Ауданның «Құрметті азаматы» Р.Баймен: – Өлмесек елге тұтқа болған, ауылдың абызы атанған әкеміз еді. Жасы 80-нен асқанша шаруашылық жұмысына қолқабысын тигізіп, жастарға бағыт-бағдар беріп отырды. Ешкім оның алдын кесіп өтпейтін. Аузы дуалы жан еді. "Алла сүйген құлына ұзақ жас береді" дегендей 96 жасқа келіп, дүниеден озды. Ауылдаспыз, ағайынбыз,Өлмесек әкемді зерттеймін ғой баяғы. Сөйтсек бұл кісіге тектілік ата-бабасынан дарыған екен. Әкесі дәулетті кісі болыпты. Елге сыйлы Өлмесек қарт ауылдың әділ биі болды. Рабиға анамызда отағасына лайық ажарлы, ақылды, қазаны оттан түспейтін қолы ашық, жомарт жан еді, – деді Рақымжан ақсақал. Осындайда Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында айтылған: " Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанамызға сіңген бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек" деген уәлі сөзі еріксіз еске түседі.
Аста Өлмесектің інісі Қалыбай мен келіні Ағайша туралы ауданның шежіре қарты Қосанақсақалбіраз сыр шертті. – Қалыбай колхоз кезінде алғашқы ХТЗ тракторын жүргізді. Ауданда техниканың тілін білетін екі адам болса, соның бірі Қалекең еді. Бір өзі темір тұлпарымен екі колхоздың жерін жыртатын. Колхоз жұмысында жары Ағайша Стахановшы болды,– дейді өткен жылдардың куәгері Қосекең. Сәкендік Қалыбай Сейтмұратов Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, соғыста танк жүргізсе, жауды жеңіп елге оралғаннан кейін колхозда трактор тізгендеді. Әкеге қарап ұл өсер дегендей, ұлдарының барлығы Қалыкеңнің жолымен жүрді. Сақыбай қырық жыл механизатор, Сақыбек қырық жыл жүргізуші болып бүгінде зейнетке шықса, Баян биыл күрішші-механизаторлықтан зейнеткерлікке дайындалуда. Ал, кенже ұлы Мейрамбек кезінде бригада, шаруашылық басқарды. Қазір жеке қожалықтың иесі.
"Орнында бар оңалар" дегендей абзал жандардың ұрпақтары бүгінде үлкен бір әулетті құрап, бақытты ғұмыр кешуде. Ұрпақтар сабақтастығы мен ата-баба жолын қуып қоғамға пайдаларын тигізіп келеді.
P.S: Астан кейін ұлттық ойындар ойнату ежелден келе жатқан дәстүріміздің бірі. Сейтмұратовтар әулеті ауыл шабандоздарына көкпар берді. Түстен кейін басталған ұлттық ойын қызығы қас қарайғанша басылмады. Көкпаршылардың көпшілігі салымға ие болды. Ауылда жиын-терім аяқталғаннан кейін арқа-жарқа болып көкпар тарту осы астан бастау алды. Қуанышты күндеріміз көп болсын.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ