ХАЛЫҚ ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛДЫ
«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деген Ахмет Байтұрсынов сөзін үнемі жадында ұстаған атымтай жомарт азаматтар қатары ауданымызда жетерлік. Ауылдағы ағайын-
ға барынша қол ұшын созып, ел игілігі жолында елеулі қызмет етуде. Жарқын істерімен жаңашылдыққа ұмтылған олар ел арасында жүріп, табАндылығымен абырой биігіне шығады.
Қашанда халық тілегі мен үлкендер батасынан серпін алатын олар әрдайым көмекке мұқтаж жандар қасынан табылуға даяр тұрады. Сондықтан өздері еңбек етіп, табыс тауып отырған елді мекеннің әлеуметтік жағдайына назар аударып, кем-кетігін түгендеуге атсалысатыны айтпаса да түсінікті. Осы орайда бұрнағы күні Сәкен Сейфуллин ауылында «Сәкен Сейфуллин Жер» ЖШС-нің тікелей бастамасымен тұрғындарға арналған «Қоғамдық монша» ашылды.
Шара барысында ауыл әкімі М.Қаратаев сөз сөйлеп, бұрынғы монша тозығы жетіп, бірнеше жыл бұрын іске жарамсыз болғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар қазіргі тұрғындарға пайдалануға берілген моншаның жұмысын оңтайландыру жөнінде айтты. Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Б.Есназар, «Бесарық» ЖШС-нің төрағасы М.Сәрсенбаев, ауыл ардагерлері Қ.Нәбиев, А.Баймұратов, С.Тоқсейітов моншаның тұсауын кесіп, ақжарма тілектерін жеткізді. Жан тазалығы адам үшін басты орында екені хақ. Қашанда бірлігі жарасқан ауыл халқы аталған жұмысқа оң бағасын беріп, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
«Сәкен Сейфуллин Жер» ЖШС төрағасы О.Саймағанбетов бастаған ұжым моншаның құрылысын сәуір айында бастап, осы күні пайдалануға берді. Негізінен монша бір мезетте ер және әйел 10 адамды қабылдай алады. Мол қаражат құйылған монша қызметіне ауылдың 2 тұрғыны қамтылған. Сондай-ақ, тазалық, гигиеналық тәртіп қатаң сақталған. Кіребіріс бөлігінде кезек күткен және ыстығын басқан кісілерге дем алуға жағдай жасалған. Ал, арнайы шомылатын, ыстық буда отыруға арналған бөлмелер жасақталған. «Қоғамдық монша» ауласы кең. Болашақта бұл жер абаттандырылып, көгалдандырылмақ.
Ашылу салтанатынан кейін ауылдық мұсылмандар мешіті жанындағы асханада ас берілді. Мұнда ауыл тұрғындары игілікті бастамаға себепші болған азаматтарға алғысын жеткізді. Содан кейін ардақты аналар мен ақсақалдар осы күнгі шаруашылық жұмысын жоғары бағалап, бұрынғы тарихты қозғап, естеліктер айтты. Бұдан бөлек жиналғандар ата-баба рухына құран бағыштады.
Б.ОРДАБЕКОВ