Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ БІЛІМ ОШАҒЫ

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ БІЛІМ ОШАҒЫ


Өмірде өз орнын тауып, бір-бір кірпіш болып қалану үшін кез келген адам білім ошағынан түлейтіні анық. Ғалым да, шахтер да, әкім де, хакім де шыққан мектеп бар білімнің бастауы болып, үлкен өмірге жол сілтеуші, толық адам болып қалыптасудың шамшырағы. Қолға қалам ұстатып, жазу-сызуды үйрететін кез келген білім ордасының тарихы тереңнен қаузалады. Соның ішінде, ауданға қарасты Аманкелді ауылындағы мектеп тарихы ғасырға жуық уақытты қамтиды. Нақтырақ айтсақ, №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің 95 жылдық тарихы бар.
Ауыл мектебінің алғашқы іргетасы 1923 жылы қаланған. Алғашында «Зіңкетер» деп аталған мектептің негізін қалаушы – Абдолла Ағайдарұлы. Сол кезде ол Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының соңғы курсында білім алып жүрген. Өзі Ғани Мұратбаев, Сара Есовалармен таныс-біліс болып, Орта Азияда комсомол қозғалысына атсалысқан. Абдолланы жақсы таныған Ғ.Мұратбаев оған ауылда мектеп ашуды тапсырады. Институтты бітірісімен елге келген жас маман мектеп ұйымдастыру ісін қолға алыпты. Білім бұлағы болған мектеп қабырғасы асармен тұрғызылған. Елде ағарту жұмыстары жүреді деген соң Абдолла бастаған игі істі Қылышбай Бисенбайұлы, Махамбет Сенбіұлы, Шонжарбайұлы, Ағайдар Шалжанұлы секілді азаматтар бір-бір қарадан беріп, мектеп үйін салуға қол ұшын тигізеді. Білім ошағының сұлбасы қазақ ағартушысы Ы.Алтынсариннің мектеп үлгісімен салынғанға ұқсайды. Ұзындығы 30 метр шамасы, ені 25 метрден астам. Оның тұрқы «Е» әрпіне ұқсас. Көпшіліктің айтуынша, зіңкетерліктер сары кірпішті елді мекенде күйдіріпті. Алғашқыда мектептің төрт бөлмесі салынса керек. Кейіннен қосымша сыныптар қосылған. Мектеп құрылысын Әбубәкір Қалыбаевтың Қызылордадағы Валентин Живков деген досы жүргізіпті.
Бастауыш мектеп ашылғаннан кейін мұнда Киров, Айдарлы, Жас қайрат, Жаңа тұрмыс, Құлшығанақ, Қызылту елді мекендерінен балалар келіп оқыған. Білім ордасында Құлмағанбет Қоңырбаев, ағайынды Шәріп, Ғаріп Мақсұтов, Валентин Живков (комсомолдарға орыс тілінен дәріс берген) ұстаздық етіп, оқушылардың сауатын ашқан. Олар күндіз шәкірттерге сабақ берсе, түнде сауаттандыру мектебінде білім берген.
1924 жылы «Зіңкетер» мектебінде үшінші ауылдық Кеңес бойынша (қазіргі Амангелді ауылы) 17 қыз бала оқуға тартылады. Қаныш Ағайдарқызы, Өтек Құлманов, Яқия Ешімов, Әубәкір Жүсіпов, Дәуренбек Қылышбаев, Төлеген Кішкенбаев, Сүлеймен Әйімбетов, Айша Оспанова, Шерәлі Беркіновтер 1923-27 жылдары мектепте оқыған алғашқы түлектер еді. 1936 жылы мектеп жетіжылдық болды. Одан соң «Зіңкетер» мектебі Қайырсуатқа көшіріліп, Қызылтудағы онжылдық мектепке айналған.
Қызылту орта мектебінде 1940-41 жылдары Т.Базарбаев, ал 1946-47 жылдары Д.Баймаханов директорлық қызметті атқарды. Осы мектеп түлегі Айзонов аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім атанған. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тотай Тұрлығұлов, Сырдария аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болған Күлшара Рахметова және Гүлсара Кішкенбаева, Әуезхан Ысқақовтар білім ошағының алғашқы қарлығаштары болып, түлеп ұшқан.
Қызылту мектебі 1950 жылы Ленин атындағы колхозға көшірілді. Осы жылдан бастап В.И.Ленин атындағы №42 мектеп болып өзгерді. Ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар бірігіп, қам кесектен «Т» әріпіне ұқсас 13 бөлмелі мектеп үйін тұрғызған. Кейін қосымша бөлмелермен толыққан. Білім ордасында Ленин, Калинин, Қызылту, Киров, Айдарлы, қазіргі Жетікөл елді мекендерінен келіп 307 бала оқыған. Оларға 15 мұғалім сабақ берді. Ол кезде мектеп директоры Шәмші Көшекбаев, оқу ісінің меңгерушісі Мұсахан Жұмабеков болған. 1951-52 оқу жылында 370 оқушы білім игерсе, 24 мұғалім жемісті еңбек еткен. Жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беруде Бекежан Омаров, Тыныштықбай Ахметов, Күлзипа, Бибігүл, Зейпін, сондай-ақ, ардагер-ұстаздар Сүлеймен Жаманқұлов, Нұрмағанбет Көлдеев, Ержігіт Сейдахметов, Елғон Қосанов, Әбдікәрім Абдоллаев, Мүкәш Жүсіпова, Қапан Аяшов, Маржан Шақкөзова, Патыма Рахманқұлова, Шолпан Бошаевалардың есімі мектеп тарихымен сабақтас.
1965 жылы ақпан айында Қызылорда қаласында күрішшілердің облыстық ІІ слеті өткен. Слеттің жұмысына Кеңес Одағының екінші ғарышкері Герман Титов қатысып, Аманкелді атындағы совхоз орталығында мектеп оқушыларымен кездеседі. Содан кейін ғарышкердің ықпалымен 1965 жылы 320 орындық мектеп үйінің іргетасы қаланып, ол 1968 жылы 1 қаңтарда пайдалануға беріледі. Сол оқу жылында оқушылар 600-ге жуықтап, білім алушылар саны артқан. Жалпы, 1948-88 оқу жылдар аралығында аталмыш мектепті 2000-нан астам оқушы бітіріп, ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, ауыл шаруашылығы мамандары шыққан. Бұл білім ошағында ең ұзақ директорлық қызметті абыроймен атқарған «Қазақ ССР-і Халық ағарту ісінің озық қызметкері» Шәкен Байжанова. Ардагер-ұстаз 1963-1991 жылдар аралығында мектеп ұжымын басқарып, өзінің біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген.
Аманкелді атындағы совхоздың еңбеккерлері облыстық кеңестің депутаттығына сайланған Қазақстан компартиясы Қызылорда облыстық партия коммитетінің бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековке аманат ретінде жаңа мектеп салу тапсырылған. Сол кісінің көмегімен ауылда қазіргі үлкен мектеп жаңадан бой көтерді. 1986 жылы 1 қыркүйекте 624 орындық жаңа типті мек­тепті колхозаралық құры­лыс мекемесінде Қаз­ақстан компартиясы ХVІ съезінің делегаты Иван Иванович Шаблинскийдің басқаруындағы бригада пайдалануға берді. И.И.Шаблинский мектеп үйінің символикалық кілтін мектеп директоры Ш.Байжановаға тапсырған. Қуанышты мерекеде Қазақстан Компартиясы бірінші секретары Н.Ергешбаев мектеп үйінің алқызыл лентасын қиды. Сол жылдардағы совхоз директоры Нұрман Жұндабеков, оқушылыр комсомол комитетінің секретары Гүлсара Аяшева, мектеп директоры Шәкен Байжанова мектеп үйін мерзімінде іске қосуға атсалысқан мекемелерге алғысын білдірген.
Мектеп үйі жаңа типтік жобамен салынған. Екі қабаттық зәулім мектепте жақсы жабдықталған ондаған пән кабинеттері, оқу шеберханалары, спорт залы, кітапхана және акт залы бар. Мектеп үйінің жанында жылыжай пайдалануға беріліп, оқушылар қыста да, жазда да көкөністер мен әсем гүлдер өсіріп отырды.
Жылдар өткен сайын №42 орта мектеп өсіп-өркендеді. Оның киелі қабырғасынан көптеген өрендер білімге сусындап, қанат қақты.
1995 жылы Сыр сүлейі, айтыскер ақын, мектепте ағартушылық қызмет атқарған Қуаныш Баймағанбетовтың 100 жылдығына орай ауыл тұрғындарының және Ленин ауылдық кеңесі ономастикалық комиссия төрағасы ардагер-ұстаз Сүлеймен Жаманқұлов, осы комиссия мүшелері ұйғарымымен мектепке Қуаныш Баймағанбетов есімі берілді.
1991 жылдың оқу жылынан бастап №42 Қ.Баймағанбетов атындағы орта мектептің директорлық қызметіне Асылхан Дүйсебеков тағайындалды. Ол педагогикалық ұжыммен бірге қажырлы еңбегі, шығармашылық жұмыстары нәтижесінде біршама игі жұмыстарды атқарды. Мектеп директорының басшылығымен мектеп ұжымы оқу-тәрбие процесін жетілдіру, дамыту мақсатында оқытудың нормативті тәсілін кеңінен қолдану, мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін арттыруда, жаңа технологиялық құрылғыларды пайдалану, дарынды балаларды табу, олармен жүйелі жұмыс жүргізу, оқушылардың елжандылық сезімін ояту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандырған. Осы жылдар аралығында білім ошағы республикалық деңгейде талай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 1996 жылы қазан айының 26 жұлдызында Алматыдан қуанышты құттықтау жеткен. Республика бойынша 200 мектеп байқауға қатысып, оның ішінде облыстан 2 мектеп жеңімпаз деп танылыпты. Соның бірі – осы мектеп. Сондай-ақ, 1996 жылы «Жалпы білім беру мазмұнының жаңа моделі» тақырыбындағы республикалық семинар кеңесінің, Халықаралық «Сорос-Қазақстан» қоры байқауының жеңімпазы атанды. 1996-97 жылы облыстық «Жыл мектебі» атағы берілген. 2000-2001 жылы «Жылдың ең үздік мектебі», «Сорос-Қазақстан» байқауының жеңімпазы және 2001 жылы «Республикалық таңдаулы мектеп» байқауының лауреаты. А.Дүйсебеков 2017 жылға дейін мектепті басқарып, құрметті еңбек демалысына шықты. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап мектеп директоры лауазымына оқу ісі жөніндегі орынбасар Иса Жақыпұлы Әбдіқалықов тағайындалды. Дегенмен, білікті ұстаз ойда жоқта өмірден озды. Ол кісінің осы мектепке жасаған еңбегі зор еді.
Тарихы тереңде жатқан мектеп 2016-2017 оқу жылының сәуір айында мектеп-лицей мәртебесіне ие болды. Биылғы оқу жылында мектеп-лицейде 492 оқушы тәлім алды және мектеп алды даярлық тобында 28 оқушы білім игерді. Білім ошағында 66 педагог жұмыс жасайды. Ауылда білім көкжиегінің өркендеуіне Мырза Жұмабеков, Қайролла Жүсіпбеков, Базарбай Құланбеков, Ләззат Мәлікова секілді ардагер-ұстаздардың қосқан үлесі зор. Олардың ізін жалғап қазіргі таңда Б.Мырзанова, Д.Сайдова, П.Миянова, Е.Құлымбетов, Ө.Жақашов, К.Ибадуллаева, Р.Әбуова, Ә.Сейітмұратова, Ш.Жансейітова, А.Ермашова, К.Оспанова, Г.Айбытова, Г.Сейдалиева, Г.Иманбердиева, М.Бегайдаровалар жемісті еңбек етуде. Осы ұстаздарымызбен бірге орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болған Ж.Ибрагимованың еткен еңбегі ерекше еді.
Мектеп тарихының 95 жылдығына орай әр түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «Сырдың сұлу Сүлейі», «Сырды жырлаған ақын», «Сыр сүлейлерінің алтын көпірі» тақырыбымен шаралар өтіп, Қ.Баймағанбетовтың өмірі мен шығармашылығы дәріптелуде. Мектептің мерейлі, белесті жылы білім ордасы үшін толағай табысқа толы жыл болды. Мектеп бітірген 21 оқушының 17-сі ҰБТ-ге қатысып, орташа балы 92,6 болып, аудан бойынша үздік көрсеткіш көрсетсе, оның 16-ы мемлекеттік грант иегері атанып, мектеп абыройын асқақтатты. Білім ошағы ұжымы айтулы 95 жылдықта осындай жетістікке жетіп отыр.
Белгілі ақынның атымен аталатын мектептің тарихы осындай. Бұл мектепте көптеген білікті ұстаздар жастарға тағлымды тәрбие беріп, біліммен сусындатты. Соның нәтижесінде, көптеген түлектер үлкен өмірге қанат қағып, сан салада жұмыс жасауда. Олардың ішінде, елге елеулі қызмет етіп жүрген тұлғалар бар. Олардың жеткен жетістігі осы мектеп қабырғасында алған білімінің нәтижесі. Тарихы кенен білім ордасы аудандағы іргелі мектептердің бірі ретінде алдағы оқу жылына да зор дайындықпен келіп, жас ұрпаққа сапалы білім-тәрбие берудегі жетістікке толы жолын жалғастыра беретін болады.


Қуаныш Баймағанбетов 1895 жылы Қызылорда облысының №3 ауылында, қазіргі Аманкелді кеңшарында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 18 жасында ауыл молдасынан сауатын ашқан, арабша хат таныған. Жастайынан ақындығымен танылған. Ол мұғалімдер даярлайтын орта дәрежелі оқу орнында білімін кеңейткен.
Еңбек жолын теміржол бойында қара жұмыстан бас­тайды. Тереңөзек, Сырдария аудандарында 30 жылдан астам Қызылту, Зіңкетер орталау мектептерінде мұғалім, кітапханашы, Қызыл Отау меңгерушісі болды. 1939 жылдан Жазушылар Одағының мүшесі, 1928 жылы Қызылорда баспасынан «Кедей жыры» тұңғыш кітабы шықты. Мұнан кейін өлең-жырлары, дастандары, хикаялары көптеген кітаптарға енді, газет журналдарға басылды. 1940 жылы Мәскеу көрмесіне қатысып, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1953 жылы (23 ақпан) Республика Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Ұстаз-ақын артында өлшеусіз мұра қалдырып, 1973 жылы 28 мамырда дүние салды. Қазір Тасбөгетте, туған жері Аманкелді кеңшарында мектеп, мәдениет орыны, көше оның есімімен аталады.



Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
22 тамыз 2018 ж. 3 759 0