Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРГЕНДЕР МЫҚТЫЛЫҒЫН ТАНЫТТЫ

МЕРГЕНДЕР МЫҚТЫЛЫҒЫН ТАНЫТТЫ


Бүгінде мектеп оқу­шы­ларына алғашқы әскери дайындық сабақтары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Білім ордаларында әскери дағдыларды үйрететін пән негізінде бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Әскери іс-қимылдарды жетік меңгерген оқушылар өзара жарысып, үз­діктер қатарынан көрініп жүр.

Жақында аудандық білім бөлімі мен аудандық қорғаныс бөлімінің ұйымдастыруымен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде «Жас мерген – 2018» аудандағы барлық жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында облыстық сайысқа іріктеу кезеңі өткізілген болатын. Жарысқа «Отан» РҚБ-ның Сырдария аудандық мекемесі демеушілік жасады. Оған Ауған соғысы ардагері Т.Арсений, Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Е.Үсербаев, бөлім қызметкері Е.Зейнуллаев, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей директоры Б.Сағындық қатысты.
Жарыстың негізгі мақсаты – облысқа команда жасақтау болатын. Өз кезегінде, шара қонақтары сөз алып, оқушылардың әлеуетін байқай отырып, аудан намысын қорғайтын қыздарымызды анықтау керектігін жеткізді. Әр оқушының көрсеткішін өзара саралап, ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізген қатысушылар облысқа жолдама алатынын айтқан еді. 70-ке жуық қыздардың бәсекесінде үздік шыққан оқушылар өткен аптада облыста өткен сайыста бақтарын сынады. Ал, аудандық жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды №37 мектеп-лицей, ІІ орынды №130 Абай атындағы орта мектеп, І орынды №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп еншіледі.
Жастарды патриоттық тәрбиеге бейімдей білген ұйым­дастырушылар аталмыш жарыстың балалардың физикалық дамуына зор үлес тигізетінін, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, үлкен жарыстарға шығуға мүмкіндік алатындығын атап көрсетті.

Б.ОРДАБЕКОВ
27 ақпан 2018 ж. 2 237 0