Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп-кеме, білім - теңіз

Мектеп-кеме, білім - теңіз


Адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмытылмас сәттер болып мектепте өткізген уақыт қалатын шығар. Мектеп-білім айдынындағы үлкен кеме. Осы кемеде он бір жыл уақытты әр бала өткізеді.
Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, он бір жыл бойы білім алып, таудай болып шығамыз. Алғашқыда мектепке келіп әрбір әріпті, әрбір санды жазып үйрену қалай қиынға соққан еді? Уақыт өте бәрі өзгерді. Жазуды да, оқуды білмейтін титімдей балалар биылғы мектеп бітіру туралы атестатты қолдарына ұстап, үлкен өмірге жолдама алады. «Қашан ғана осы мектепті бітіремін» деп ойлайтын кездер көп болып еді. Қазір сол мектепті бітіріп шығатынымызға өзімде сене алар емеспін. Көзді ашып-жұмғанша уақыт тез өтті де кетті. Соңғы қоңырау осы жылы біз үшін расында да соңғы рет соғылады. Сонша асығып бітіргім келген мектебіммен қимастықпен қоштасатын боламыз. Мектеп қабырғасында өткен қайран уақытты бағаламаппыз. Мектеп қабырғасында өткізген әрбір күн, әрбір қырық минут балалық шағымның балғын уақыты болып қала бермек. Мектеп үлкен отбасы, ұстазымыз – біздің ақылшымыз, анамыз, сыныптастарымыз – жақын досымыз. Мектеппен қоштасу балалықпен қоштасу. Мектепте біздер шынайы достар таптық, білім алып, өмірді үйрендік. Мектеп бізге тірек болып, жылулық пен бақыт сыйлады. Ал ұстаздар болса бізге үйретуден еш жалықпады. Мектепте өткен уақыт адам өміріндегі шаттыққа толы кездер. Дәл осы кезден есімізде ең жарқын естеліктер болып қалады. Кейде бірінші сыныпта оқитын балаларға қарап, өзім де қайтадан сол шақтарға оралғым келеді. Басымнан қайтадан бастауыш сыныптағы қызықтарды өткізгім келеді. Өз мектебімді шын мәнінде жақсы көремін. Осында өткізген әр қырық минутты сағынатын боламын. Талғат Қозыбаев атындағы 131 орта мектепті бітірген түлектердің бірімін. Мектебімен қимастықпен қоштасатын түлекпін. Арада біраз жылдар өтіп, мен, менің сыныптастарым үлкен азамат болып, әр қайысымыз әр жолмен кетеміз. Бірақ арада қанша жыл өтсе де, қанша жасқа келсек те, қандай маман болсақ та балғын балалық шақтарымыз өткен алтын ұя – мектебіміз жүрегіміздің төрінде болатыны анық. Мектебім маған үлкен өмірге жолдама берді, үлкен өмірге дайындады.Енді мектебім мен үшін жауапты емес, бірақ мен мектебімнің алдында әлі қарыздармын.Мектебімдегі барша ұстаздарыма алғысым шексіз.Сол кісілердің берген білімдерінің арқасында бүгінде грант иегері атанып отырмын.Ендігі жолы алдыма үлкен мақсаттар қойып, асқар асуларды бағындырып, елім мақтан тұтатын азамат болғым келеді. Бұл менің мәпелеп өсірген ата-анамның, ақылшы ұстаздарымның, алтын ұя – мектебімнің алдындағы борышым!

Зарина Жарболова,
№131 орта мектебінің жас түлегі
31 мамыр 2018 ж. 10 032 0