Құрыш қолды ана
Біле білген адамға қай уақытта болсын маңдай термен тапқан нанның қадірі биік. Қоғамның өсіп-өркендеуіне үнсіз үлес қосып жүрген жанның қатарында нәзік болмысына қарамастан ауыр еңбекті серік еткен аналар аз болған жоқ. Кейіпкеріміз Әликүл Ақмолдаева құрылыс саласында есімі ерекше аталады.Әликүл Әбілдақызы осыдан 68 жыл бұрын Жамбыл облысына қарасты Шу ауданында дүниеге келген. Балалық шағы еңбекке баулынған ортада өтті. Жастайынан жауапкершілікті серік етіп, қандай іске де тиянақтылықпен қарауды өмірлік қағидасына айналдырды. Тағдыр жолы оны Сыр өңіріне алып келді. 1977 жылы Қызылорда өңіріне келін болып түсіп, жаңа ортаға тез бейімделді. Жолдасы Оралбай Қасымұлымен тату-тәтті ғұмыр кешіп, шаңырақтың шаттығын еселей білді. Үйдегі отағасы әскер қатарында Балқаш қаласында азаматтық борышын өтеген. Кейін Шу өңіріне іссапармен барған кезде болашақ жарымен танысады. Әскерден оралған соң сүйіктісін Сыр еліне ертіп келіп, жаңа өмірдің негізін қалайды. Мінезі қайсар, жауапкершілігі жоғары азамат қандай еңбекке де адалдықпен қарады. Әр жылдары киіз өндіру цехында киіз басушы болып еңбек етіп, отбасының берекесін арттыруға өз үлесін қосты.
Ардақты ана ПМК-49 құрылыс мекемесіне сырлаушы болып жұмысқа қабылданады. Сол кезеңде Сырдария ауданындағы Аманкелді ауылында жаңа тұрғын үй көптеп салынып жатқан еді. Құрылыс қарқыны күшейген шақта ер азаматтармен қатар еңбек еткен нәзік жанның табандылығы көпшілікке үлгі болды.
Сырлау жұмысы сырт көзге жеңіл көрінгенімен, үлкен ұқыптылықты, төзімділікті және дене күшін талап етеді. Қабырға әрлеу, үйдің ішкі-сыртқы келбетін көркейту – күнделікті атқаратын міндетке айналды. Әр нысанның сапалы аяқталуына бар күш-жігерін жұмсады. Жолдасы екеуі 1992 жылға дейін құрылыс саласында тынымсыз еңбек етті. Осы уақыт аралығында талай тұрғын үйдің бой көтеруіне үлес қосып, ауылдың сәулетті келбетінің қалыптасуына атсалысты. Сол үйлердің көпшілігінде бүгінгі күні бірнеше буын ұрпақ өсті. Әр шаңырақтың қабырғасында еңбек адамының маңдай тері мен адал еңбегінің табы жатқаны мәлім.
Әзиз ана отбасында үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Ана үшін еңбек пен бала тәрбиесін қатар алып жүру үлкен жауапкершілік. Таң атқаннан кеш батқанға дейін құрылыс алаңында жүріп, кешкілік отбасының қамын жасап, перзенттерінің тәрбиесіне көңіл бөлу – қажырлы еңбек пен аналық мейірімнің үйлесімі.
Құрылыс жұмысы аяқталған соң да тыным тапқан күні аз болатын. Туыс-туғанның, ағайынның баспана тұрғызу жұмысына қолғабыс жасап, кешкі уақытта қабырға сылап, кесек құюға қатысатын. Жақындарының қуанышына ортақтасу, қолынан келген көмегін аямай ұсыну – оның адами болмысының жарқын қыры. Кесек құю, сылақ сылау, лай көтеру – бейнеттің бейнеті. Ауыр жұмыста ешбір мұқалмаған ардақты ананың табандылығына тәнтіміз.
Нәзік жан болғанымен, қайсарлығы талай жанға жігер сыйлады. Ер азаматының жанында жүріп, еңбек тәртібін сақтап, өз міндетін мінсіз атқарды. Қиындыққа мойымай, төзім мен табандылықтың үлгісін көрсетті. Сондықтан әріптестері де оны ерекше құрмет тұтатын.
– Аманкелді ауылында еңбек еткен жылдарым мен үшін ең қымбат кезеңдердің бірі болып қалды. Сол уақытта салынып жатқан тұрғын үйлердің әрқайсысына өз үлесімізді қосуға тырыстық. Жұмыс оңай болған жоқ, бірақ әр үйдің сапалы аяқталып, адамдардың қоныс тойын тойлап жатқанын көру барлық қиындықты ұмыттыратын. Бүгінде ауыл көшелерімен жүріп, кезінде өз қолымыз тиген үйлерді көрген сайын ерекше қуаныш сезімі пайда болады. Сол баспаналарда бірнеше буын өсіп, бақытты өмір сүріп жатқанын білу – мен үшін үлкен марапат. Еңбек адамды шыңдайды, төзімділікке үйретеді. Сондықтан кейінгі жастар қай саланы таңдаса да, өз ісіне адал болып, маңдай термен еңбек етсе екен деймін. Адал еңбектің жемісі әрдайым берекелі болады, ал елге қалдырған игі ісің – өміріңнің ең үлкен байлығы, – дейі ардақты ана.
Бүгінде өткен күнді еске алғанда аяулы ананың бірге еңбек еткен замандастары ойына оралады. Солардың қатарында Тынымкүл мен Жақанша да бар. Құрылыс алаңындағы қызығы мен қиындығы қатар өрілген шақтар, бір-біріне демеу болған күндер, ортақ мақсат жолындағы ынтымақ – жүректе сақталған жарқын естелік десек балады.
Әликүл Әбілдақызы 53 жасында көпбалалы ана ретінде зейнеткерлікке шықты. Еңбек адамын үлкен қызмет пен биік лауазым ғана танытпайды. Адал еңбек, маңдай тер, отбасы алдындағы жауапкершілік, туған жердің дамуына қосқан үлес – адам өмірінің шынайы өлшемі. Әликүл Әбілдақызының өмір жолы осы ұғымның барлығын бір арнаға тоғыстырған тағылымды ғұмыр.
Ауылдың көркеюіне үлес қосқан әрбір үйдің қабырғасында оның қолтаңбасы қалды. Талай отбасының қоныс тойына себеп болған сол еңбектің бағасы уақыт өткен сайын арта түседі. Осындай ананың қажырлы тірлігі жас ұрпаққа еңбекқорлықтың, төзімнің, жауапкершіліктің және отбасы құндылығының мәнін ұғындырады.
Ақ жаулығын абыроймен арқалаған, аналық мейірімді адал еңбекпен ұштастырған Әликүл Әбілдақызының ғұмыры – қарапайым еңбек адамының шынайы шежіресі. Оның өмір жолы адамды биікке жеткізетін күш – адал еңбек пен маңдай тер екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










