Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек жолын көлік саласына арнаған

Еңбек жолын көлік саласына арнаған

Тамыз айының алғашқы жексенбісі – көлік қызметкерлері күні. Осы атаулы мерекелік күнді арқау ете отырып, еңбек жолын көлік саласына арнаған жандар туралы қалам тербемекпіз. Солардың бірі – ұзақ жыл бойы трактордың тізгінін ұстаған Бесарық ауылының тұрғыны Бұхарбай Бексейітов туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосқан ардақты азамат.

Бұхартөбеде 1960 жылы дүниеге келген еңбекқор жанның есімі осы киелі жердің құрметіне Бұхарбай қойылған. Отбасында тұңғышы атанған Бұхарбай Тұрақұлы көп ағайындылардың үлкені. Ауылдағы мектепті 1977 жылы бітіріп, еңбекке жастайынан араласқан. Ауыл шаруашылығында техника тізгіндеп, 17 жасында трактор айдаған. Содан араға бір жыл салып, Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен. Әскерде Венгрияда болған. Шекарада 2 жыл бойы әбден шыңдалып, туған жеріне оралады. Техникаға қызығушылығы артып, әскерден келе сала аймақтағы автомектепте білім алған. Ауылдағы шаруашылыққа араласып, ауыр техникалар тізгіндеген.

– Әкем де тракторшы болды. Күріш егіп, ауыр көліктерді басқарды. Мен үйдің тұңғышы болғаннан кейін еңбекке ерте араластым. Техниканы зерттеп, жүр­гізуге қызығатынмын. Бірде 8 сыныпқа көшкеннен кейін, оқу жылы басталғалы жатқанда мектептен шығып, училищедегі тракторшы мамандықты оқимын деп сабаққа бармадым. Мектепке қажетті киім мен заттарды анама алғызбадым. Ол кезде әкем жердің басында болатын. Сөйтіп оқу жылы басталып кетті, ал мен мектепке барғаным жоқ. Содан әкем үйге келгенде әжем шет жағасын айтқан болуы керек, маған былай деді, «Әй, Ботан! Қайтесің сен, әлі жассың. Оқуыңды оқы. Онжылдықты бітіргеннен кейін де үлгересің». Ертесі киім алып, мектепке кеттім. Қазір сол әке жолын қуғаныма өкінбеймін. Сол кісінің үйреткен білімі менің өмірлік азығыма айналды, – дейді Бұхарбай Бексейітов.

1985 жылы өмірлік жары Гүлнар Жағыппарқызын кездестіріп, отау құрған. Биыл киелі шаңырақтың керегесі кеңейгеніне 40 жыл толыпты. Бұл еңбекқор отбасында 2 қыз, 1 ұл тәрбиеленіп, өмірден өз орындарын тапқан. Қазіргі таңда Бұхарбай Тұрақұлы ұлымен бірге тұрады, зейнеттік демалыста. Тұңғышы Қуаныш – кәсіпкер, мал шаруашылығымен айналысады. Екіншісі Меруерт – шәкірт тәрбиелеген мұғалім болса, үшіншісі Көркем – мейірбике қызметін атқарады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған зейнеткер 11 немеренің атасы.

Еңбек жолында ауылдық совхозда 10 жылдай жүргізушілік қызмет атқарған. Артынша бригадаға жұмысқа тұрып, 2007 жылға дейін комбайн да, трактор да айдаған. Одан әрі совхозда механизатор болып зейнет жасына дейін еңбек еткен. Ол тек жүргізуші ғана емес, техника тілін жетік меңгерген шебер, жастарға үлгі болатын тәлімгер де болды. Әр маусым сайын егіс науқаны мен орақ кезінде көліктің дөңгелегі тоқтамайтын. Осындай тынымсыз шақта Бұхарбай секілді еңбек майталмандарының шеберлігі мен жауапкершілігі шаруашылықтың табысты болуына тікелей әсер етті. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында да уақытпен санаспай маңдай терін төккен. Ол – нағыз техника шебері. Зейнетке шыққанымен ауылдастары арасында үлкен құрметке ие. Оның тынымсыз еңбекпен байланысқан өнеге жолы көпшілікке үлгі. Нағыз жұмысшы маманның еткен еңбегі әрқашан адал.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

02 тамыз 2025 ж. 316 0