Тағдырына сын айтпаған әке
Таңның алғашқы шапағы жер бетіне төгілмей жатып-ақ егістік басы тіршілікке толады. Сол қарбаластың қақ ортасында механизатор Қанаттың маңдай тері мен табандылығы айқын көрініс табады. Қанаттың тумасынан құлағы естімейді. Келер жылы ердің жасы – елуге келетін кейіпкерімнің тілі – оның еңбегі. Ол көп сөйлемейді, сөйлей де алмайды. Бірақ оның трактор тізгініндегі қимылы, адамға деген ықыласы, маңдайынан сорғалаған тері бәрінен де артық сыр шертеді. Ол үшін әр таң – жаңа міндет, әр күн – адал еңбекке толы өмірдің жалғасы.Он жеті жасында «Қызылдихан» шаруа қожалығына механизатор ретінде жұмысқа келген Қанекең бала күнінен трактор айдауды қалады. Әкесі Жолдасбектің жанында жүріп, кең байтақ алқапта жүйткіген трактордың соңынан түзу тартылған жер бедері – механизатор еңбегінің үнсіз куәсі екенін анық аңғарады. Жаздың аптап ыстығы мен күздің қара суығы, көктемнің лайсаңы мен желі механизаторды ешқашан райынан қайтара алмайды. Оның жұмыс уақыты сағатпен емес, науқанмен өлшенеді. Кейде таңды атырып, күнді батырып, тіпті түн ортасына дейін техника тізгінінен қол үзбейтін күні аз емес. Өйткені егіннің әр күні – ырыстың күні. Ырыстың мол болуына барын салып жүрген ел ағасы тағдырына ешқашан мойыған емес.
Таң бозынан техникасын тексеріп, майын, жанармайын қарап, егістікке жол тартады. Кең алқапты кезіп, жер жыртады, тұқым себеді. Ал күзде алтын астықты ысырап етпей жинап алу үшін күннің аптабына да, түннің салқынына да қарамай еңбек етеді. Ол ешкімнен ерекше қамқорлық күтпейді. Қажетін ыммен түсіндіреді, ойын жанарымен жеткізеді. Жұмыста әріптестері де оның нені қалайтынын бірден ұғады. Өйткені Қанаттың үндемей-ақ түсінісетін ерекше қасиеті бар. Оның адалдығына, еңбекқорлығына бәрі сенеді.
Таңмен таласа егістікке аттанса, кешқұрым үйдің де берекесін келтіреді. Түздің тірлігі мен шаңырақтың шаруасын қатар алып жүріп, ештеңеге налымайтын. Бір қолымен трактор тізгінін ұстаса, екінші қолымен отбасының отын өшірмей, шаңырағының шырағын сөндірмеді. Бір қызығы, ол қайтадан үйленбеді. Жарына деген адалдықты жүрегінде мәңгі сақтары анық. Адалдық дейміз-ау, соны түсінетін жанның ерінен теріс айналғаны адамды ойландырмай қоймайды.
Біз білетін Қанатқа тағдырдың сынағы ерте келгені де. Отбасылық өмірдің тағдыры екіге айырылған тұста ұл-қызы төрт-бес жаста еді. Әлі өмірдің не екенін ұқпаған қос бүлдіршіннің тағдырына алаңдаған әке бар ауыртпалықты үнсіз мойнына алды. Сол күннен бастап ол қос перзентіне тек әке ғана емес, ана да болуға бел буды. Өмірдің дауылы оны қанша шайқалтқанымен, жігерін жасыта алмады. Даладағы ауыр еңбекпен қатар, шаңырақтың бар тіршілігін өзі атқарды. Балаларының тамағын әзірлеп, киімін жуып, мектепке дайындап, ауырып қалса қасында түнейтін де өзі болатын. Оның мейірімі мен қамқорлығы балаларына ана жылуының орнын жоқтатпауға тырысты.
Қызы бойжеткенше оған өмірдің әдебі мен ибасын, үлкенді сыйлау мен кішіні құрметтеуді үйретті. Ақылын айтып, ақ батасын беріп, ақ босағадан абыроймен ұзатты. Жалғыз ұлын адал еңбекке, қайсарлыққа, жауапкершілікке тәрбиеледі. Өз өмірінің қызығынан бұрын, олардың болашағын бәрінен биік қойды. Қанат ешқашан тағдырына өкпе артқан жоқ. Керісінше, өмірдің қиындығын еңбекпен жеңіп, бар бақытын ұлы мен қызының жетістігінен тапты. Бүгінде балаларының өз алдына түтін түтетіп, ел қатарлы өмір сүріп жатқанын көргенде, кезінде төккен маңдай тері мен көрген бейнетінің өтеуі қайтқандай сезінеді. Кейде адамды сөйлететін сөз емес, тағдыр болады. Қанаттың ғұмыры – үнсіз төзімнің, әкелік махаббаттың және адал еңбектің айқын көрінісі.
Адамның қадірі айтқан сөзінде емес, артында қалдырған ізгі ісінде. Оның үнсіз өткерген ғұмыры – балаларының бақытына айналған тағдыр жолы. Бұл – төзім мен мейірімнің, әкелік пен аналық қасиеттің бір жүрекке тоғысқан тағылымды өмірі.
Механизатор үшін трактор – жай ғана техника емес, сенімді серігі. Ол әр дыбысынан-ақ қозғалтқыштың жағдайын аңғарып, дала төсінде бұзылған техниканы өз қолымен жөндеп алады. Көктемде жердің төсін жыртып, дән сепсе, күзде алтын масақты ысырап етпей жинап алуға бар күш-жігерін жұмсайды. Оның әрбір жүріп өткен ізі – мол өнімге бастайтын еңбек жолы.
Үшінші топ мүгедегі атанып, айналасындағы адаммен тілдесе алмаған Қанекең – нағыз шаруаның адамы. Ауыр техниканы тізгіндеп, үйіне оралғанда немерелері мойнына асыла кетеді. Мейлі, ол күні бойы тыным таппай жұмыс жасап келсе де, кішкентай немересінің тәтті қылығына масаттанып, шаршағанын басады.
Қанекеңнің өмірі кей жағдайда асып-тасып, қолда бардың қадірін ұғына алмай жүрген жандарға сабақ болатыны сөзсіз. Бар қиындық артта қалады. Бастысы – әкенің балаға қамқорлығы, өмірге құштарлығы, еңселі еңбектегі табандылығы, сүйген адамға деген сеніміне селкеу түсірмеуі – әр адамның санасында өшпеуі тиіс.










