Мерейлі отбасының өнегесі – бірлікте
Жыл сайын еліміз бойынша өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде жүлделі бірінші орын алған Бисеновтер отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Әулеттің үлкені Аманбек Бисенов ақсақал Асқар Тоқмағамбетов ауылының байырғы тұрғыны. Жұбайы Рәзия Бисеновамен ұлағатты ұл мен қыз тәрбиелеп өсіріп, елдің құрметіне бөленген жандар. Қадірменді қарттар 6 ұл мен 2 қыздан өрбіген ұрпағынан 25 немере мен 38 шөбере сүйіп отыр. Берекелі шаңырақта көркем тірлік бекем орнаған.Әулеттің үлкені Аманбек Әлібекұлы еңбекпен есейіп, адал қызметімен ел құрметіне бөленген, ауыл адамдарының арасында абыройға кенелген азаматтың қатарында. 1941 жылы Майлықұм ауылындағы колхозшылар отбасында дүниеге келіп, еңбек адамдарының ортасында өсіп, жастайынан еңбекқорлықты, жауапкершілікті және елге қызмет етудің маңызын бойына сіңірді. Еңбек жолын «Партияның XVIII съезі» атындағы колхозда колхозшы болып бастады. Кейін ауыл шаруашылығының әртүрлі салаларында табанды еңбек етіп, өз ісінің нағыз маманы ретінде танылды. Еңбекке деген адалдығының арқасында бригадир, күріш өсіру звеносының жетекшісі сияқты жауапты қызметтерге тағайындалды. Аманбек қарияның өмір жолы тек еңбекпен ғана емес, отбасы құндылықтарымен де ерекшеленеді. Жұбайы Рәзия Бекішқызымен бірге ұзақ жыл бойы мал шаруашылығы саласында қызмет атқарып, ауылдың дамуына өз үлестерін қосты. Ардақты азаматтың ел игілігі жолындағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Сырдария ауданының 90 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Бұдан бөлек облыс, аудан, ауыл әкімдіктерінің құрмет, алғыс хаттарының иегері. Бұл марапат еңбек адамының көп жылғы маңдай тері мен адал еңбегінің жарқын көрінісі.
– 1958 жылы колхозға қарапайым жұмысшы болып орналастым. 1958-1967 жылдар аралығында көлік жүргізушісі болып қызмет етіп, шаруашылықтың дамуына үлес қостым. 1967-1970 жылдары қойма меңгерушісі де болдым. Ал 1970-1974 жылдары өндірістік бригадир ретінде еңбек ұжымын басқарып, өндірістік көрсеткіштердің артуына ықпал еттім. 1974 жылдан бастап мал шаруашылығы саласына ауысып, бақташылардың шағын кәсіпорнын басқардым. Кейін Қаракөл совхозының сүт фермасында бригадир болып қызмет атқарып, ауыл шаруашылығын дамытуға және еңбек өнімділігін арттыруға еңбек еттім, – дейді қадірлі қария.
Аманбек Бисеновтің ғұмыр жолы – еңбек пен адамгершіліктің, қарапайымдылық пен парасаттылықтың жарқын үлгісі. Ол өз өмірін туған жерінің өркендеуіне, ауыл шаруашылығының дамуына және отбасы тәрбиесіне арнап, артында өнегелі із қалдырған ардақты азамат.
Рәзия Бекішқызы да халық сеніміне ие болып, аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. Сонымен қатар, көпбалалы ана ретінде «Ардақты Ана» орденінің толық кавалері атанды.
– Майлықұм колхозында 1943 жылы дүние есігін ашыппын, – дейді ақ жаулықты ана Рәзия Бисенова. – Балалық шағым туған ауылымда өтіп, осы ауылдағы мектепте білім алдым. Ауыл өмірінің тыныс-тіршілігіне ерте араласып, еңбекке бейім болып қалыптастым. 1961 жылы өмірлік серігіммен бас қостым. Аманбек аталарыңмен шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасының алтын діңгегіне айналдық. Жұбайыммен бірге өмірдің қуанышы мен қиындықтарын қатар еңсеріп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлдік. Бүгінде алтын құрсақты ана атанып, үлкен әулет болып отырмыз, – дейді асыл ана.
Рәзия Бекішқызы еңбек жолында ауыл шаруашылығы саласының әртүрлі бағытында абыройлы қызмет атқарды. Алғашқы жылдары күріш шаруашылығында еңбек етіп, егіс алқаптарындағы жауапты жұмыстарға белсене қатысты. 1967-1970 жылдары мал шаруашылығында бақташының көмекшісі болып жұмыс істеп, шаруашылықтың дамуына өз үлесін қосты. Кейін ұзақ жыл бойы сауыншы болып еңбек етіп, өз ісіне деген жауапкершілігімен, тиянақтылығымен және еңбекқорлығымен әріптестерінің құрметіне бөленді. Ардақты жанның саналы ғұмыры – еңбекқорлықтың, аналық мейірімнің, отбасы құндылықтарын дәріптеудің және ұрпақ сабақтастығын сақтаудың жарқын үлгісі болғанын ауылдастары жақсы біледі.
– Жас жеткіншектердің бойына отбасының қос шынары – ала таудай атасы және аналардың анасы – әженің адам өмірінде алатын орны ерекше. Ата мен әжем – менің өмірімдегі ең қымбат жандардың бірі. Атамды «Ата» деймін да, әжемді «Мама» деймін. Өйткені балалық шағымның ең жарқын сәттері солардың жанында өтті. Біз көпбалалы отбасынанбыз, менің балалық кезімде 4 ағам қатар үйленіп, жеңгелерім бір үйде біршама уақыт бірге тұрды. Атам – бригадир, әжем үй шаруасында. Таң атпай күнмен таласып жеңгелерім ерте тұрып, бригаданың тамағын пісіреді, әжем барлық жұмыстың басында, бір тынбайды, көбіне үйдің жұмысынан гөрі сырттың жұмысын істегенді жақсы көреді. Көктемде қырқылған қойдың жүнінен текемет басатынбыз, піскен тарыны келіде түйіп, диірмен тартып, талқан жасаймыз, бидайды түйіп, бидай көже жасауды да әжемнен үйрендім. Одан атам зейнетке шығып, жеке кәсіпкерлікпен диқаншылықпен айналысты. Гектар-гектар жерге картоп егеді, кауын-қарбыз, жуа-сәбіз егіп, күзде, қыста сатып, керек жарағымызды алып беретін.
Атам отбасында жалғыз болғандықтан бізді көпшіл болуға тәрбиеледі, көбіне қонақ шақырып, естеліктерді айтып, арқа-жарқа болып отырғанды ұнатады. Жастайынан еңбекке араласқандықтан танымайтын адамы жоқ, кез келген контордың есігін еркін ашатын, отырған кісілерді туыс етіп шығатын. Атамның қаталдығы мен әжемнің жұмсақтығы бір-бірін толықтырып тұрады. Бірі өмірдің қиындығына төзімді болуды үйретсе, екіншісі адамға деген сүйіспеншілік пен жанашырлықтың қадірін сезіндірді. Осындай асыл жандардың тәрбиесін көргенім – мен үшін үлкен бақыт әрі өмірімдегі ең қымбат естелік. Олардың әрбір ақылы мен өнегесі жүрегімде мәңгі сақталып, өмір жолымда әрдайым бағыт-бағдар. Атам мен әжемнен тараған әр ұрпақ бөлек-бөлек қара шаңырақ болып, үлкендердің жолын жалғап, бала-шағаларының тек рахатын көре берсін, – дейді бүгінде білім саласында абыройлы еңбек етіп жүрген ұрпағы Жанар Қойшыбаева.
Саналы ұрпақтың бойындағы асыл қасиет ата-ананың қанымен беріледі. Бүгінде білім саласында еңбек етіп, жас та болса көшбасшылық қасиетке ие болып, үлкен мінберлерден тағылымды сөз айтып, ұстаз ретінде білім мен тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетіп отырған Заманбек Аманбеков – Аманбек Бисенов ағамыздың немересі. Ұлағатты ұстаз өмірінің ең жарқын сәттерін, әрбір жетістігін отбасының үлкені ата мен әжесінен алған тәрбиесінің арқасы деп біледі. Заманбектің айтуынша балалық шағында атасының аузынан естіген әңгімесін тыңдау үлкен өмір мектебі.
– Ауылға барған сайын атамның қасына жайғасып, әр сөзін ықыласпен тыңдаймын. Өйткені ол кісінің әрбір әңгімесінде өткеннің шежіресі, өмірдің сабағы, ұрпаққа айтар аманаты бар. Ол кісінің айтқан әрбір оқиғасы жай ғана өткен күннің естелігі емес, өмірдің өзінен алынған үлкен сабақ болатын. Атамның әр сөзі ойға жетелейтін, ешқашан ақылды «балам сен мынадай бол, осылай жаса» деп міндеттеп үйреткен жоқ. Өзінің жүріп өткен жолын баяндап отырып-ақ бізге дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйретті. Қазір өзім енді ғана үлкен өмірдің табалдырығында жүрсем де, талай шешім қабылдар сәтте атамның сол сөздері еріксіз есіме түседі. Сонда ғана оның әрбір әңгімесінің уақыт өткен сайын құны арта түсетін өмірлік аманат екенін ұғынып келемін. Мен өзімді әрдайым атам мен әжемнің баласымын деп сезінемін. Ал әжеміздің жанында отырғанның өзі бір рақат. Дастарқан басындағы ақжарқын әңгімесі, шексіз мейірімі, қайта-қайта жағдайыңды сұрайтыны – балалық шағымның ең жылы естеліктері. Әжеміздің ақ орамалының астында тұтас бір әулеттің берекесі жатқандай көрінеді. Ол кісінің алақанынан алған бата мен маңдайдан сипаған мейірімі мен үшін әлі күнге ерекше күш сыйлайды. Біз ағам екеуміз ауылдағы балабақшаға баратынбыз. Әжеміз күн сайын ағамды арқасына көтеріп, мені қолымнан жетектеп балабақшаға апаратын. Үйге келген соң әжем екеуміз дойбы ойнайтынбыз. Дойбының тастары жетіспесе деп, қақпақ жинап жүретініміз әлі күнге дейін есімде. Сол қақпақтар біз үшін ең қымбат ойын құралы болатын. Әжем маған тек дойбының ережесін ғана үйреткен жоқ секілді. Әр жүрісті ойланып жасауға, асықпай шешім қабылдауға, алдағы қадамды болжай білуге баулыды. Мектепте оқып жүрген кезімде осы дойбыдан түрлі жарыстарға қатысып, талай мәрте жеңімпаз атандым. Сондай сәттерде «Дойбыны кімнен үйрендің?» деген сұрақ қойылса, еш ойланбастан: «Әжем үйретті», – деп мақтанышпен жауап беретінмін. Қазір сол шақтарға көз жүгіртіп отырсам, математик болуымның бастауында да сол әжем отырғандай көрінеді. Мүмкін, менің логикалық ойлауымның, есепке деген қызығушылығымның алғашқы дәнін әжемнің өзі сепкен шығар. Кейде өмірді өзгертетін дүниелер үлкен оқиғалар емес, дәл осындай қарапайым ғана көрінетін сәттер болады екен. Сондықтан менің бойымдағы қандай да бір жақсы қасиет болса, оның түп-тамыры ата-әжемнің берген тәрбиесінде жатыр деп сеніммен айта аламын, – дейді Заманбек Асылбекұлы.
Кеше Қызылорда қаласында өткен ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде сырдариялық Бисеновтер отбасы «Еңбекқор отбасы» номинациясымен марапатталды. Ғұмыр жолы – еңбек пен адамгершіліктің, қарапайымдылық пен парасаттылықтың жарқын үлгісі болған Бисеновтер отбасы туған жерінің өркендеуіне, ауыл шаруашылығының дамуына әлі де атсалысып келеді.











