Он бес минуттық энергия үшін, он бес жыл ғұмырыңды берме!
Тақырып – энергетикалық сусындар туралы. Адамзаттың беріде ойлап тапқан өнертабысына жататын энергетикалық сусындардың зияндылығы басым екені белгілі. Бірақ оны күнделікті тұтынатындар да бар. Бұндай «сиқырлы» су, әсіресе, түнгі мезгілде жұмыс істейтіндерге «құтқарушы» көрінуі мүмкін. Иә, дүкен сөресінде самсап тұрған әрі қолжетімді энергетикалық сусынның құрамы дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады. Кейбірінде кофеин, көмірсулар бар. Глюкоза қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын процестерге қатысады. Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағатқа сақталса, энергетикалық сусынның әсері 3-4 сағатқа дейін барады. Сіз ондай сусынды ішкен сәтте сергіп қалғандай, жаңа әрекет жасауға дайын секілді сезімді бастан кешуіңіз мүмкін. Бірақ ол ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген ақпарат еш дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, тек энергия қоздырушы болып табылады. Яғни, энергияны тек өзіңізден «қарызға аласыз». Бірақ ерте ме, кеш пе бұл қарыздың өтеуі болатыны анық. Және оны шаршағыштық, ұйқысыздық, ашушаңдық сияқты «үстемеақымен» қайтаруыңыз мүмкін.
Жалпы энергетикалық сусын құрамындағы дәрумендер мультидәрумендер кешенін алмастыра алмайды. Түрлі ауруы бар адамдарға, жүкті әйелдер мен балаларға тіпті де болмайды. Айта кетейік, Франция, Дания, Норвегия сияқты кей елдерде бұндай сусынды сатуға ресми түрде тыйым салынған. Есесіне, дәріханаларда дәрі ретінде сатылады және арнайы рецептпен ғана тағайындалады.
– Энергетикалық сусынды көп ішкенмін. Қазір дәл солай көп дәрі ішуге тура келіп тұр. Сондықтан тамақтануды да қалыпқа келтіріп жүрмін. Ас – адамның арқауы екені анық. «Не ішсең, сол боласың» деп отыратын еді бұрын апам. Қазір табиғи өнімнен гөрі осындай зиян тағамдар көп қой. Достарыма еріп, энергетикалық сусынды жиі пайдаландым. Сән сияқты көрінді. Одан кейін тәуелділік пайда болды. Біраз уақыттан кейін денсаулығым сыр берді, – деп жалғады бір танысым әңгімесін. Бұл тақырыпты қозғауға да осы кісінің әңгімесі әсер етіп отыр.
Күнде айтылып, жазылып жатқандықтан жауыр тақырып сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы сусыннан зардап шегіп, денсаулығынан айырылып жатқандар бар, тіпті айналамызда көптеп кездеседі. «Мүлде тұтынбаңыз» деп айту да мүмкін емес, бірақ энергетикалық сусынды пайдаланудың да өзіндік мөлшері бар.
Негізгі энергия көзі – дұрыс ұйқы мен табиғи тағам. Уақытылы ұйқыға жатып, ерте ояну, таза, қоспасыз тағам пайдалану арқылы күш-жігерді жинап, денсаулықты қалпына келтіруге болады. Энергетикалық сусындарды жиі қолдану ағзаға қауіпті екені медицина тұрғысынан дәлелденген. Бұл ретте «Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер» деген ескертуді де естен шығармаған абзал.
Коллаж К.Ерлепесқызынан









