Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейі артқан өнегелі отбасылар

Мерейі артқан өнегелі отбасылар

Отбасы – шағын мемлекет. Онда жан­­ұяның берекелі бірлігі мен тір­лігі, әр баланың болашақтағы қадамы қа­лып­тасады. сондықтан да Отбасы қо­ғамның іргетасы, тәрбиенің оша­ғы саналады. Жыл сайын еліміз­де «Ме­рейлі отбасы» байқауын ұйымдас­тыру дәстүрге айналды. Байқау­дың мақсаты – үлгілі отбасыларды жұрт­шы­лыққа танытып, жүріп өткен жолы мен тәжірибесін насихаттау, олардың қа­тарын көбейту. Осыған орай, ау­дан­дық мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының аудандық кезең жеңімпаздары марапатталды.

Аудан әкімдігінің, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бай­қауға ауданнан 18 отбасы қатысты. Қоғамның бас­ты негізі мен адам ғұмырының тірегі саналатын өнегелі отбасыларды аудан әкімі М.Ергешбаев құттықтады.

– Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы. Қоғамдағы әр отбасының босағасының беріктігі – мемлекет іргетасының мығым әрі кемел–дігінің кепілі. Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, зор маңыз беріп, мәнін қорғаған. Жанұяның ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, отбасы мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп отбасындағы ұрпақ тәрбиесінің маңызын айқындаған. Аудан деңгейінде өткізіліп отырған бұл мерейлі шараға қатысуға ниет білдірушілер жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Биыл аудандық байқауға кент және ауылдық округтерден 18 отбасы қатысты. Бұл отбасылардың барлығы да ұрпағына ұлағат дәнін сеуіп, ынтымағы жарасқан әулеттер. Осындай дәстүрлі құндылықтарды сақтап, балаларын саламатты өмір салтына сай тәрбиелеп отырған ауданның өнегелі отбасыларына айтар алғысымыз шексіз. Тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі өркендеп, шаңырағын биіктету жолында әрбір қазақстандық отбасына жүктелер міндеттер аз емес. Бүгінгі мерейлі мерекемен баршаңызды құттықтай отырып, әрбір отбасына жарасымдылық, шаттық тілеймін, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.

Сахна төріне байқауға қатысқан ауданның елді мекенінен келген отбасылар шығып, оларға аудан басшысы «Алғыс хат» табыс етті.

Атап айтқанда, Айдарлы ауылынан Әбдіраманов­тар, Әкімовтер және Оржановтар, Бесарық ауылынан Сейтмұратовтар, Жетікөл ауылынан Әбдірамановтар, Шіркейліден Әсіровтер, Іңкәрдариядан Манатауовтар және Төлегеновтер, Ақжармадан Мұстафаевтар, Қалжан ахуннан Кенжебаевтар, Н.Ілиясовтан Айту­ғановтар, Шағаннан Жарасбаевтар марапатталды. Арнайы жүлделі үшінші орынмен А.Тоқмағамбетов ауылынан Бәрзубек Жылқыбай, жүлделі екінші орынмен С.Сейфуллин ауылынан Сайлау Мақпалбай және бірінші орынмен тереңөзектік Астархан Қожақовтың отбасы марапат тұғырынан көрінді.

Мерекелік іс-шарада барлық үлгілі отбасының осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері айтылып, жұрт­шылыққа көрсетілді.

Аудандық байқаудан жүлделі орын алған Қожа­қовтар мен Мақпалбаевтар отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.

Айту керек, аудан орталығында тұратын Қожа­қовтар отбасының отағасы Астрахан ағаны ел-жұрт жақсы біледі. Байырғы дәрігер аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде ұзақ жыл қызмет етті. Оның зайыбы Маржанкүл – Ақбай аудандық емханада жұқпалы аурулар кабинетінде 40 жыл еңбек еткен абыройлы ақ халатты абзал жан. Ұлағатты отбасында 3 ұл мен 1 қыздан тараған 12 немере бар. Ал Сәкен Сейфуллин елді мекенінен келген Мақпалбаевтар от­басының отағасы Сайлау Ба­қышұлы «С.Сейфуллин-Жер» ЖШС-де бас экономист қызметін атқарған. Ота­насы Айткүл Әнешқызы – 41 жыл бала бағбаны болған ардақты ардагер-ұстаз. Қос зейнеткер 5 ұл-қыздан 20 немере сүйіп отыр.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
22 маусым 2021 ж. 979 0