Облыстық кезеңге жолдама берілді
2014 жылдан бастап елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ұлттық конкурстың аудандағы жеңімпаздарын айқындау мақсатында аудан әкімінің өкімімен комиссия құрамы бекітілген.
Жеңімпаздарды айқындау жөніндегі комиссияның негізгі мақсаты – аудандық деңгейдегі қатысушылардан екі отбасын облыстық кезеңге анықтау. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушевтің төрағалығымен комиссия отырысы өткізілді.
– Байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, отбасы мен некенің жағымды үлгісін көрсету, отбасы мәртебесін арттыру, мерейлі отбасыларды үлгі-өнеге ету арқылы – өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу. Ел ішінде құрметке бөленген ардақты да берекелі әулеттер, өнегесі мол отбасылар аз емес. Қазыналы қариясын қадірлеп, ата-анасын ардақтаған, балалары бақытқа бөленіп, жарасымды жанұя атанып отырған отбасылар – бүкіл қоғамның айнасы. «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсының аудандық деңгейде ауылдық округтерден барлығы 11 отбасынан өтінім келіп түсті. Тереңөзек кентінен, Ақжарма, Шаған, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарынан конкурсқа қатысушы отбасы мүлдем ұсынылмаған. Алдағы уақытта жұмыстың сапалық мазмұнын арттыру бағытында ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс үйлестірмеген тиісті басшылардың жауапкершілігі қаралатын болады, – деді Димаш Серікбайұлы.
Комиссия мүшесі, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева берекелі, бақытты отбасы қуатты мемлекеттің тірегі екенін айта келе, ұлттық конкурстың маңыздылығына тоқталды.
– Бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс» дей келе отбасының рөліне айрықша тоқталғаны белгілі. Сондықтан ұлттық конкурстың маңызы жоғары, – деді Ұлмекен Шанайқызы.
Мұнан соң комиссия мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салып, ашық дауыс берумен облыстық кезеңге С.Сейфуллин ауылының атынан қатысқан Есекеевтер отбасы мен Шіркейлі ауылының атынан қатысқан Шербатшаевтар отбасы жолдама алды. Қалған отбасылар үшін ауданда арнайы іс-шара ұйымдастырылып, оларға түрлі номинациялар берілетін болып келісілді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ