Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алтын той» иелері құрмет төрінде

«Алтын той» иелері құрмет төрінде

Отбасы құндылығын нығайту мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейді. Себебі Отан отбасынан басталады. Жақсы қасиеттердің барлығы отбасында қалыптасып, тәрбие де, тағылым да жанұяда беріледі. Осы ретте аудандық мәдениет үйінде өткен «Мәуелі қос бәйтеректің саясындай...» атты іс-шарада аудан басшысы мерейлі отбасыларды марапаттап, олардың өмір белестері жастарға үлгі-өнеге екенін айтты. Салтанатты іс-шараға аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева мен аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар арнайы қатысты.

Іс-шара театрландырылған қойылыммен басталды. Аудандық мәдениет үйінің өнер­паздары қойылым арқылы ата-анаға құрмет көрсетуді, адал еңбек етуді, сондай-ақ қайы­рымдылық істерді насихаттады. Туындыда ата-анасының мерейтойына орай оларға қажылық сапарға жолдама сыйлаған перзенттерінің жақсы ниеті көрсетіліп, көпші­лікке үлгі етілді. Мұнан соң аудан әкімі құттық­тау сөз сөйлеп, мерейлі отбасылардың қоғам дамуындағы орны қай кезде де жоғары екенін айтты.

– Дана халқымызда «Отан – отбасынан бас­талады» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Расында да Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта, ол – отбасы. Отбасында жарасым, сүйіспеншілік, мейірім болса ғана шаңырақ биік құрылып, керегесі кең болады­. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында отбасын қорғау және бала капиталын қалыптастыруға ерекше мән берді. Мұндай қолдау әрбір қазақ­стандықтың өз болашағына деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз. Ал облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен отба­сылық құндылықтар дәріптелетін «Анаға тағ­зым» орталығы салынуда. Осындай халық игілігіне бағытталған шынайы шешімдердің ел арасында дұрыс қабылдануында сіздердің пікірлеріңіз зор маңызға ие. Біздің ауданда іргелі әулетке айналған мерейлі отбасылардың қатары қалың. Олар бүгінде бүтін бір елдің үлгі-өнеге алар жанұясына айналған. Отбасылық құндылықтарды сақтап, салт-дәстүрді берік ұс­танған осындай ардақты жандар қай кезде де мақ­тануға лайық, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Салтанатты іс-шарада отасқандарына 50, 55, 60 жыл толған «Алтын той» иелеріне «Құт­тықтау» табыс етіліп, сый-құрмет көр­сетілді. Марапатталған қариялардың қата­рында құры­лыс саласында еңбек жолын бас­тап, шебер, аға инженер, прораб, аға прораб, бөлім басшысы қызметтерін атқарып зейнет демалысына шыққан Төлеу Сүлейменов пен бала­бақшада тәрбиеші, теміржол кассасында кассир қызметінде болған Айткүл Сүлейменова бар. Отасқанына биыл 60 жыл болған қария­лар 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, қазіргі таңда 13 немере, 4 шөберенің қызығын көруде. Ал ай­дарлылық Самдин Қамрадинов пен Айткүл Рахменованың үйленгеніне 58 жыл болыпты. Бұл ардагерлер – 10 ұл-қызды бағып-қағып, бүгінде 32 немере, 11 шөбере сүйіп отырған үлгілі отбасының тірегі. Марапат биігінен көрінген келесі отбасы отасқанына 55 жыл болған аманкелділік Серікбай Тұяқбаев пен Зафура Тілеубекова. Отағасы совхозда есепші, қойма меңгерушісі, ауылдық кеңестің хатшысы­ болып қызметтер атқарса, отанасы мектепте кіші буын қызметкері болып жұмыс жасаған «Алтын алқа» иегері. Қос ардагер 12 баладан, 28 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.

Бесарықтық Ермек Әлжіков пен Кермақас Қосбергенованың есімі ауданға белгілі. Бесарық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қыз­метін атқаратын ардагер биыл «Алтын тойын» атап өтеді. Олар 3 ұл, 2 қызды қанат­тандырып, қазір 19 немере тәрбиелеуде. Сонымен қатар жетікөлдік Әзімхан Жүнісов пен Күләйхан Асқароваға да құрмет көрсетілді. Ауыл мектебінде еңбек еткен қос ардагер 6 ұл-қыздан 21 немере, 3 шөбере сүйіп отырған үлкен отбасының арқасүйер тілекшісі.

Салтанатты іс-шараға ерекше қуанышпен келген қоғалыкөлдік Қамар Рүстемов пен Запира Сейітова ұйымдастырушыларға ризашы­лығын білдірді.

– Биыл отасқанымызға 55 жыл болыпты. Осыны ескерген аудан басшылығы арнайы шақырып, құрмет көрсетуде. Еңбек жолымда­ бірқатар жауапты қызметтерді атқардым, ауыл әкімі болдым. Жұбайым ұстаздық қызмет етті. 4 ұл-қыздан 14 немере, 6 шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Барша марапат иелерін құт­тықтаймын, – деді Қ.Рүстемов.

Бұл жолы Шіркейлі ауылынан Төребек Еңсебаев пен Күләш Қосбергенова марапатталды. Отағасы шаруашылықта есепші болса, отанасы мұғалім болып зейнет демалысына шыққан. Қос қария 5 бала тәрбиелеп өсіріп, 20 немере сүйіп отыр. Дәл осындай құрметті отбасылардың легін Н.Ілиясов ауылының тұрғыны Кенжебек Әнапияұлы мен Манат Оразбекқызы жалғады. Бірі ауылшаруашылық саласында еңбек етіп, аудан дамуына үлес қосса, бірі ұстаздық қызмет атқарған. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған тұлғалар 16 немере сүйіп отыр.

Шағандық Ұзақбай Әзімжанов пен Тынымкүл Ақтаева да аудан басшысының құт­тықтауына ие болды. 4 ұл, 1 қызды дүниеге әкеліп, 17 немере, 10 шөбере сүйіп отырған ардақты жандардың отасқанына 51 жылдан асыпты. Ал ақжармалық Жақсыбай Асқаров пен Айнаш Асқарованың отасқанына биыл – 65 жыл. 4 ұл, 4 қыздан 31 немере, 29 шөбере сүйіп отырған ардагерлер бүгінде бір әулеттің ғана емес, бүтін бір ауылдың құрмет тұтар қариялары.

Біз іс-шара барысында іңкәрдариялық Құралбай Қалбабаев пен Орынша Қалба­баевамен пікірлестік. Шалғай ауылда тұратын арда­герлер берекелі күз айындағы марапат мерей өсіріп, абырой арттырғанын жасырмады.

– Аллаға мың да бір шүкір етеміз. Марапатталып жатқанымызға ерекше қуаныштымыз. Мен зоотехник маманы ретінде Іңкәрдария ауылында ферма меңгерушісі, мал азығын дайындау жөніндегі директордың орынбасары­, бас зоотехник қызметтерін атқарып зейнетке шықтым. Балаларымның анасы Орынша ауылдық емханада ұзақ жыл шаруашылық меңгерушісі болды. Қазіргі уақытта зейнеткер. Екеуміз 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, 10 немере сүйіп отырмыз, – дейді Құралбай Қалбабаев.

Ардагер ата-әжелер қуанышқа бөленген күні С.Сейфуллин ауылының тұрғындары Дос­майыл Арысбаев пен Алтынкүл Іскендірқызы да марапат­талды. 7 бала тәрбиелеп, өсіріп, «Алтын алқа» иегері атанған отбасы мүшелері 24 немере сүйіп отыр екен. Отасқанына биыл 51 жыл болыпты.

Тереңөзектік Сейітқали Жақсылықов пен Нағила Мұханова да құрмет төрінен табылды. Отағасы «Қызылдихан» медпунктінде меңге­руші, аудандық жедел-жәрдем бөлімше­сінде фельдшер болып, халыққа қалтқысыз қызмет еткен. Ал отанасы аудандық ауруханада медбике болып зейнет демалысына шық­қан. Бір салада еңбек етіп, жемісін көрген, биыл отас­қанына 50 жыл болған қос қария 5 бала тәрбиелеп өсіріп, 10 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

А.Тоқмағамбетов ауылының қадірлі қария­лары Жақып Көпболсын мен Злиха Сыздықова да марапат биігінен көрінді. Айтары бар ақсақал мен ақ жаулықты ана бүгінде ұрпақтарының қызығын көруде. Олар 2 ұл, 3 қыздан 19 немере сүйіп отыр. Берекелі отбасы мүшелерінің отасқанына 53 жыл болыпты.

Міне, осындай өнегелі отбасылар марапатталған іс-шарада аудан­ әкімі жас отбасы Нұрсұлтан Маратұлы мен Қызғалдақ Бекмұратқызына салтанатты түрде неке куәлігін табыс­тады. Жастарға Ұлы Отан соғысының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров ақ батасын берді. Мұнан соң ауданның көркемөнерпаздары ардагерлердің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынды.


А.Құрманайтегі
30 қыркүйек 2023 ж. 342 0