«Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы - 2026» ұлттық байқауының «Отбасы – бақыт мекені, ұрпақ – елдің ертеңі» атты аудандық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Мерекелік іс - шараға облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, ардагерлер және мерейлі отбасылар қатысты.Аудан басшысы жеңімпаздарды мерейлі марапатпен құттықтап, елімізде түп-тамырын ұлттық құндылықтардан алатын отбасы институтының орны ерекше екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деп атап өтті. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауы 13-ші рет өткізіліп отыр. Бұл – отбасы құндылықтары мен бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше, тағылымды іс-шараның біріне айналуда. Ұлттық байқаудың облыстық кезеңдерінде аудандағы өнегелі отбасылар әркез марапат төрінен көрініп келеді.
2023 жылдан бері Үмбетаевтар, Әшірбековтер, Есекеевтер, Шербатшаевтар отбасы мерей тұғырынан көрінді. 2025 жылы бұл марапаттар еселеніп, Аманкелді ауылының Жансейітовтер отбасы «Үлгілі» отбасы номинациясымен марапатталса, Шіркейлі ауылындағы өнерлі Әбсадықовтар отбасы облыстық кезеңде бас жүлдені иемденіп, республикалық кезеңнің жеңімпаз лауреаты атанды. Әбсадықовтар отбасының бағаналы бәйтерегі болып отырған Жақсылық ақсақал Астана төрінде өткен республикалық кезеңінің салтанатты марапаттау іс-шарасына қатысып, ауданымыздың мерейін асқақтатты. Биыл байқаудың аудандық кезеңіне 20 отбасы өтінім білдіріп, 15 отбасы аудандық комиссияның қарауына жіберілді. Олардың барлығы – нағыз жеңімпаз жанұялар.
Бүгінде отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Қазір ауданымызда 270 «Алтын алқа», 617 «Күміс алқа» иегерлері, 56 «Батыр ана», 1500-ден аса көпбалалы отбасы бар. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, құт-береке тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Іңкәрдария ауылынан «Құлмырзаевтар» отбасы және Ақжарма ауылынан «Ержановтар» отбасы 3 орынды, Аманкелді ауылынан «Бурхановтар» отбасы 2 орынды иеленсе, Асқар Тоқмағанбетов ауылынан «Бисеновтер» отбасы 1 орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, басқа да өнегелі отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды.
Аудандық кезең нәтижесімен облыстық кезеңге Бисеновтер отбасы мен Бурхановтар отбасы жолдама алды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес көпбалалы аналарымызға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгісі табысталады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










