Құлақ бұзылса, құлық бұзылады
Әлеуметтік желі... Шетсіз әрі шексіз ақпарат... Көпшілік таңертеңгілік көзін ашқаннан ұялыны алдымен қолға алатыны жасырын емес. Бірақ әлеуметтік желідегі топтардан жақсы жаңалықтан гөрі жаға ұстатар жайтты көп кезіктіресің. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» деп келетін сымсыз байланысты қолға алып қарай жөнелдім. Біреу күйеуінен қорлық көрген, біреу қайын жұрттан зорлық көрген, енді бірін әйелі пышақтап өлтірген, біреуді бір топ болып ұрып кеткен, біреу асылып өлген, біреу биік қабаттан секіріп кеткен... Осындай мазмұндағы ақпарат жалғасып жатыр, жалғасып жатыр. «Жаман хабар тез тарайды» деген бар. Бір жағынан қазір «контент» деген нәрсе адамдарды адастырып барады. Мықты контент жасасаң, оқырманың көп болады, осыны кейбіреулер кері тұсынан пайдаланып, «шуылдақ» әңгімені көп салады. Ал оны оқу, көру адам психологиясына көп әсер етеді.Жазатайым жағдайлар мен жаға ұстатар қылмыс бұрын да болған. Тек ол кезде ақпарат тарату кеш болғандықтан, бүгінгідей жарыса жарияламайтын. Бірін естиді, бірін естімейді. Соған орай қылмыс та қазіргідей болмаса керек. Адамның психологиясы – ең әлсіз нәрсе. «Көңіл бір атым насыбайдан қалады» деген, адам көңілі тым нәзік. Енді қараңыз, таң атпай осындай жүйесіз жаңалыққа «тойып» алдыңыз. Әрі қарай күніңіз қалай өтеді?! Өздігінен мазасыздық бойыңды жайлап, әлгі жаңалықтың әсерінен шыға алмайсың. Ал жаңалықтар легі онымен тоқтамайды. Тіпті соңғы уақытта осындай ерсі нәрсе тым көбейіп кетті.
Бір дабыл қағатын жайт, қазір кез келген кішкентай баланың қолында жеке ұялы телефоны бар. Ал ақпарат алаңындағы кез келген тақырып балалар үшін де қолжетімді. Кім не көріп, не оқып жүр, оны ешкім сараптап жатпайды. Бала жүрегі бәрінен нәзік, бала тәрбиесі маңызды мәселе. Жас бала жаңа өскен шыбыққа ұқсайды, қалай майыстырсаң, сонда бұрылады. Күніге жантүршігерлік ақпаратты көріп, біліп өскен баланың бойы соған үйренбей ме, көзіне үйреншікті болмай ма? Кейін сол қылмысты еш шіміркпей өзі де істеуге бейім болмай ма?! Мәселенің төркіні тереңде.
– Қазір балалардың ақпаратты қабылдау кеңістігі бұрынғыдан әлдеқайда кеңейді. Бала бұрын көбіне ата-анасы, мұғалімі, достары арқылы ақпарат алса, бүгінде оның қолында шексіз контент ұсынатын смартфон бар. Әлеуметтік желідегі әрбір бейне, әрбір жазба баланың психикасына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Әсіресе қорқынышты, зорлық-зомбылықты, агрессияны, өлім-жітімді немесе түрлі жағымсыз жағдайларды көрсететін контентке баланың жиі тап болуы алаңдатарлық мәселе. Өйткені бала көрген дүниесін ересек адам сияқты саралап, оның шынайы немесе жалған екенін, дұрыс немесе бұрыс екенін әрдайым ажырата алмайды. Ол көргенін қалыпты құбылыс ретінде қабылдауы немесе өзіне қатысты қауіп ретінде сезінуі мүмкін. Бұл мәселе тек балаларға қатысты емес, үлкен адамның да ой-өрісіне ықпалы зор. Мұндай ақпараттарды шамадан тыс тұтыну адамның эмоционалдық жағдайына әсер етіп, қорқыныш, мазасыздық, ашушаңдық, тұйықтық сияқты мінез-құлық өзгерістеріне себеп болуы ықтимал. Кейде адам нақты неге алаңдап жүргенін өзі де түсіндіре алмайды. Оның психикасына әсер еткен нәрсе – күн сайын көретін, бірақ мән бере бермейтін ұсақ контенттер болуы мүмкін. Ал бүгінгі бала ақпараттан қорғалған емес, ақпаратты дұрыс қабылдай алатын бала болуы керек. Себебі интернеттен толықтай алыстату мүмкін емес. Ал оның психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – ақпараттық мәдениетті қалыптастыру, – дейді мамандар.
Әлеуметтік желі – пікір алаңы. Кім не естісе, соған пікір білдіріп, әрі қарай таратып жатады. «Жақсылық көрсең тасқа жаз, біреуден біреу көшірсін. Жамандық көрсең құмға жаз, жел ұшырып өшірсін» деген. Сол секілді ақпараттың да жақсысын таратып, жаманын сүзгіден өткізу маңызды. Ақпарат таратуға байланысты қатаң тәртіп те керек-ақ.
Ішкен тамағың ағзаңа қалай әсер етеді, сол сияқты алған ақпаратың да өміріңе солай әсер етеді. Әлеуметтік желідегі әрбір сөздің салмағы бар. Бір ауыз сөз біреуге ой салуы мүмкін, бір ауыз сөз біреуді адастыруы мүмкін. Ал көпшілікке тараған сөз тұтас қоғамдық пікірге ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ақпарат мәдениеті азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі екенін түсіну қажет. Әбіш Кекілбаевтың «Құлақ бұзылса, құлық бұзылады» деген қанатты сөзі дәл бүгінгі ақпарат дәуіріне арналғандай. Яғни, адамның құлағына не кірсе, санасына да соның ықпалы тиеді, ал сана өзгерсе, адамның құлығы мен әрекеті де соған сай болады. Сондықтан еститінімізге талғаммен, көретінімізге сын көзбен, тарататын сөзімізге жауапкершілікпен қарауымыз керек.










