Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдырды тауарға айналдырған қылмыс

Тағдырды тауарға айналдырған қылмыс

Адам саудасы – адамзат өркениеті дамыған сайын жойылып кетуі тиіс қылмыс болғанымен, бүгінгі таңда әлемнің көптеген елінде әлі де өзекті мәселе болып отыр. Ең өкініштісі – бұл қылмыстың құрбанына айналған адамдардың тағдыры, еркіндігі мен адамдық құқығы қылмыскерлердің пайда табу мақсатында тапталады. Адамды алдап жұмысқа орналастыру, шетелге немесе басқа қалаға жоғары жалақылы қызмет ұсыну, құжаттарын тартып алу, қорқыту, мәжбүрлі еңбекке немесе басқа да заңсыз әрекеттерге пайдалану – адам саудасының кең тараған түрінің бірі.

Қазір әлеуметтік желілер мен ғаламтордың кең таралуы да бұл қылмыстың жаңа тәсілдерінің пайда болуына жол ашып отыр. Жұмыссыз немесе қаржылық қиындыққа тап болған адамға «оңай жұмыс», «жоғары жалақы», «тегін жол жүру» сияқты ұсыныстар жасалып, оның сеніміне кіруі мүмкін. Дүниежүзінде қару-жарақ пен есірткі сатудан кейін көлеңкелі бизнестің өрісін кеңейтіп отырған – адам саудасы. Естір құлаққа түрпідей тиюі мүмкін. Сататын – адам, сатылатын – адам. Екеуі де саналы жаратылыс иесі.

1981 жылы Мавритания құл иеленушілікті заңсыз деп танып, әлемдегі адам ұрлығына ресми түрде ты­йым салған ең соңғы мемлекет болды. Яғни әлемде бірде-бір мемлекет адам ұрлығы мен құл иеленушілікті құптамайды. Бірақ қылмыстың бұл түрі азаяр емес. Ең өкініштісі, аса ауыр қылмыс саналатын адам ұрлығы мәселесі біздің мемлекетте де кездеседі. АҚШ-тың 2025 жылғы Trafficking in Persons (TIP) есебінде Қазақстан «Tier 2» санатына енгізілген. Бұл – елімізде мәселені шешуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, бұл төңіректе шешулі тиіс мәселелер де бар екенін білдіреді. Хабар-ошарсыз кеткендердің бір бөлігі ер азаматтар болса, басым көпшілігін әйелдер құрайды. Ұрланғандар қатарын балалар да толықтырады.

Адам саудасы жасырын қылмыс түріне жатқызылады, бұл туралы нақты деректер келтіру қиын. Бірақ адам ұрлау – үлкен қылмыс. Ұрланғандардың басым бөлігі еркінен тыс қызметтерге жегілсе, енді бір бөлігінің сау ағзалары саудаға түсетін көрінеді. Бесігі бос қалып, ұрпақ жалғастыруды көздеген бірлі-жарым да арам пиғылды іске асырып, қылмыскерлер қатарын көбейтеді екен.

«Ауруын жасырған өледі» деген. Бұл мәселе қанша жасырып, жапқанмен мемлекет алдындағы күрделі тақырыпқа айналды. Аталған қылмыс салдарынан мемлекеттің басты құндылығы – адам құқығы қорғалмауда. Мәселенің өзектілігін Мемлекет басшысы да көтеріп, Үкімет алдына нақты тапсырмалар қойды. «Адам саудасына қарсы күрес мəселесі де күн тəртібінен түспейді. Бұл жағынан Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жағдайы айтарлықтай емес. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рəсімін жетілдіре түсуі керек. Осыған орай сот тəртібімен қатаң жаза қолданылуы қажет. Бұл маңызды міндет мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді» деді Президент өз сөзінде.

Құзырлы органдардың ресми дерегіне сәйкес, жыл сайын елімізде адам саудасына қатысты жүздеген іс қозғалады екен. Мәселе ел аумағында жиі көтеріліп, қылмыстық іс-шаралар күшейтіліп, жаза қатаңдаған. Бірақ бұл да болса жауыздық атаулының жолын толық бұғаттауға қауқарсыз болып тұр.

Жаға ұстатар үрейлі деректерді оқы­ған әрбір оқыр­манның көкейінде қор­қыныш ұялары анық. «Не істеу ке­рек?» деген сұ­рақ та мазалауы мүм­кін. Негізінен жоғалғандардың көпшілігі – жақындарынан қолдау көрмей, күйзелістің құрбанына айналғандар. Олар кез келген адамның жанашырлық пейіліне сеніп, алданып қалуы мүмкін. Сондай-ақ бүгінгі күнгі жұмыссыздық мәселесі де үлкен қылмыстың құрбанына айналудың себебі болса керек. Жұмыс іздеп сенделгендерді құрығына түсіретіндер жалған уәдені үйіп төгетін көрінеді. Танымайтын адамға өз құжаттарыңызды тапсырмағаныңыз абзал. Ал бала ұрлануы жиілейтін ең қауіпті мезгіл – жаз айлары. Мамыражай мезгілде бала атаулы ойынның қызығына кіріп, үй көрмейтіндігі айтпаса да белгілі. Және отбасында мәселе бар, ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар аса қауіпті қылмыс құрбаны болуы жиі ұшырасады. Қаскөйлер құлқынның қамы үшін жаңа туған сәбиді де сатудан тайынбайды.

Сонда адамның құндылығы қайда, әлде жүрек тасқа айналған ба?! Тіршілікті тірілтіп тұрған мейірімділіктің оты сөніп барады ма?! Сіз өміріңізде арам пиғылмен бірінің төлін бірі ұрлап бара жатқан айуанды көрдіңіз бе?! Әрине, жоқ. Осы тұста Оралхан Бөкейдің «…Адамзаттың бүкіл жаратылыс атау­лыдан озықтығы немесе сорлылығы да осыдан шығар-ау. …Біз саналылығымызды мақтан тұтамыз, ал сол саналылықтан азап шегетінімізді бағамдай бермейміз» дегені ойға оралады...

Фото: ашық дереккөз
22 тамыз 2026 ж. 92 0