Аудан әкімі жаңадан тағайындалған бас имамды қабылдады
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бірінші наиб имамы Жақсыбек Әбеновты қабылдады. Ж.Әбенов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен Сырдария аудандық «Мұсылмандар» мешітіне жаңадан тағайындалған бас имам Жарқынбеков Асхат Батырханұлын таныстырды.Асхат Жарқынбеков – діни білімін «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде жетілдірген, діни салада мол тәжірибесі бар білікті маман. Ол әр жылдары Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде, Арал, Қармақшы аудандарында және Түркістан облысының мешіттерінде имамдық қызмет атқарған, сондай-ақ жастар ісі бағыты мен діни қызмет саласында еңбек еткен. Бұған дейін Қызылорда қаласындағы «Мүсірәлі ата» мешітінде наиб имам қызметін атқарып келді.
Аудан басшысы жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, ауданның рухани-діни ахуалын жақсарту бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
– Сізге жүктелген міндет – жауапкершілігі жоғары қызмет. Ауданда діни тұрақтылықты сақтау, тұрғындар арасында имандылық пен ізгілік құндылықтарын дәріптеу, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру бағытындағы жұмыстарға баса мән берілу қажет. Жаңа қызметіңізде абыройлы еңбек етіп, ауданның қоғамдық және рухани өміріне өз үлесіңізді қосады деп сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі









