Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАННЫҢ КӨРКЕЮІ – ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

АУДАННЫҢ КӨРКЕЮІ – ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ


Аудан тарихы – елдің тарихы. Тоқсан жыл аз уақыт емес. Екі қоғамның куәсі болған ауданды бүгінгі күннің биігінен қарайтын болсақ, елдің өскенін, әсіресе егемендігіміздің тұсында қарыштап дамығанына көз жеткіземіз. Аудан әкімдігінің бастамасымен осы бір атаулы мерейтойды лайықты атап өту үшін бүгінде жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда ауданның көнекөз қарты, ауданның «Құрметті азаматы» Рахымжан Бәйменов ақсақалды әңгімеге тартқан едік.
– Рахымжан аға, аудан үшін мерейлі күндер жақындап келеді. Сондықтан әңгімемізді оның құрылған күнінен, қалыптасуынан бастасақ?
– Әлбетте «Туған жерім, кіндік қаным тамған жер» деп өлең жолдарында айтылатындай «ауданның тоқсан жылдығы атап өтіледі» дегеннен үлкен қуаныш үстіндемін. Әрі ауданмен құрдаспын. Менің үйімде Тереңөзек ауданын құру туралы І съездің 1928 жылы өткені жөніндегі құжат сақтаулы. Өйткені, оған менің әкем Әбдіхалық делегат болып қатысқан. Құжатқа Бодыбай Құлтекенов деген азамат қол қойыпты. Ол сол съезде Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. Бұл кісі ауданда біраз жыл игілікті істер атқарып, облысқа жауапты қызметке тағайындалған. Сонда жүріп, 1937 жылдың ылаңына ілікті. Өкінішті. Ол кісі де ұл бала болмады. Шәмші деген жалғыз қызы бар еді. Кейінгі тағдыры белгісіз.
Аудан құрылғаннан кейін жергілікті жерде көзі ашық сауатты азаматтар тұрғындарды білімге үндеп, халықты ұйымдастырып, рухани орталықтар-мектептер салынды. Ол кездегі білім ұялары қарапайым болды. Үйдің бір бөлмесінде ғана орналасты. Жер-жерде серіктестіктер ұйымдастырылды. Аудан тарихының ауылдар бір бөлшегі. Мен дүниеге келген ауыл кейін «1 Май» колхозы аталған жерде 1931 жылы алғашқы серіктестік ұйымдастырылыпты. Өкінішке орай ол ашаршылыққа байланысты тарап кеткен. Ал, 1933 жылы серіктестік қайтадан құрылып, төрағасы болып Сейітжан Сақтағанов сайланады. Ол жан-жаққа тарап кеткен тұрғындарды, туыстарын жинап, колхоз жұмысын жолға қоюға үлкен күш-жігермен еңбек етті. Осы колхозды 1939 жылға дейін басқарып, серіктестікті ауданда алға шығарды. Кәрістік құрылыс әдісімен ауылға 7 жылдық мектеп салдырды. С.Сақтағанов Алматы қаласына 2 жылдық ауылшаруашылық қызметкерлерін дайындайтын арнаулы оқу орнына жіберіліп, оны 1941 жылы кіші агроном мамандығы бойынша бітіріп шығады. Елге оралғаннан кейін, артта қалған «Қызылорақ» колхозын басқарды. Мұнда да іскерлігімен көзге түседі. 1942 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде С.Сақтағанов Тереңөзек аудандық Совет атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Соғыс жылдарында және одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде ауданның даму жолында аянбай жұмыс жасаған. Ол 1948 жылы аудандық ауылшаруашылық басқармасына басшылық еткен. Кейін Карл Маркс колхозын басқаруға жіберілген. Колхоздан озат бидай өсіруші Күләнда Әбдіраманованың «Социалистік Еңбек Ері» атағын алғаны осы кезеңде. С.Сақтағанов зейнеткерлікке шыққанша көптеген колхоздарды басқарып, ауданда ауылшаруашылық өндірісінің дамуына елеулі үлес қосты.
– Соғыс жылдары ауданда тірлік оңай болған жоқ. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп ел күн-түн демей еңбек етті. Сіз балалығын соғыс өрті шарпыған ұрпақтың бірісіз. Сол кезеңді тарих үшін еске алсаңыз?
– Тылдағы еңбек соғыс майданынан бірде кем болған жоқ. Мен әсіресе сол кездердегі әйелдердің, аналарымыздың ерлігін бәрінен жоғары қоямын. Соғыс кезінде мылтық ұстауға жарайтын ер азаматтардың барлығын майданға сыпырып алып кетті. Ауылда кемпір-шал, бала-шаға және әйелдер ғана қалды. Аналарымыз таң атпай тұрып сүт пісіріп, күн батқанша егістік басында болады. Үйде қалған балалар қарап отырмаймыз диірмен тартамыз. Бізді де колхоздың жұмысына жегеді. Күні бойы тынымсыз тірлік, егін піскенде үйдің орнындай аумаққа бидай төгіп оны төрт-бес аттың тұяғымен бастырады. Аттың үстінде отыратын біздер. Онда ер түгілі, тоқым да жоқ. Артың жауыр болып, ат үстінде айнала-айнала зықың шығады. Түскен бойда басың ауған жаққа қашқың келеді. Бірақ қайда барасың. Ертеңде сол тірлікті қайта жалғастырасың. Бидайды бастырған соң қолдан тоқылған жүн қапқа салып, есекке теңдеп, аудан орталығындағы астық қабылдау пунктіне апарасың. Әр балаға бес есек бекітіледі. Жолда қап ауады, есек қашады. Бұл да машақат. Бидай ораққа да қатысамыз. Түскі бірде қызыл жалау көтеріледі. Түскі тамаққа сол жерден өтуіміз керек, сол жерде тұрған күзетші киімдерімізді тексереді. Тексеруден өтпей, түскі үзіліске басқа жақпен кетіп қалғандар жазаланады. Сол кезде колхоздың түскі тамаққа беретіні сепаратордан өткен бір түйір құрт қана. Лаж жоқтықтан бір уыс бидайды шұлығымызға салып, жасырып өтеміз. Бір отбасының кешкі қорегі сол. Күзетшілер мұны білсе де білмеген болады. Бәрінің де бала-шағасы бар дегендей. Колхозда жұмыс жасағандарға ешнәрсе берілмесе де, еңбеккүн жазылады, Стахановшы, ударник деген атақтар беріледі. Біздің колхоздан Сәкен, Күлпішән деген ата-әжеміз бірі қырық сотық, екіншісі жиырма сотық күріш орып, Стахановшы болды. Колхозда мал шаруашылығын басқарған Мамыт Құланбаев деген кісі майданға қаражат аударды. 1943 жылы ауылға Қазақ ССР Жоғарғы Президиумының председателі Әбсаттар Қазақбаев келді. Мектепте болды. Сонда мектеп директоры Төрехан Қодаров алтыншы сынып оқитын мені үлкен кісіге таныстырып, оқу озаты, әкесі майданда, түстен кейін колхоз жұмысына көмектеседі деп сипаттама берді. 1944 жылы жетінші сыныпты бітірейін деп тұрғанда майдандағы әкемнен хат тоқтады. Әкемнің бірге туған апасы Бибіғанша мені ертерек адам қатарына қосу үшін Қызылордаға алып кетіп, педучилищеге түсірді. Екінші курсты бітіргеннен кейін анамның денсаулығы сыр беріп, амалсыз ауылға оралдым. Екінші курсты аяқтадым деген анықтама алып, 1945 жылы аудан орталығындағы М.И.Калинин атындағы мектептің оныншы сыныбында оқып, 1946 жылы бітірдім. Біз бұл білім ұясының тарихындағы екінші түлектерміз. Ал, бірінші бітірушілер соғыс алдында болыпты. Мектептен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнында кейін білім саласының мақтаныштары болған Дәнеш Мамытбаева, Нұрылда Уәлиев, Әбілда Ахметовтермен бірге оқыдым. Өкінішке орай бірінші курс­ты бітіргеннен кейін анамның денсаулығы қайта сыр беріп, сырттай оқу бөліміне ауысып, ауылға келіп әкемнің мұғалімдік жолын жалғастырдым. Аудандық халық ағарту бөлімінен тапсырма болып, 1951 жылы қазіргі «Жалын» тынығу лагерінің орнынан киіз үйге алғашқы лагерді ұйымдастыруға қатыстым. Лагерь басшысы Р.Мығымбаев, мен тәрбиеші болдым.
– Аудандық партия комитетіне жұмысқа қай уақытта келдіңіз?
– «1 Май» мектебінде 15-16 жыл еңбек еткеннен кейін, 1964 жылдың 8 қаңтарында Сырдария селолық-өндірістік партия комитетінің бюросында аудандық білім қоғамының жауапты секретары болып бекітілдім. Бұған дейін «1 Май» мектебінің оқу ісінің меңгерушісі едім. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұловтың кезінде КПСС қатарына өттім. Аупарткомда бір жыл еңбек еткеннен кейін мені бірінші хатшы Қонекең сынап жүрген болуы керек, біріңғай партбилет пен партстатистика секторының меңгерушісі етіп бекітті. Жазуым да үлкен кісінің көңілінен шыққан болуы керек. 1966 жылдың қаңтарында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысы шығып, Тереңөзек ауданы мен Сырдария ауданы жеке дара бөлінді. Мұнда да көптеген ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Тағы бір есте қалған жәйт, 1972 жылы КПСС ОК-нің қалалық және аудандық партия комитеттерінде жалпы бөлім ашу туралы қаулысы шықты. Аудандық бюроның ұйғаруымен мен бөлім басшысы болып бекітілдім. Сөйтіп аудан тарихында жалпы бөлімнің бірінші басшысы мен болған екенмін. Осы орайда аудан басшыларының ізгілікті істері туралы айта кетсем олардың әруақтары риза болады деп ойлаймын. Нұрқасым Бердіқұлов ауданды басқаруға көрші облыстың Ырғыз ауданынан келді. Сауаты аз болғанымен іскер азамат еді. Сол көрші облыста жүргенде «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған. Ауданға келісімен жұмысқа білек сыбана кірісті. Халықты асарға жұмылдырып, аудан орталығы мен ауылдарда құрылыстар салды. Дарияны бөгеп, егістікке су әкелді. Ал, «Сыр елінде болыс көп, ең мықтысы Қонысбек» деп ақындар жырға қосқан Қонекеңнің басқару әдісі тым бөлек еді. Ол кісі барлық саладан хабардар болды. Ауылдарды өзі аралап, жетпей жатқан жерлерді жеткізіп кететін. Аудан орталығы мен ауылдарда құрылыс кең қанат жайғаны, экономиканың дамығаны Қонысбек Төрешұлы басқарған тұста. Ауданның ерекше өрлеуі Қ.Қазантаевтың білікті басшылығы, адалдығы, турашылдығы, тазалығы арқасында жүзеге асты. Оны кейбір замандастары қатал адам деп санайтын. Ал, кімге де болса қатал талап қою тек өзі өте таза, адал кісінің қолынан келетін нәрсе.
– Еліміз егемендік алғаннан кейін де ауданның жағдайына қандай баға бересіз?
– Әрине нарықтық экономиканың өтпелі кезеңінде көптеген қиындықтар болды. Елбасының сындарлы саясатының, елдің бірлігінің арқасында көшіміз түзелді. Бұған мың қайтара тәубе. Ауданды сол тұста басқарған Алмагүл Божанованың іскерлігін айта кеткен ләзім. Ал, аудан орталығы мен ауылдар соңғы 4-5 жылда адам танымастай өзгерді. Құрылыстар кең қанат жайды. Қаншама көпірлер, Алла үйі мешіт салынды. Рухани жаңғыру кезінде аудан орталығында екі бірдей мұражайдың ашылуы көп нәрсені аңғартса керек. Сондай-ақ аудан басты сала –сыр салысын өндіруден облыста бірінші орында тұр. Тек ауыл шаруашылығы емес, білім мен өнер, кәсіпкерліктен аймақта алдыңғы орында келеді. Ауданның көркеюі, экономикасының нығаюы, жаңа құрылыстардың өрістеуі Ғанибек Қазантаевтың елі үшін етіп жатқан еңбегінің жемісі деп білемін.

Сұхбаттасқан Шаhарбек НҰРСЕЙІТОВ
18 шілде 2018 ж. 1 222 0