Қос спортшы әлем чемпионатында топ жарды

Асқар Ұлту 55 келі салмақта жеңістің тұғырынан көрініп, бірнеше мемлекеттен келген бұрымды аруға әл бермеді. Қашанда бағы мен бабы келіскен спортшы қыз халықаралалық додаларда мықтылық танытып келеді. Төрт жылдан бері осы спорт түрімен айналысып келе жатқан Ұлту өзінің табандылығының арқасында қарсыластарын мойындатуда.
Айта кетейік тағы бір сырдариялық спортшы Гауһарай Ерсейіт 50 келі салмақта әлем чемпионатының қола жүлдесін еншіледі. 19 жастағы бұрымды спорт халықаралық жарыстарда олжа салып жүр. Қос спортшы облыс орталығында білікті бапкер Аян Түлеуовтің нұсқауымен жаттығу жасап жүр.
– Жеңіс тұғыры – қуанышқа кеңелтетін спортшының шығар ең биік белесі. Осы жолы өз салмағым бойынша әлем чемпионатының алтын жүлдесі маған бұйырды. Қарсыластарымның бәсі жоғары болды. Дегенмен тактикалық тұрғыдан жеңіске жетуге ұмтылдым. Ақжарма ауылынан шыққан қос спортшы әлем чемпионатында ел қоржынына жүлде салды. Спортшы үшін жеңіске жету үлкен еңбек болғанымен, сол межені ұстап тұру – үлкен жауапкершілік жүктейді. Қыз баласына грэпплинг спорты қиын көрінгенімен, жетістігімізді қайталау үшін аянып қалмаймыз. Бұл жеңістің артында бапкеріміздің еңбегі тұрғанын айтудан жалықпаймын, – дейді Ұлту Асқар.
Дүниежүзілік додада жеңіске жеткен қос спортшымен жерлестері қай кезде де мақтанатыны сөзсіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ