Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 49 газет

05 шілде 2025 ж.

№ 48 газет

01 шілде 2025 ж.

№ 47 газет

28 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Әзілің жарасса...

Әзілің жарасса...

Мемлекеттік қызмет саласында қажырлы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Марат Омаров қазіргі уақытта сан түрлі тақырыпта мақала жазып жүр. Өмірден алынған оның кейіпкерлері өзіндік бітім-болмысымен дараланады. Бұл жолы басылымның тұрақты авторы әзіл әңгімелерін оқырманға ұсынады.

ЖЕЗДЕ ӘЗІЛІ

Ауылдағы бұрынғы фельдшер қазіргі таксист Боқай Сейтқали жездемізді сөзбен жеңу мүмкін емес. Біз сияқты балдыздары онымен ойнап жеңіліп қалып күлкіге қала берген соң одан сырттап жүреміз. Балдыздарының арасында оған шағыла қоймайтын Наурызбайдың Мараты болмаса... Бір күні таксиіне мінген Мәкеңнің баласы Бекжанды әңгімеге тартып «қай баласың?» деп әке-шешесі туралы ақпарат алып, жөн сұрастыра отырыпты. Қолына көптен түспей жүрген Мараттың баласы екенін біліп бір қатырайын депті. «Еее... жақсы адамның баласы екенсің, Мәкеңнің қай әйелінен туған баласысың, қарағым?» депті. Әкесінің басқа әйел алғанынан бейхабар бала не айтарын білмей сасыпты. Сәкең сөзге тоқтаған ба... «Әкеңнің неше қатын алғанын білмейтін болдың ғой. Шешеңнің аты кім? А... беріде үйленген әнші келіннен туған бала болдың ғой» деп бір қойыпты. Марат жүріңкіреп барып үйленсе керек...Сәлден кейін «бұрынғы әйелдерден туған бауырларыңмен қатынасып тұрасыңдар ма?» деп тереңдей түсіпті. Отызға жақындап қалған балада үн жоқ басына жай түсіп, түс көргендей.

Ойы сан жаққа жүгіріп әкеге деген сүйіспеншілік түсінбеушілікке айналып басы қатыпты... Сәкең Терең­өзек­ке келгенше бала балдызға әкесі туралы өзі құрастырған отбасылық тарихты айтып ауызы бір тынбапты.

Көліктен түсерде әкесіне дұғай-дұғай сәлем айтып жіберіпті. Бәрін шын көрген Бекжан баламыз үйге келісімен әкесіне ашуланып болған жайды баяндайды ғой баяғы. Бәленің қай жақтан келгенін түсінген Мәкең: «Қап апамды алғанымен қоймай заржақ бәлеге біраз есем кеткенін қарашы» деп санын бір-ақ соққан екен. Отбасымен күле отырып жезделерінің әзілдеп ойнайтын жөні бар екенін айтып баланың ашуын басыпты. Балаларына бұдан былай ойнампаз жезделерінің қасына жақындамауды, тіпті сөйлеспеуді тап­сырыпты.

СИЫРДЫҢ АРТЫ ЕНДІ-ЕНДІ КҮЛІМДЕП КЕЛЕДІ

Совет үкіметі тұсында Қосан аға талай шаруаның басын қайырған екен. Тіпте Қалжан ахунның баласы Уамықмақсұмға атқосшы, колхоз бастық Оспан Мәлібаевтың жүргізушісі болып ауданға алғашқы келген ГАЗ-69 машинасын да айдаған. Дегенмен өмірінің көп бөлігін колхоз одан совхоздың малын бағумен өткізген.

Соңғы тоқырау басталған жылдары «өтірік ақпар» деген сан саланы жайлап малшы мен егіншіге де жеткен көрінеді. Социалистік жарыстың туын жарыса көтеріп, «пәлен гектардан пәлен егін алдық, пәлен бас ірі қарадан пәлен бұзау алдық» деп өтірік ақпар беріліп, ел марапатталып жатты. Осындай науқан кезінде совхоз директорлары Қосекеңе де келіп тумаған сиырдан қайта-қайта төл сұрайтын көрінеді.

«Өтірік өрге жығады, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, талайды көрген Қосекең келген бастықтарға «Сиырлардың арты енді-енді күлімдеп келеді, Құдай қаласа туады» деп үміттендіре шығарып салып отырған екен. Жылдар өтіп, өтірік төлдің арқасында талай малшының малы кем болып, ақыры істі болып жауапқа тартылыпты. Сиырларының арты ретсіз күлмеген Қосекең «енді-енді күлімдеп келеді» деген бір сөздің арқасында тумаған төлге қол қоймай, ауылда сотталмай қалған жалғыз сиыр­шы екен, жарық­тық.

Қазақ халқы «Түстік жерге өтірік айтсаң, кешке артынан қуып жетеді» деп бекер айтпаса керек.

МИРЛЕМЕЙСІҢ....Ә..

Ілгеріде біз қызмет істеп жүр­генде басшыларға немесе күні түскен адамға әркім әр түрлі жолмен өз ризашылығын білдіріп жататын. Көп мәселе дастарқан үстінде шешіліп кете беретін. Ол да бізге сол заманның адамдарына жарасып, заңды нәрсе секілді болып көрінетін. Жаңадан жұмысқа тұрғаннан кейін біршама уақыт жіберіп, басшы­ларыңды қосшыларымен бірге үй көрсету деген болатын. Дастархан жайып, қойдың басымен қоса бір ағаш жәшік шөлмек алу дәстүрге айналған заманды да көргенбіз.

Төрт жыл совхоз директоры болған бір ағамыз ауылындағы жүз елудей үйге қонақ болып, сонша бас мүжігенін өзінен естіп, күлгеніміз де бар. Шақырған жердің ең үлкен құрметі жастыққа жантайып жатып үш карта ойнау еді. Сыйлы адамыңа карта үстінде ұтылып оны риза қыласың. Бірде осындай шақырыстың үстіне малшы ауылдан келіп қалған құдайы қонақ картадан қолы шығып шақырысқа себеп болып отырған дәрігердің ақшасын қайта-қайта ұта беріпті. Дәрігеріне жақ болған үйдің егесі ұтып отырған малшы ағамызға «мирлесей», «бөліссей» деп қанша ымдаса да, оның көзі жайнап «бір таратып жіберейін» деп қоймайтын көрінеді. Ақырында қонағы сыптай ұтылып, ренжіп кетіпті. Біраз уақыт өтіп, картампаз малшы ағамыздың ішкі құрылысы сыр беріп бір күні больницаға түседі. Ауруларды обход жасап жүрген баяғы дәрігер қарсылас досы бұған қарамай қасынан өтіп бара жатып «бөліспейсің ...ә» деп өте шығыпты. Ауруы жанына батып көзі қарауытып жатқанына қарамай екінші күні де обход жасап жүрген дәрігері «мирлемейсің...ә» – деп тағы да өтіп бара жатса, жаңағы байғұс «мирледім, ойбай, бір баспақ пен мирледім» деген екен. Қолынан келген адам ол кезде де айласын асырып қарсыласын мирлететін.

Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден

05 шілде 2025 ж. 223 0