Қазақтың қазақтығын танытқан – домбыра

Түркі халықтарына ортақ, көне заманның тарихи мұрасы бола білген киелі аспап. 6000 жыл тарихы бар жәдігер тек музыкалық аспап емес, елдің мұңын айтып, елдің рухын оятатын екі ішекті, тоғыз пернелі қайталанбас көненің көзі. Археологиялық қазба жұмыстарының зерттеуіне сүйенер болсақ, домбыраның пайда болуы ежелгі түркі дәуірінен бастау алған. Алғаш домбыраның шыққан жері Алтай тауы болып саналады. Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен домбыра тектес екі ішекті, тоғыз пернелі саз аспабы табылған. Әр саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы болған. Осы ақпаратқа сүйене отырып, мынадай аңыз әңгімеге көз жүгіртсек.
«Ертеде құралайды көзге атқан ерекше аңшы жігіт болыпты. Аңшы жігіт биік таудағы қалың қарағай арасындағы аңды аулап өмір сүріпті. Бірде сәті түсіп, бір маралды атып алыпты да ішек қарнын түгелдей дерлік алып тастапты. Содан арада айлар өткенде аңшы аң аулауға ең ұрымтал жер осы еді ғой деп баяғы аң ұстаған жеріне келсе, құлағына ызыңдаған бір дауыс естіліпті. Барлап қараса баяғыда өзі атқан маралдың ішегін қарғалар іліп алып ұшқан болса керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалған ішекті көреді. Ызыңдаған дыбыс сол ішектен шығып тұрғандығын байқайды. Ол өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылаған болып, аңшыны алуан күйге бөлейді. Сол жерде жігіт «қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амалын жасайын» деп ішекті үйіне алып келіп, бір ағашты ойып соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сайрап қоя беріпті. Бұл үн жалғыз аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймай, тыңдаған жанның түгелін елітіпті. Осылайша домбыра аспабы пайда болған екен...».
Бұл аңыз Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының тумасы Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың айтуы бойынша ел арасында «Қос ішек» деген атаумен тараған күй екенін бірі білсе, бірі білмес.
Күлтегін, Тоныкөк жазбаларынан бастап, кейінгі Қорқыт ата, Асан Қайғы, Бұқар жырау секілді тұлғалардың сөзінде, үні мен өнегесінде осы киелі аспаптың сарыны жатыр. Домбыра үнінде тек саз емес, елдік сана, ұлттық болмыс, еркіндік үні бар. Осы орайда күй атасы туралы белгілі күйші-зерттеуші, домбырашы, ҚР мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазының «Домбыра аспабының шығу тегі жайында» атты мақаласында күй жайлы айтқанына тоқталсақ.
– Күй атасы – мифологиялық дерек бойынша Қамбархан алғашқы домбыра аспабын жасаушы, күй шығарушы. Қамбар ата бейнесі жалпы түркі жұртына мәлім. Қазақтың, қырғыздың, түрікменнің күйшілері өз күйлерін осы Қамбар ата рухына бағыштаған. Домбыра атауына қатысты тұңғыш пікірді айтқан ғалым Қ.Жұбанов өзінің «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы» деген мақаласында, «Евразия елдерінің бәріне де тегіс тараған, соның бәрінде де музыка иесі болып саналған бір тотемнің аты болуы керек» делінген.
Ал академик А.Жұбанов сөзінде, «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деген.
Музыкалық аспаптың шығу тарихы ауқымды екені даусыз. Бүгінде сол тарихтың кішкене бөлігіне ғана тоқталып өттік. Ендігі кезекте домбыраның бүгінгі қолданылу аясына көз жүгіртсек.
Ұлттық болмысымызды айқындайтын қос ішекті аспап қазіргі таңда өресі кең қолданылуда. Әсіресе жас буынның музыкалық аспаптарға қызығып, түрлі қосымшаға жазылып, үйренуге тырысуы көңілді жадыратады. Бүгінде әр қалада қосымша үйірме мен қысқа сабақты тәжірибелік сағаттар ұйымдастырылып, ашылуда. Сонымен қатар осы жақында ғана аймағымызда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Музыка колледжінің ашылуы салтанаты өткен болатын. Бұл бастама әр талантты жасөспірім үшін ерекше қадам мен жаңа белестің бастауы болмақ.
Домбыра десек ең алдымен ойымызға күй, айтыс оралады. Себебі, домбыра – жай ғана аспап емес, қазақтың жанын сөйлететін, байырғы заманның тарихын тілсіз сипаттайтын, халықтың рухын көтеретін ұлттық болмыс. Ал, күй – сөзсіз жыр. Күйшілер домбыраны тікелей тілмен емес, жүрекпен сөйлетеді. Белгілі композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиев домбыра туралы «Күй – қазақтың рухы. Домбыра – сол рухты жеткізетін киелі құрал» деген. Кейіннен ұлттық аспапты заманауи үнге айналдырған күйші, профессор Айгүл Үлкенбаева «Домбыра – тек дәстүрлі емес, заманауи музыканың да негізі бола алады. Бұл аспапты әлемге танытатын – біз, оны сүйіп, қадірлеген ұрпақпыз» деген. Шынында да домбыра үнін әлемге таныту кейінгі ұрпақтың қолында.
Айтыс – қазақтың ежелгі ауызша суырыпсалма өнері. Домбырасыз айтысты елестету мүмкін емес. Домбыра – ақынның жан серігі, рухани қорғаны, тілі мен қаруы іспеттес. Осы орайда белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың сөзіне тоқталсақ. «Домбыра – айтыскердің рухын тіреп тұратын тін. Оның үні болмаса, сөздің де салмағы сезілмейді». Ал Ринат Зайытов «Домбыра – тектіліктің мұрасы. Ол бізге ата-бабамыздан қалған аманат қана емес, бізден кейінгілерге жеткізетін рухани көпір» деген сөзінде терең салмақты мағына жатыр.
Қорыта келгенде, қазақтығымызды айқындайтын домбыра тек ағаштан жасалып, екі ішектен тұрмайды. Оның үнінде қазақтың баға жетпес тарихы, бабаларымыздың бастан өткерген қиын-қыстау заманы, қазақ зиялыларының рухты болмысы жатыр. Домбыра – бабаның аманаты, ұрпақтың үміті. Оны қадірлеп, қастерлеу – өзімізді танудың бір бөлігі. Қолға алу – тарихқа тағзым болса, үнін есту – рухты сезінудің айқын көрінісі.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден