Майдан даласындағы ерлік ізі
Сұм соғыс кезінде майдан даласында өз өмірін отқа қиған, Сыр өңірінен аттанған жанның бірі – менің атам Әбдібахит Нұрманұлы. Ол елге жеңіске жетіп, оңай оралған жоқ. Бейбіт күннің қадір-қасиетін біз секілді ұрпағына сезіндіре білді. Ел үшін ерлік көрсетіп, бейбіт күнде аянбай еңбек етіп, ардақты азамат аудан тарихында ерекше орын алды.Әбдібахит Нұрманұлы – 1910 жылы Тереңөзек ауданына қарасты бұрынғы «Бостандық жол» ауылында дүниеге келген. Ол небәрі төрт кластық білім алғанымен, өмір мектебінен өткен, қайсар мінезді, еңбекқор азамат болған. Айта кететін болсақ, 1941 жылы ел басына күн туған шақта ауылдың өзге ер-азаматтарымен бірге майданға аттанып, Отан қорғау жолында жан аямай жанкештілік танытты. Майдан шебінде артиллерист әрі мылтық атудан бірінші санатты жауынгер ретінде көзге түсті. Бұл оның әскери даярлығының жоғары болғанының дәлелі.
Соғыс жылдары менің атам бірнеше рет қолы мен басынан ауыр жарақат алған. Госпитальда емделіп, елге жеңіспен оралғанымен, соғыстың салған жарасы өмірінің соңына дейін бірге жүрді. Ол Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі болды. Ерлігі мен еңбегі елеусіз қалмай, «Германияны жеңгені үшін», халық шаруашылығындағы еңбегі үшін Ұлы Жеңістің мерейтойлық және Маршал Жуков атындағы медалімен марапатталды.
Соғыс аяқталғаннан кейін ол бірден елге оралмай, Польшадағы қираған қалаларды қалпына келтіру жұмысына қатысқан. Оның бейбіт өмір орнатуға да өз үлесін қосқанын көрсетеді. Осы ретте елге келгеннен кейін өмірін мал шаруашылығына арнап, ұзақ жыл бойы колхозда шопан болып еңбек етті. Зайыбы Несібелі Алтонқызымен бірге сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, үлкен әулеттің негізін қалады.
Көргені мол азамат тек майдангер ғана емес, адамгершілігі мол, әділ, сабырлы, көреген жан ретінде көпшілік есінде қалды. Ол ауылдың сыйлы ақсақалына айналды. Оның әр сөзі – ақыл, әр ісі – өнеге болды.
Майдангер 87 жасында дүниеден өтсе де, оның ерлігі мен еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталды. Бүгінде оның балалары мен немере-шөберелері өсіп-өнген үлкен әулетке айналған. Өмір жолы – бүгінгі адамзатқа мақтаныш, патриоттықтың, еңбекқорлықтың және адамгершіліктің жарқын үлгісі.
– Әкем біздің әулетіміздің мақтанышы, елге сыйлы, жаны жомарт жан еді. Ол біз үшін тек майдангер ғана емес, қолы ашық, айналасына әрдайым көмектесуге дайын мейірімді әке болды. Жетім-жесірге, мұқтаж жандарға қол ұшын созуды парызым деп білетін. Соғыс туралы көп айтпайтын. Бірақ денесіндегі жарақаттары оның қандай ауыр жолдан өткенін үнсіз-ақ көрсетіп тұратын. «Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын» деген сөзі бізге өмірлік өсиет болып қалды. Бүгінде біз әкеміздің аманатын жалғап, өсіп-өнген ұрпақ болып отырмыз. Оның немере-шөберелері атасының ерлігі мен еңбегін мақтан тұтады. Соғыстан кейін бейбіт өмірде де әкеміз адал еңбектің үлгісін көрсетті. Ұзақ жыл бойы мал шаруашылығында еңбек етіп, бізді еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиеледі. Біз оның сабырлылығы мен әділдігінен өмірлік сабақ алдық, – деді ұлы Сейітқасым Әбдібахитұлы.
Менің атам өте шебер адам болған. Өз қолымен небір бұйым жасайтын. Соның ішінде, аттың жалынан жасаған желпуіші мен күміс белдігі балалары үшін аса қымбат жәдігер. Бұл бұйымдар бүгінде аудандық музейде сақтаулы.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










