Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

№ 30 газет

26 сәуір 2025 ж.

№ 29 газет

22 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Сұрапыл соғыстың сарбаздары

Сұрапыл соғыстың сарбаздары

Соғыс жылдары майдан даласында бір үйден бірнеше адам аттанып, жеңісті күнді жақындатуға барын салды. Сұрапыл соғыстың зардабын қарапайым халық көріп, ері мен баласын күткен ақ жаулықты аналардың бейнеті адам айтқысыз еді. Сыр өңірінен аттанған сарбаздар қатарында менің атам Жақай Әбдіреев пен атамның інісі Жұмабай Әбдіреев болды. Ерлігімен елге танылған сарбаздардың ұрпақтары есімдерін жаңғыртып, бейбіт күннің қадір-қасиетін айқын сезінуде. Жеңістің 80 жылдығы мерекесі аясында майдан даласында ерлік көрсеткен батырлар жа­йында мақала жазуды мақсат тұтып, қолыма қалам алдым.

ҚАРЖЫГЕР ҺӘМ МАЙДАНГЕР

Жеңісті күнді жақындатқан атам Жақай Әбдіреев соғысқа 29 жасында аттанады. Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген Жақайдың бітім-болмысы, азаматтық келбеті нағыз байсалдылықты байқататын. Жауынгер Ленинград түбіндегі ұрысқа араласып, барлаушы атанады. Бірнеше мәрте неміс жауынгерін қолға түсірген оның ерлігі Отанды қорғау жолындағы көзсіз ерлік еді. Сауаттылығы мен білімпаздығы соғыс даласында ел әскерінің көп шығынға ұшырамауына зор ықпал етті. Неміс жауынгерін штабқа тапсырғаны үшін «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Взвод командирі, аға-сержант атанған атам «үздік барлаушы» атағына қол жеткізді.

Әрине, соғыс жылдары қалжырап, күйі кеткен қаншама отбасы аяққа тұру жолында сүрлеулі жолдан өтті. Қиын-қыстау уақытта еңсесін тіктей алмаған жандар қаншама. Кезекті жаумен тайталас кезінде Жақай атам немістердің қоршауына түсіп қалады. Ауыр жарақат алған оны госпитальде емдеп, әскер қатарынан шығарып, елге жібереді. Елге келгеннен кейін есеп-қисап саласында қажырлы еңбек етеді. «Комсомол», «Коммунизм», «Ленин» колхозында бас бухгалтер қызметін атқарады. Лауазымды қызметте жүріп, жеке бастың мүддесін ешқашан ойламаған. Қазақтың «Зверьев министрі» атанып кеткен ел ағасы қаржы саласының майталман маманына айналды.

Ардақты азамат, менің атам аяулы әжеммен бірге 10 перзентті тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта оның ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде лауазымды қызмет атқарып келеміз.


«ДАҢҚ» ОРДЕНІМЕН НАГРАДТАЛҒАН АЗАМАТ

Ағасының ерлікке толы жолын жалғастырған Жұмабай Әбдіреев 1921 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен білікті кадр 9 жасынан бастап Коммунизм ұжымшарында ұжымдық шаруашылықтың мүшесі болған. 1941 жылы мектепті тәмамдаған ол соғысқа бозбала шағынан араласуына тура келеді. Көкем 1941-1942 жылдары Орта Азия әскери округінде ротаның саяси жетекшілерін дайындайтын курста оқығанын айта кетейін. Майдангер ұрыс даласында жүріп, ержүрек коммунист атанады.

Соғысқа жарамды деген елдегі азаматтар майдан даласына аттанғаны белгілі. Олардың қатарында менің көкем Жұмабай Әбдіреев те бар еді. Көкем 1942-1943 жыл­дары соғысқа араласады. №141 танкіге қарсы жойғыш артиллерия полкінде санитарлық нұсқаушы болады. Кескілескен шайқастардың бірінде ауыр жараланып, госпитальде ем алады. Жарақаты ауыр болған соң елге қайтару жөнінде шешім қабылданғанда Жұмабай көкем қарсы болып, «шыдаймын, төземін» деп соғысқа өз еркімен қайта қосылған. 1943 жылдан бастап ротаның барлаушысы, командирі секілді жауапты міндеттерді атқарған. Сұрапыл соғысты капитан әскери шенінде жеңіспен аяқтаған. Елге жеңіспен оралғаннан кейін майдангер Жұмабай Әбдіреев комсомол, партия ұйымдарында жемісті еңбек еткен. Тапсырылған жұмыстарды тиянақты орындап, ұқыптылығымен, тазалығымен көзге түскен. 1951-1952 жылдары Мәскеу әскери округінің Ярославль әскери теміржол училищесі жанындағы саяси қызметкерлер дайындайтын курсты оқып, Қарулы күштер құрамын нығайту мақсатында Архангельск облысы Плесецк ауданындағы Беломор әскери округіне рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне жіберілген. Мұнда 1955 жылға дейін болады. Кейін Қазақстан Компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің екінші хатшысының көмекшісі қызметін атқарады. Алматы жоғары партия мектебін бітіреді. 1960-1963 жылдары облыстық мәдениет басқармасын және кинофиксация кинопрокат мекемесін басқарады. 1981 жылы зейнетке шыққанға дейін ауыл шаруашылығы және дайындау саласы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған. Зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей облыстық партия комитетінде аудармашы болды.

Айта кетейік, майдангер көкем соғыстағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Екі рет ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденін омырауына таққан. Мұнан бөлек «Құрмет белгісі», «Ерлігі үшін» медалінің иегері. Қызылорда қаласындағы «Назарбаев» даң­ғылымен Арай мөлтек ауданының қиылысынан бұрылғандағы облыс әкімдігіне баратын көше көкемнің есіміне берілген.

Міне, біз майдан даласында өшпес ерлігімен танылған арда азаматтар хақында қалам тербедік. Өскелең ұрпаққа ұлы тұлғалардың есімін таныстыру – тікелей міндетеміз.



Саттар ӘБДІРЕЕВ



29 сәуір 2025 ж. 198 0