Толайым істерге толы төрт жыл
Қасиетті Сыр бойы – тамырын тереңнен тартқан тарихымен, еңбекқор халқымен, рухани құндылықтарымен ерекшеленетін киелі мекен. Бүгінде Сыр өңірі тек тарихи аймақ қана емес, қарқынды дамып келе жатқан, экономикалық әлеуеті артып, инфрақұрылымы жаңарып жатқан өңірдің біріне айналды. Соңғы жылдары Қызылорда облысында жүзеге асқан жүйелі жобалар мен ауқымды бастамалар өңірдің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айқын көрсетеді. Сыр өңіріне осыдан 4 жыл бұрын Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев әкім болып тағайындалған сәттен ауқымды жұмыстарды қолға алғаны мәлім.Ең алдымен, Қызылорда облысының экономикасын көтеруге айрықша серпін берді. Тынымсыз еңбектің арқасында көптеген ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақ бюджеті 851 млрд 300 млн теңге болып, 2021 жылдан бері 246 пайыз өскендігін аңғарамыз. Оның 56 пайызы (477,6 млрд тг) әлеуметтік салаға бағытталған. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, 2025 жылы 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есе артты. Бұл ретте жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге артқанын ұмытпаған жөн. Бұдан бөлек, аймақ бойынша қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Өз кезегінде 2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылса, былтырға 631 млрд 400 млн теңге жоспарланған. Есепті мерзімде жаңа жобаларды іске қосу арқылы жоспар 750 млрд теңгеден асып, 13,7 пайызға артығымен орындалды. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайызға өсіп, жеке инвестицияның үлесі өткен жылы 70 пайызды құрады.

Облыс экономикасының негізі саласы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға соңғы 3 жылда 43 млрд теңге қаржы бөлінді. Шаруашылықтар есебінен 41 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Кәсіпкерлікті қолдауға 2022-2024 жылдары әртүрлі көздерден бөлінген 203 млрд 81 млн теңгеге 16634 жоба қаржыландырылған. Оның 37 млрд 962 млн теңгесі – мемлекеттік бағдарламалар қаражаты санатына кіреді. Өткен жылы 40 млрд теңгеге 2464 жоба қолдау тауып, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 21 пайыз болды.
Сыр өңірінің орталығы – Қызылорда қаласына іргелес орналасқан Сырдария ауданында соңғы 4 жылда экономиканың негізгі салалары бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Аудан бюджеті өткен жылы 11,3 млрд теңгені құрап, 103,4 пайызға орындалған. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 3466 млн теңгені құрады. Қырық мыңға жуық халқы бар ауданда бюджет 2026 жылы 10,2 млрд теңгеге бекітіліп, 4 айдың қорытындысымен 2,8 млрд теңгеге жеткен. Жалпы алғанда, биыл ауданда 32 064 гектарға егін егу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, күріш дақылы 17 000 гектарға егілуде. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдарында жалпы саны 4585 гектар ақ егіс егілуде. Сәуір айында күріш егу жұмыстары басталып, 6266 гектарына дақыл себілсе, 4334 гектары суға бастырылған. 2022 жылдан бері ауданда 17 500 гектар жерге жүргізілген. Мәселен, Сырдария ауданы соңғы екі жылда «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» және «Егін шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен марапатталды.

– Қарап отырсақ, кейінгі жылдары Сыр өңірі Сырдария ауданының ажары айрықша айшықталып, елдің еңсесі тіктеліп келеді. Біз секілді көненің көзін көрген үлкендер үшін бүгінгі өзгерістердің барлығы – үлкен қуаныш. Бұрын ауылдардың жағдайы, жолдың жайы, ауызсу мен жарық мәселесі халықты толғандыратын. Қазіргі уақытта елді мекендер жаңарып, көшелер жөнделіп, жаңа нысандар салынып, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Нұрлыбек Машбекұлы өңірге жетекшілік еткен тұста облыс орталығы мен Сырдария ауданында толайым істер жасалды. Бүгінде аудан экономикасы да нығайып, шаруашылық саласы дамып келеді. Диқанның еңбегі ақталып, кәсіпкерлікке қолдау көрсетілуде. Жастарға жұмыс табылып, ауылда тұрақтап қалуына мүмкіндік жасалуда. Бұл – ел ертеңі үшін аса маңызды мәселе. Бір айта кетерлігі, ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы кеңінен дамуда. Мәселен, бұрын Сыр салысымен аты шыққан ауданда жүгері дақылын терең өңдеу зауытының іргетасы қаланды. Жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтін, 40 млрд теңгенің жаңа өндіріс орны заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 550 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Биылдан бастап Сыр өңірінде жүгері егісі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылғанын білеміз. Бұл – үлкен жетістік, – деді Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов.
Сырдария ауданында 2025 жылы 89,5 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылып, өсім 103,2 пайызды құрады. Айта кетейік, соңғы 4 жылда аудан экономикасына 279,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Негізінен, өткен жылы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 5,7 млрд теңгені құрайтын 199 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 8 жоба, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 19 жоба қаржыландырылды. «Өңдеу» бағдарламасы бойынша құны 256 млн теңгенің жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан субсидияланса, «Ұлттық жоба» шеңберінде 129 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 21 жоба, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 21 ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтары алынды. Өңірлік пул аясында Қалжан ахун ауылында құны 35 млн теңгеге жылыжай құрылысы іске қосылды. Тереңөзек кентінде құны 50 млн теңгені құрайтын наубайхана пайдалануға беріліп, бүгінде тәулігіне 500 дана нан және түрлі кондитер өнімдері өндірілуде.
Аудан көлемінде осы жылдың 1 сәуіріне дейін 2506 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Соңғы 4 жылда ауданда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 19,6 млрд теңгені құрайтын 1483 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Есепті мерзімде аталған бағдарлама аясында құны 917,3 млн теңгені құрайтын 18 жобаға қаржылай қолдау жасалған. Бұл ретте 2026-2028 жылдары құны 1,6 триллион теңгені құрайтын «Қызылорда Энерджи ЛТД» серіктестігінің «Қуаттылығы 1100 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы» жобасын жүзеге асыру жұмысы жүргізілуде. «СЕПМЕМ» компаниясымен құны 51 млрд теңгені құрайтын «Газ өндіру зауытының құрылысы» жобасын компания толық қаржыландырып, меншікті технологияларды, негізгі жабдықтарды және инженерлік құрылыс қызметтерін жүргізетін болады. Құны 4,3 млрд теңгені құрайтын Шаған ауылындағы «Қуаттылығы 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы» жобасын «Раманов» шаруа қожалығы алдағы жылы қосуды жоспарлап отыр. «SYR BREND» серіктестігінің құны 2,5 млрд теңгені құрайтын «Алкогольсіз сусындарды өндіру зауытының құрылысы» жобасын бастауға ниетті.
– Бүгінде Бесарық ауылында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы табысты жүзеге асуда. «Абай-Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда ауыл тұрғындарының 13 бизнес бастамасы шоғырланған. Жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнім өндіретін цехтар бар. Бүгінде жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, ауылымыз көркейе түсуде. Ауылдың халқы тынымсыз еңбегінің арқасында толайым табыстарға қол жеткізіп келеді, – деді Бесарық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әлжігітов.
Еліміз бойынша ең үздік туристік ауыл санатына кіретін Нағи Ілиясов елді мекеніне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, ауылдың инфрақұрылымдық дамуына оң бағасын берді. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев бастаған ел азаматтары елді барынша көркейтуде. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздіктер қатарынан көрінген елді мекен диқандары жыл сайын толағай табысқа қол жеткізуде.

Соңғы 4 жылда ауданда 104,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аталған уақытта 77,6 млрд теңгенің құрылыс жұмысы жасалған. Анығын айтқанда, 5 әлеуметтік нысан, 222 тұрғын үй, 16 инженерлік инфрақұрылым жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, Нағи Ілиясов ауылында құны 186,5 млн теңгеге жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-инфрақұрылым құрылысы жасалынды. Биыл құны 800 млн теңгеге «Тереңөзек теміржол вокзалын қайта жаңғырту» жұмысы жандануда. Сырдария ауданында газдандыру мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Қазіргі уақытта ауданды газбен қамту көрсеткіші 65 пайызды құрайды. 2022 жылдан бері құны 5,5 млрд теңгеге Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Н.Ілиясов, Шаған елді мекендері және Тереңөзек кенті жаңа қоныстану аймағы табиғи газға қосылды. Жоба құны 1,8 млрд теңгені құрайтын Ақжарма елді мекенін газдандыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінде тиісті жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, ауданда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына барлығы 112 тұрғын үй сатып алып берілді.
– Нұрлыбек Нәлібаев өңіріміздің әкімі болып тұрған уақытта сан саланың өркендеуіне зор үлес қоса білді. Әсіресе, Сырдария ауданындағы газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, бүгінде аудан бойынша «көгілдір отынмен» қамту деңгейі 65 пайызға жетуі – үлкен жетістік. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, ауылдардың әлеуетін арттыруға бағытталған нақты істің нәтижесі. Қазіргі таңда Ақжарма ауылында да газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ауыл халқы бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдап отыр. Себебі «көгілдір отын» – елдің тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатына оң әсер ететін маңызды қадам. Осындай игілікті істердің жүзеге асуына ұйытқы болған Нұрлыбек Машбекұлының еңбегіне халық әрдайым жоғары баға береді. Алдағы уақытта да Сыр өңірінде ауқымды жобалар жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете береді деп сенеміз, – деді аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов.
Аудан бойынша 263,26 шақырым жол бар. Негізінен, соңғы 4 жылда аудандық маңызы бар жолдарға жөндеу жүргізу мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 824,94 млн теңге қаржы бөлініп, барлығы 21,2 шақырым автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткен. Аудан бойынша жол саласына 55 жобаға 4,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 104 көшеге жөндеу жұмысы жүзеге асты. Аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 99 пайызды құрайды. Осы жылы да Тереңөзек кенті мен бірнеше елді мекенде жөндеу жұмысы жасалады. Бұл ретте Сырдария ауданында 2022 жылдан бастап құны 2,7 млрд теңгеге Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шаған ауылын электрмен қамту жүргізілсе, осы күні Қалжан ахун ауылында 490,5 млн теңгені құрайтын электрмен жабдықтау іске асуда.
Соңғы жылдары өңірімізде «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жеңімпаздарына коммуналдық техника және қаржылай сыйақы табыстау үрдіске айналған. 2023 жылы конкурстың жеңімпазы ретінде Бесарық ауылы танылса, 2024 жылы Тереңөзек кенті үздіктер қатарынан көрінді. Өткен жылы Нағи Ілиясов ауылы жеңімпаз атанды. Өз кезегінде тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін ауылдардың абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15 миллион теңгенің сертификатын Айдарлы және Іңкәрдария елді мекендері алды.
Ауданның әлеуметтік саласының дамуына айрықша көңіл бөлінді. Оның ішінде, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына ерекше назар аударылды. 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде салынған 27 медициналық нысанның алғашқысы – Нағи Ілиясов ауылында ашылды. Өткен жылы «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшелері бар жаңа емдеу мекемесі пайдалануға берілді. Әр жылдары Асқар Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, Аманкелді және Шаған ауылдарындағы емдеу мекемелері күрделі жөндеуден өтті. Серпінді дамуымен алдыңғы қатардан көрінуге ұмтылған Сырдария аудандық ауруханасына 14 санитарлық автокөлік табысталды.
Өткен жылы Тереңөзекте «Руханият орталығы» есігін айқара ашса, Бесарық ауылындағы мәдениет ошағы қайта жаңғыртудан өтті. Ал білім саласы бойынша да табысты жұмыстар жасалды. Мәселен, Сәкен Сейфуллин және Нағи Ілиясов ауылындағы білім ошақтары қайта жөндеуден өтті. Бесарық ауылында жаңа спорт кешені салынып, пайдалануға берілді.
Ауданды абаттандыру жұмысы да серпінге толы жаңалығымен көңілге медеу сыйлайды. 2022 жылдан бері аудан бойынша абаттандыру жұмыстарына 3 млрд теңгеге демеушілік жасалды. Оның ішінде, 192,2 млн теңгеге 10 ойын алаңы салынды. 2025 жылы Тереңөзек кентінде 465 млн теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауға арналған полигон пайдалануға берілді. Былтыр полигонда 3780 тонна қалдық сұрыпталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен құны 174 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмысы жүргізілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында құны 73 млн теңгеге аудан орталығында 6 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілді. Аудандық бюджет есебінен 200 млн теңгеге Тереңөзек кентінде «Тағзым алаңы» абаттандырылып, «Жастар аллеясы» салынды. Сырдарияда өткен жылы аудандық бюджеттен бөлінген 535 млн теңгеге абаттандыру жасалды.
Нағи Ілиясов ауылында «Абзал және К» толық серіктестігінің демеушілігімен құны 385 млн теңгеге көркейту-көгалдандыру, ауылға кіреберіс жолды, әлеуметтік нысандарды жарықтандыру және спорт-ойын алаңын салу жұмысына айрықша көңіл бөлінді. Бесарық ауылында «Абай-Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен 70 млн теңгеге «Жастар аллеясы» салынып, жаяу жүргіншілер жолына брусчатка төселді және жасыл белдеуге қоршау орнатылды. 2024-2025 жылдары Іңкәрдария және Сәкен Сейфуллин ауылында жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 31 млн теңгеге орталық алаңдар абаттандырылды. 2023-2025 жылдары аудан бойынша құны 801 млн теңгеге 21 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Биыл құны 106 млн теңгеге 3 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салу жұмысы жүргізіледі деп жоспарлануда.
Соңғы 4 жылда аудан көлемінде толайым істер жалғасын тапқанын көріп отырмыз. Нұрлыбек Машбекұлы Сыр өңірінің тынысын жаңа қырынан ашып, айрықша серпін бергені даусыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










