Тағылымы мол текті әулет
Таулардың алыстаған сайын биіктей беретіні секілді өмірден өтсе де ұмытылмайтын, ізгі істері ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалатын, болмыс-бітімі менмұндалап, дараланып тұратын біртуар азаматтар болады. Олардың есімі де, еңбегі де халық жадында сақталары анық. Біз білетін, аудан халқы құрмет тұтатын ардақты тұлғалардың бірі Қарсақбай Ибрагимов десек, тектіден туып, тектілік жолын қуып, халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен шыққан С.Сейфуллин ауылының жүгін қиын кезеңдерде абыроймен көтере білген Бақытбек Ибрагимов та атпал азаматтардың бірі де бірегейі еді.Өмір қамшының сабындай қысқа. Осынау салмақты сөзді ата-бабаларымыз қалай тауып айтқан десеңізші. Бірақ сол қамшының сабындай қысқа ғұмырда артына өшпес іс те, ізгілікті із де қалдыру екінің біріне бұйырмайды. Ал С.Сейфуллин ауылында өсіп-өнген Ибрагимовтер әулеті ауданымыздағы өзіндік орны, мәртебелі төрі бар әулеттердің санатынан. Әулеттің тірегі, темірқазығы болған Қарсақбай Ибрагимов сонау 1928 жылы дүниеге келген екен. Бұл кісі табын руының ішіндегі ажым аталығынан тарайды. Қайраткер тұлғаның ұстаздық қызметтен бастау алған қарапайым өмір жолы, мектеп директоры, ауылдық кеңес хатшысы, парторг, партия совет комитетінің төрағасы секілді қызметтермен жалғасқан. С.Сейфуллин атындағы кеңшарда шаруашылық жүгін көтеріп, абыройлы қызмет жасағанын ел-халық жақсы біледі. «Өте кішіпейіл, қарапайым, іскер басшы ауыл халқы алдында беделді азамат болды» дейді көзкөргендер. «Халықты сыйлай білді, қай ортада болсын құрметке бөленіп, бастаған ісін өз нәтижесіне жеткізбей тыным таппайтын» деп еске алады ардагерлер. Абыройға адал еңбекпен жеткен азамат әділеттің, адалдықтың ақ жолынан айнымаған. Берекелі шаңырақтың отанасы Күләш Қалиева ұлағатты ұстаз, нағыз қазақ әйеліне тән асыл қасиеттердің иесі болған. Балаларын еңбеккеш, шыншыл, қарапайым болуға баулыған ардақты жанның бейнесі ел жадында сақтаулы.
Осынау берекелі де бақытты отбасынан тараған ұрпақтың ең үлкені – Бақытбек Ибрагимов еді. Ол жастайынан жалынды, ізденіске құштар азамат болып өскен. Ісі мен сөзі үйлескен жан ерте есейіп, еңбекке де ерте араласты. Көшбасшылық қабілетінің арқасында қарапайым болмысының негізінде жауапты қызметтерді атқарды. Мектеп директоры, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, Тереңөзек кеңшарының партия ұйымын басқарды. Аудандық бюро мүшесі болып, аудандық кеңестің депутаты, Қазақстан комсомолының XV съезд делегаты болып, ел сенімін арқалады. Бұл туралы біз осыдан бірер жыл бұрын «Тектілігімен танылған тұлға» атты ғұмырбаяндық кітапта кеңінен жазған болатынбыз. Өкінішке қарай, Б.Ибрагимов небәрі 40 жасында қайтыс болды. Биыл дүниеден өткеніне отыз жыл толуда. Ғұламалар «адам өмірден өткеннен кейін оның амалдары тоқтағанымен, үш ісі тоқтамайды» дейді екен. Оның біріншісі салиқалы перзентінің дұғасы, яғни еске алуы болса, екіншісі садақасы һәм жақсылығы және үшіншісі еңбегінің ел-халыққа тиген шарапаты. Бұл ретте Бақытбек Ибрагимовтің ұлағатты ұрпақтары бар екенін, олардың әке аманатын ту етіп, абыройлы жолды жалғап жатқанын айтпай өту мүмкін емес. Биыл да ата-әжелерін, әкесін еске алып, ағайынның басын қосып, ізгі ниетпен жақсы амал жасауда. Бұл да ұлттық және отбасылық құндылықтың жалғасып жатқаны, ұрпақтар сабақтастығының ұлағатты да үлгілі көрінісі.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деп бекер айтылмаған. Бүгінде Бақытбек Ибрагимовтің артында аяулы жары Гүлназ Сүлеева және бауырлары мен ұл-қыздары қалды. Олар өсіп-өніп, өркен жайып, ел қатарлы еңбек етуде. Гүлназ Төлегенқызы – бүгінде зейнеткер, ол кісі қырық жылға жуық шәкірт тәрбиесімен айналысқан майталман ұстаз. Ал әке жолын, ата жолын жалғап келе жатқан бауырлары Қожабек пен Мұратбек – абыройлы отбасының мүшелері. Бақытбек Қарсақбайұлының үлкен баласы Бауыржан – ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқаруда. Айгүл – география пәнінің, Нұргүл – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Үйдің кенжесі Дәуіржан – Қызылорда қалалық қосымша білім беру орталығында еңбек етеді. Текті әулеттен түлеген ұлағатты ұл-қыздар аталарының, әкелерінің елге сіңірген еңбегін, адал еңбекпен келген абыройын мақтан тұтады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ










