«Қызыл жұлдызды» Сексенбаев
Майдан даласындағы әрбір күн сын сағаты еді. Аштық пен суық, оқ пен оттың арасында жүріп, кейіпкерім тек бір мақсатты көздеді. Ол – Жеңіс! Жеңістің арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында өмір сүріп келеді. Тереңөзектік Мұса Сексенбаев жауға кеудесін тосқан ержүрек батырлардың санатында. Жиырма жасында неміс басқыншыларына қарсы соғысқа аттанған жерлесіміз Сталинград майданында шыңдала түсті.Үш мәрте жараланған даңқты батырдың өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге. Мәселен, майдангер жеңісті жақындатуға барын салып, өзі секілді сарбаздармен бірге Украинаның бірнеше қаласын азат етуге атсалысты. Соғыс даласында 4 жылда ауыр жарақатына қарамастан, Отан үшін басын қатерге тікті. Жеңіске жету жолында пулеметші ретінде жаудың екпінін қайтара білді.
– Тарих – халықтың жүріп өткен жолы, көрген қиындығы мен жеткен жетістігінің айнасы. Сол тарихтың ең бір ауыр да тағылымды кезеңдерінің бірі – сұрапыл соғыс жылдары. Бұл кезеңде Отан үшін от кешіп, елін, жерін қорғаған майдангерлердің ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Майдангер – тек қару асынып, жауға қарсы тұрған сарбаз ғана емес, ол – елінің болашағы үшін жанын қиған, бейбіт өмірдің бағасын терең ұғындырған тұлға. Олардың әрқайсысының өмір жолы – ерлікке толы шежіре, өнегеге толы тағдыр. Менің әкем қаншама күн жаумен арпалысып, жеңісті күнді жақындата түсті. Сталинград қырғынында небір басқыншылыққа төтеп беріп, жаудың жоспарын күл-талқан етті. Өзім 78 жасқа келсем де, әкемнің ерлігін ұрпақтарына үлгі ретінде айтып отырамын. Әрине, біздің кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді, – дейді Совет Мұсаұлы.
Майдан даласында жүріп, 1942 жылы партия қатарына қосылған ардақты азамат 16 жасында комсомолға қабылданады. Есепке жүйрік, сауатты жастың алғырлығы жауапты қызметтер атқаруына септігін тигізеді. Соғыстан оралғаннан кейін майдангер Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысының көмекшісі, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, Комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарады. Бұдан бөлек, тәжірибелі маман, білікті басшы ауыл шаруашылығы саласында 20 жыл бойы жетекшілік қызметте жұмыс жасайды. Майдангердің есімі 2018 жылы Тереңөзек кентінің жаңа қоныстану аймағындағы жаңа көшеге берілді.
– Біз үшін майдангер атамыздың өмір жолы – үлкен мақтаныш пен өнегенің қайнар көзі. Оның соғыс жылдарындағы ерлігі мен елге деген адалдығы бізге әрдайым рух береді. Бейбіт күннің қадірін түсінуді, Отанды сүюді біз ең алдымен сол кісінің тағдырынан үйрендік. Атамыз соғыстан кейін де елдің дамуына үлес қосып, қарапайым еңбегімен көпке үлгі болды. Біз оның әрбір айтқан ақылын, өмірлік ұстанымдарын жүрегімізде сақтап келеміз. Осындай ержүрек азаматтың ұрпағы болу – біз үшін үлкен жауапкершілік. Бүгінде біз атамыздың ерлігін ұмытпай, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзіміздің парызымыз деп білеміз. Себебі, өткенін құрметтеген елдің болашағы әрқашан нық болады. Майдангерлердің ерлігі – мәңгілік, ал олардың есімі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады. Атамыз 75 жасында дүниеден өткен, – деді майдангер ұрпағы Динара Сексенбаева.
Айта кетейік, Мұса Сексенбайұлының соғыс даласындағы ерлігі бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Үздік пулеметші» атағымен марапатталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










