Батыр рухына тағзым
Тарихи деректерге сүйенсек, еліміз бойынша майданға аттанған 1,6 миллионға жуық жауынгер жауға қарсы жан аямай күрескен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерлігі үшін 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Олардың қатарында ауданымыздан Жаппасбай Нұрсейітов пен Нағи Ілиясов та бар. Жеңіс күні қарсаңында Жаппасбай Нұрсейітовтің туған жері Шіркейлі ауылында батырды еске алуға арналған турнир өтті.Аудандық деңгейде өткен тоспадоп бәсекесін ауыл әкімдігінің қолдауымен батырдың ұрпақтары, ауыл азаматтары ұйымдастырды. Жарыс алаңында бәстескен барлығы он команда бақ сынады. Әр ауылдың намысын қорғап келген командалар спорт сайысында қарсыластарынан оза шабуға тырысты. «Еңбегі елге мұра, ұрпаққа үлгі» деген тақырыпты арқау еткен сайыстың ашылу салтанатына ауыл әкімі Талғат Құламқадіров, батыр ұрпақтары Рима Жаппасбайқызы, Әсем Жүсіпбекқызы, Райхан Жүсіпбекқызы, Қайрат Төлебайұлы, сондай-ақ сайысқа демеушілік еткен азамат «Мәді Дуана қажы» қоғамдық қорының басшысы Нұрлан Көшеков, ардагер-ұстаз Асанхан Пірназаров, ауыл тұрғындары арнайы қатысты.
Ауыл әкімі Талғат Құламқадіров жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, батырдың өнегелі өмірі елге мұра екенін тілге тиек етті.
– Бүгін біз ерекше мәні бар, тағылымы терең іс-шарада бас қосып отырмыз. Жаппасбай Нұрсейітов – Шіркейлі ауылының тумасы. Рухты батыр, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын қайсар рухты азаматтың ерлігін келешек ұрпақ әркез үлгі етеді. Оның ерлігі мен өнегелі өмір жолы – біз үшін мәңгілік мұра. Осындай азаматтарды ұлықтау – біздің парызымыз, ал олардың есімін жас ұрпақтың санасына сіңіру – басты міндетіміз. Бұл турнир – тек спорттық жарыс емес, батыр рухына тағзым деуге негіз бар. Бұндай іс-шаралар жастарды отансүйгіштікке, табандылық пен қайсарлыққа тәрбиелейді. Бүгінгі додада бақ сынайтын спортшыларға сәттілік тілей отырып, жоғары нәтиже көрсетеді деп сенемін. Осындай игі іс-шараның ұйымдастырылуына атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді ауыл әкімі.
Өз кезегінде құрметті қонақтар сөз сөйлеп, Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітов туралы естеліктер айтты.
– Әкеміз Жаппасбай Нұрсейітов 1923 жылы 9 мамырда Тереңөзек ауданындағы «Қурайлы» ұжымшарында туған. Небәрі 18 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылған. Әуелде башқұрт шабуылдаушы дивизиясындағы жас әскерлер курсына, кейін Поляр қаласындағы сүңгуір қайық матросын дайындайтын арнайы мектепке қабылданған. Содан кейін ол теңіз жағалауындағы жаяу әскер қатарына сұранып, Рыбный аралындағы Мұста-Тендри түбегінде майдандастарымен бірге фашистерге қарсы оқ жаудырған. Ол Сталинград шайқасында барлаушылар взводы командирінің міндетін атқарған. Сталинград маңындағы Ахтырка қаласы үшін болған ұрыста бір өзі 35 фашистің көзін жойған. Сондай-ақ өзінің жауынгерлерімен бірге генерал-фельдмаршал Паулюстің штабын алуға қатысқан. Осы шайқастардағы аса белсенділігі мен ержүректігі нәтижесінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған, – деді батырдың ұрпағы Рима Жаппасбайқызы.
Деректерге сүйенсек, Днепр өзенінен өту кезінде Ж.Нұрсейітов отырған қайықты жағаға 50 метр қалғанда жау снарядының жарықшағы тесіп жібереді. Осы кезде батыр бабамыз әлгі тесікті денесімен жауып, ержүректілік көрсеткен. Ешқандай сескенуді білмейтін жауынгер үш тәулік бойы дұшпанның 13 рет қайта жасаған шабуылына тойтарыс беруге қатысып, 150 гитлершінің көзін құртқан. Сол кездері бір пулеметтен екіншісіне, одан келесісіне жүгіріп оқ жаудырып, қарсыластарын жойып отырған. Осы шайқастарда қатты жараланған Ж.Нұрсейітовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Бұл 1943 жылдың қарашасы болса, бұл атақ 1944 жылдың 10 қаңтарында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарғысымен бекітілген.
Батыр есімін ұлықтау мақсатында бүгінде Сыр өңірінде бірнеше көше, мектепке Жаппасбай Нұрсейітов есімі берілген. Ал туған жері Шіркейлі ауылында демеушілердің қолдауымен арнайы сыныпқа стенд орнатылған. Сондай-ақ былтыр аудандық деңгейде турнир өткізіліп, тарихи тұлға есімі ұлықталған. Биыл осы үлгілі үрдіс жалғасын тауып, сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл ретте, төрешілердің шешіміне сәйкес, І орынды Н.Ілиясов ауылы командасы жеңіп алған. Ал ІІ орынды Шіркейлі, ІІІ орынды Шаған ауылының спортшылары иеленді. Өз кезегінде жеңімпаз командалар мен үздік ойыншыларға Диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









