Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№27 газет

14 сәуір 2026 ж.

№26 газет

11 сәуір 2026 ж.

№ 25 газет

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Бекжан Ержігіт, ақын: ақында қабілет болмаса, шабыт шыңға шығармайды

Бекжан Ержігіт, ақын: ақында қабілет болмаса, шабыт шыңға шығармайды

Өмірді боямай, бар болмысымен көрсете білгенде ақынның шын бейнесі көрінеді. Шыншыл болумен қатар, сезімтал жүректі адамның, тіл мен ойдың шеберінің қатарында болу кімге болса да оңай емес. Қаламы жүйрік жас ақындар қатарына қосылып үлгерген шиелілік Бекжан Ержігіт қайраткер тұлға Алмагүл Божанқызының 80 жылдығына орай өткізілген «Елі сүйген, елін сүйген қайраткер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасының бас бәйгесін жеңіп алды. Осыған дейін талай жүлдені қанжығасына байлаған жас ақынмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Беке, бас жүлде құтты болсын! Алмагүл Божанқызына арнау өлең шығаруда қандай қасиетін басты бағыт ретінде алдыңыз?

– Алмагүл апай бүкіл қазаққа үлгі боларлықтай қайсарлыққа толы тарихтың иесі екенін көргенде өлең өздігінен шыға берді. Әйел затынан осын­шалықты мықты адамның шығуы, оның ішінде Сырдария ауданынан шыққанына қуанып, өлеңді осал шығармауыма тура келді. Сондықтан Алмагүл апай нағыз қазақ қызы деген атқа лайық екенін дәлелдеп кеткен. Тым құрыса сол келбетін қаламның күшімен жеткізгім келді. Дәуір көшкенімен, оның жасаған істері тарих бетіне таңбаланып жазылатыны жасырын емес. Қайраткердің болмысын ашуда үлкен ізденіс керектігін, ондай тұлғаның сирек екенін тереңнен сезіндім.

«Қыңыр ойдан қол үзбей шаршамай біз,
Әйел тізгін ұстауды ар санаймыз.
Жұртыңды ойлау жынысқа бөлінбейді деп,
Қайран қылды қазақты қаршадай қыз» – деп өлеңімнің алғашқы шумағын бастауымның себебі ел басқару ісінде әйел затының үлес салмағы бар екенін көпшілікке аңғартқым келді.
Ал «Ескермейді ерлігін бойламаған,
Құдай бағын жандырып қойған адам.
Ерлерден артық еңбек еткенімен,
Еркектен артықпын деп ойламаған» деген шумақта қайраткер апамыздың ер азаматтың жолын сыйлап, қызметте оларға құрметін аямағанын білдіргім келді. Біз жазған өлең халық көңілінен шыққаны рас болса, еңбегіміз ақталғаны деп білемін.

– Қай жастан бастап өлең жаза бастадыңыз? Өзіңіз жиі қалам тербейтін жанрды айтасыз ба?

– Өлеңді мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскенде жаза бастадым. Айтысқа да қатыстым. Бірақ жаныма жақын жазбалық өнер болғандықтан, бас тарта алмадым. Кез келген жанрда жазуға дайынмын. Қара өлеңнің киесін ұғынып, ел бағасын алудан артық ақынға ешбір бақыт жоқ. Сен өлең оқыған жерде сен туралы айтылып, өлеңің ел жадында жатталып, оқырман айта жүрсе, шығармашылықтың шыңы деп білемін.

– Өзіңіз секілді бір толқында келе жатқан жас ақындардың шығармашылығын қалай бағалайсыз?

– Иә, менің қатарымда өте мықты толқын шықты. Ұлықбек Бекұзақұлы, Ақжол Түменбай, Айдар Сайлауов секілді облыс, республикаға белгілі ақындармен бір толқында шыққаныма қуанамын. Қазіргі кезде ол ақындарды республика мойындап қойған. Ақын ретінде өзіңді мойындата алу – мықтылық. Ақын екенмін деп өздігінен өлең жазып, ешбір жерге жарияламай жүре бергеннен алға жылжу, өсу, өрлеу болмайды. Шын талант ауылынан ұзап шығуы керек. Өзі секілді буын жиналған ортаның атмосферасын сезінгені абзал. Біз бір-бірімізге демеу болып, өлеңдерімізді түзеп, бағыт-бағдар беріп отырамыз.

– Ең алғаш шығарған өлеңіңіз кімге яки неге арналды?

– Ең алғаш өлеңді Тәуелсіздік күніне жаздым. Тәуелсіздік – бұл тек саяси ұғым емес, ол – ұлттың жан дүниесіндегі ең биік сезім, ең асқақ мұрат. Ол – ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған арманның ақиқатқа айналуы, еркіндікке жеткен елдің ең қымбат байлығы. Еліміздің тәуелсіздігі – біздің тарихымыздағы ең қасиетті белес. Сол күннен бас­тап халық өз тағдырын өзі шешетін, болашағын өзі айқындайтын мүмкіндікке ие болды. Мен үшін егемендік – бұл желбіреген көк ту ғана емес, ол – әр азаматтың жүрегіндегі жауапкершілік. Еркін ел болу – тек бостандық алу емес, сол бостандықты қадірлеу, қорғау және дамыту. Қазақстан бүгінде әлемге танылған, еңсесі биік мемлекетке айналды. Бұл – ата-бабаның аманаты мен бүгінгі ұрпақтың еңбегінің жемісі. Ақын ретінде мен Тәуелсіздікті жырмен қорғауды, сөзбен ұлықтауды парыз санаймын. Өйткені еркіндіктің рухын сақтайтын да, оны ұрпаққа жеткізетін де – сөз өнері.

– Ақынға шабыт па, әлде қабілет пе, қайсысы көбірек керек?

– Ақынға шабыт керек шығар, бірақ қабілет болмаса, шабыт шыңға шығармайды. Шабытты қуалап жүріп, талай ақын өзін жоғалтып алғанын көзіміз көріп жүр. Қабілеті жеткен адамның ақындық қыры талай өрге сүйрейді. «Өлең жазайын десем, шабытым келмей жүр» деген бос әңгіме. Ақындықты қасиет, шеберлік, сосын мамандық дер едім.

– Өзіңіздің төлқұжатыңызға айналған бір өлең бар шығар...

– Қазіргі уақытта облыс көлемінде ана жайлы өлеңімді біраз жастар жатқа біледі. Менің төлқұжатыма айналған өлең десе де болады. Ана туралы өлеңімде:
«Жарық шашып шыққандай аспанға күн,
Ана сыйлау – бақытқа баспалдағың.
Кең дүние кейде естен шығарады,
Тағдырың тар құрсақтан басталғанын.
Мейірімінің білмейсің күші неде.
Тексіз жан ана құнын түсіне ме?!
Түн ұйқысын төрт бөлген сәби күнің,
Есейгенде кірмейді түсіңе де» деп ана қадірін арттырғым келді.

– Болашаққа құрған жоспарыңыз бар ма?

– Болашақта өзімнің жеке кітабымды шығарсам деген ой бар. Өлеңдерімді жинақтап жатырмын. Жеке кешімді беруге дайындық үстінде жүрмін. Барлығы алдағы уақыттың еншісінде.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

14 сәуір 2026 ж. 85 0