ӘРІПТЕСІМІЗ БАС ЖҮЛДЕ АЛДЫ
Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Сыр саңлағы, сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтің шығармашылығына арналған «Жауһар жырдың Асқары» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраның мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру. Сонымен бірге, қырғи тілді ақын А.Тоқмағамбетов шығармаларын жан-жақты насихаттау, талантты жазба ақындардың шығармаларын көпшілікке таныту және оларға қолдау көрсету болып табылады.
Жыр мүшәйрасы басталмас бұрын қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов, ақынның ұрпақтары және мүшәйраға қатысушы талапкерлер А.Тоқмағамбетов рухына тағзым етіп, ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды.
Облыстық жазба ақындар мүшәйрасы «Арман сол – қалсам елдің Асқары боп...» атты ақынға арнау және «Сөзі – жебе, сардар ақын» атты ақынның сатиралық өлеңдерінен тұратын екі кезең бойынша өрбіді. Бұл байқауға облыс аудандарынан 15-30 жас аралығындағы 12 ақын қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Мүшәйра барысында қазылық жасаған – Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова, «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы және халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері, ақын Назгүл Бердіқожақызы үміткерлердің шығармаларын бағалау кезінде шығарманың тақырыпты ашуына, буын, бунақ, ұйқас заңдылықтарының сақталуына, сахна мәдениетіне және т.б. мән берді.
Ақиық ақынның шығармаларына арналған мүшәйра нәтижесінде бас жүлдені сырдариялық ақын, әріптесіміз Ақтөре Ибрагимұлы жеңіп алды. І-орынды Шиелі ауданынан Бекжан Ержігіт, ІІ-орынды Арал ауданынан қатысқан талапкер Алтынбек Қыстаубаев, ІІІ-орынды Сырдария ауданынан Сұлтанбейбарыс Бақытбек иеленді. Сонымен қатар, «Өткір тілді» номинациясымен жаңақорғандық Мадияр Оспанов, «Ұшқыр қиял» номинациясымен шиелілік Гүлмира Жусанбаева марапатталды. Қалған талапкерлерге ынталдандыру сыйлықтары берілді. Айта кету керек, әріптесіміз өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Т.Сарыбаевты еске алуға арналған облыстық мүшәйраның да жеңімпазы атанған болатын.
Е.Сәрсенбекұлы