Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№27 газет

14 сәуір 2026 ж.

№26 газет

11 сәуір 2026 ж.

№ 25 газет

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Қайраткер есімі ұлықталды

Қайраткер есімі ұлықталды

Аудандық мәдениет үйінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Алмагүл Божанқызының 80 жылдығына орай «Елі сүйген, елін сүйген қайраткер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Тағылымы мол іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әріп Хожбанов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, қайраткердің замандас достары мен туыс­тары қатысты.

Ең алдымен, аудан қонақтары «Руханият орталығында» болып, тұғырлы тұлғаның өнегелі өмір жолы мен еңселі еңбегі, қажырлы қызметін насихаттайтын арнайы көрмені тамашалады. Көрмеге мемлекет және қоғам қайраткерінің алған марапаттары, архивтік құжаттары, фотосуреттері мен естелік заттары қойылып, саналы ғұмыры мен ел игілігі жолындағы ерен еңбегі жан-жақты таныстырылды. Іс-шара барысында аудан жастары Алмагүл Божановаға арналған арнау өлеңдерін оқып, рухани кештің мазмұнын байыта түсті. Өз кезегінде ардақты жанның замандастары мен әріптестері сөз алып, Алмагүл Божанованың іскерлігі, адами болмысы, елге деген жанашырлығы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның өнегелі өмір жолын айтып өтті. Ардагер-ұстаз Ділдахан Торғаева жүрекжарды жырын оқып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Бұл ретте «Құрмет» орденінің иегері «Өнердің өрдім өрнегін» кітабын аудандық орталық кітапхана ұжымына табыстады.
Ал аудан мәдениет үйінде өткен облыстық жазба ақындар мүшәйрасы тақырыптық бейнеролик және прологпен ашыл­ды. Прологта аудан өнерпаздары қайраткердің ғұмыр жолын тереңнен аша түсті.


Аудан әкімі Берік Сәрменбаев өнегелі өмір иесінің еліміз­дің дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.

– Әлемге әйгілі ақын, философ Жүсіп Баласағұн «Кісіге екі дүниеде пайдалы үш нәрсе бар, біріншісі – халқына адал қызмет ету, екіншісі – әділдік, үшіншісі – ар-ұят. Адам осы үш қағида арқылы бақытын табады» деген екен. Бұл қағида Алмагүл Божанқызына арналып айтылғандай. Мемлекет және қоғам қайраткерін қалың қазақ елі, оның ішінде Сыр елі жақсы біледі. Өнегесі мол тұлға еңбек жолын ағарту са­ласынан бастап, аудандық партия комитетінің хатшысы, халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. Тереңөзек ауданының әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы болып, аймағымыздың өркендеуіне үлкен үлес қосты. Аудан дамуында Алмагүл Божанованың еңбегі орасан зор. 1997 жылы Президенттің Жарлығымен республикада территориялық өзгеріс болып, облыс облысқа, аудан ауданға қосылып жатты. Қызылорда облысында бір аудан қысқаратын болып, таңдау Тереңөзек ауданына түскен. Сол кезде қоғам қайраткері комиссия алдында ауданды қорғап, сақталып қалуына бар күш-жігерін салды. Нәтижесінде, ауданымыз бүгінгі өркендеп, өскен дәрежеге жетті. Дана халқымызда «Тарихты тұлғалар жасайды» деген тағылымы мол сөз бар. Алмагүл апамыз ғасыр құрылысы саналатын Сырдария өзеніндегі үлкен көпірдің де салынуына ат­салысқан. Аудандағы құрылыс нысандары, әлеуметтік саланың дамуы, экономиканың өсуіне маңдай терін төккен. Аймақта тәрбиелі іс-шараларды ұйымдастырып, сол арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше еңбек сіңірді. Артына өшпес іс қалдырды. Сондықтан Мемлекет және қо­ғам қайраткері Алмагүл Божанованың есімі ешқашан ұмы­тылмайды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Облыстық жазба ақындар мүшәйрасына 12 ақын қаты­сып, бақ сынады. «Аузымен құс тістеген» ақындар қата­рында жаңақорғандық Ізбасар Әбдібеков, шиелілік Бекжан Ержігіт, қызылордалық Ақжол Түменбай мен Ұлықбек Бекұзақұлы, жалағаштық Сәния Жақып, қармақшылық Сағынай Бегалиева, қазалылық Қанат Сырлыбай, аралдық Айбану Қалиева, сырдариялық Бақтөре Айтбаев, Айжан Айдарова, Ержан Мұхиятдинов, Балтабай Ордабеков бар. Мүшәй­­раның ережесі бойынша алғашқы кезеңде ақындар Алмагүл Божанқызына арнау оқыса, екінші кезеңде еркін та­қырыпта жазылған өлең ұсынды.


– Бүгінгі басқосу – тағзым мен тағылым тоғысқан ерекше сәт. Біз Сіздің 80 жылдық мерейтойыңызға орай жиналып, ғибратты ғұмырыңызды еске алып, жарқын бейнеңізге құрмет көрсетіп отырмыз. Бұл – уақыттың алмасқанымен, адамдықтың, адалдықтың, ізгіліктің өлмейтінін дәлелдейтін күн. Алмагүл Божанқызы – есімі ел есінде сақталған, еңбегі халық жадында жаңғырып тұрған ардақты жан. Сіздің өмір жолыңыз – тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті. Сіз еңбек еткен жылдар – елдің еңсесі тіктеліп, қоғамның жаңарған кезеңдерімен тұспа-тұс келді. Сол уақыттарда Сіз өзіңізге жүктелген әрбір міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып, ел сенімін ақтай білдіңіз. Сіздің кеудеңіздегі «Парасат» және «Құрмет» ордені – жай ғана марапат емес, ол – халықтың жүрекжарды алғысының белгісі, адал еңбектің, маңдай тердің, табандылық пен төзімнің жемісі. Мұндай құрметке кез келген жан ие бола бермейді. Бұл – тек өз ісіне шын берілген, ел мүддесін жеке басынан биік қойған азаматтарға ғана бұйыратын биік баға. Сіз қандай қызметте болсаңыз да, адамдық болмысыңызды жоғалтпай, айналаңызға жылу сыйлап өттіңіз. Жаныңыздың кеңдігі, мінезіңіздің сабырлылығы, сөзіңіздің салмақ­тылығы – бәрі де Сізді ерекше тұлға ретінде танытты. Сізбен қызметтес болған жандар, Сізден тәлім алған ұрпақ – бәрі де Сіздің бойыңыздағы асыл қасиеттерді бүгінге дейін сағынышпен еске алады, – деді Қатира Жәленова.

Ақындардың өнеріне ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, қазылар алқасының төрағасы Мамыр Байдәулетов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бір­лестігі аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, «Ақмешіт ақшамы» газе­­тінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа, бағалады.

– Алмагүл Божанқызының 80 жылдығы – тек дата емес, бұл – тұтас бір өмірдің мәнін, елге сіңген еңбектің салмағын саралайтын тағылымды кезең. Алмагүл Божанқызы – өмірдің әр белесінде өз биігін сақтай білген жан еді. Ол ешқашан атақ үшін емес, абырой үшін еңбек етті. Сол себепті де халықтың ықыласына бөленді, елдің құрметіне ие болды. Мен оны көбіне сабырдың символындай қабылдайтынмын. Қандай жағдай болсын, асығыс шешімге бармай, байыппен қарап, тереңнен ой түйетін қасиеті ерекше еді. Осындай мінез – нағыз кемелдік белгісі. Алмагүл Божанқызының тағы бір қыры – адамға деген ілтипаты. Ол кісі үшін қызмет те, лауазым да бірінші орында тұрған жоқ, ең алдымен адам тұратын. Сол үшін де оның айналасында әрдайым сыйластық пен сенім болатын. Өмірдің заңдылығы – ешкім мәңгі емес. Бірақ әр адамның артында қалатын ізі әртүрлі. Біреулер ұмытылады, ал біреулердің есімі уақыт өткен сайын асқақтай түседі. Алмагүл Божанқызы – сол ұмытылмайтын жандардың қатарында. Бүгін біз оны жоқтап қана тұрған жоқпыз. Біз оның өмірінен үлгі алып, оның қалдырған жолына көз жүгіртіп тұрмыз. Оның әр ісі – өнеге, әр қадамы – сабақ. Ең алғаш Сырдария ауданына әкім болып келгенімде Алма апайдан қабылдап алдым. Ардақты жаннның әрбір ісіне таңданыс білдіремін, – деді Әріп Битілеуұлы.

Облыстық мүшәйраның қорытындысы бойында бас жүлдені Бекжан Ержігіт, І орынды Ақжол Түменбай, ІІ орынды Ұлықбек Бекұзақұлы мен Бақтөре Айтбаев, ІІІ орынды Сәния Жақып мен Айбану Қалиева еншіледі. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерге диплом, алғыс хат, қаржылай сыйлық табысталды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ



14 сәуір 2026 ж. 84 0