Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жас ақындар батырды жырлады

Жас ақындар батырды жырлады

Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығына орай «Байтақ елдің батыры» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылған  болатын.
Батырдың есімін жаңғырту, рухына бас ию, дарынды ақындарға қолдау көрсету және шығармаларын оқырмандарға насихаттау мақсатында өткізілген жазба ақындар мүшәйрасына Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Қармақшы, Сырдария, Қазалы, Арал аудандарынан 10 ақын қатысты.
Мүшәйраға ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтапов және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ердәулет Өтебаев, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гаухар Сәрсенбаева төрелік етті.
Талапкерлердің шығармасын бағалау барысында Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың майдан даласындағы ерлігін, Отанды қорғау шебіндегі қаһармандығын және бейбіт күндегі еңбегін ақындардың өлең арқылы жеткізуіне баса назар аударылды. Ереже талаптарына сәйкес, ұсынылған шығармалар мазмұны, ой ұтқырлығы, нақты әрі тарихи деректерді жаңғыртуы секілді басым бағыттар бойынша бағаланды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі ІІІ орынды жалағаштық Зылиха Жаңабай, жаңақорғандық Жансезім Амангелді және сырдариялық Зарина Жарболова иеленді. ІІ орын аралдық Алтынбек Қыстаубаевқа берілсе, І орынды шиелілік Бекжан Ержігіт қанжығасына байлады. Облыстық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесін сырдариялық жас ақын Ақтөре Ибрагимұлы жеңіп алды. Мүшәйра жеңімпаздарына Диплом және қаржылай сыйлықтар берілді.
Айта кету керек, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов 1920 жылы 18 сәуірде Тереңөзек ауданының Қызыл коммуна колхозында дүниеге келген. Даңқты майдангерге 1945 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен Дунай өзенінен өтіп, Венгрия астанасын неміс басқыншыларынан азат етудегі көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Бүгінде Сырдария ауданында батырдың есімімен аталатын ауыл және көше бар.
15 мамыр 2020 ж. 688 0