Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ сатирасының жай-күйі қалай?

Қазақ сатирасының жай-күйі қалай?

Қаншама күн, қаншама жыл өтсе де, қарымды қаламгер Сейіт Кенжеахметұлының «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» деген сөзі өз өміршеңдігін жолғалтқан емес. Қазақ сатирасының өз тұғырына қонған уақыты өткен ғасырдың бел ортасымен тұспа-тұс келеді. Уытты әзіл мен қағытпа қалжыңды көркемдеп жеткізу арқылы қоғамның әрбір мүшесіне ой салатын қазақ сатирасы бүгінде кенжелеп қалғаны жасырын емес.

Бүгінде басылым бетіне фельетон, памфлет, эпиграмма, сықақ әңгіме секілді жанрда қалам тербейтін автор қатары саусақпен санарлық. Дәл қазіргі уақытта өткір, сынға негізделген, ащы, батыл әшкерелеуге жатқызылатын сати­ралық шығарма жазу шығармашылық тұрғыдан алғанда жан-жақты ізденімпаз бен дарынды болуды қажет етеді.

Алысқа бармай-ақ сатира сардары, ақын Асқар Тоқмағанбетовтің шығармашылығына ден қойсақ, оның қазақ әдебиетінде сатиралық поэзияның негізін қалаушы ретінде білеміз. Жазушы Мұхтар Әуезов «Қырғи тілді Асқар» деп бекер бағаламаған. Ақынның сатиралық өлеңі мен фельетоны, бірнеше мәрте жинақ ретінде жарық көрді. Памфлет жанрына аса мән беріп, жанрлық тұрғыдан дамуына көңіл бөлген. Қазақ сатирасының жанрлық ерекшеліктері көп қырлы екенін ақын шығармашылығынан аңғара аламыз.

Көбіне ауызша сатира халық ораторлары мен жыршы-термешілер арқылы таралып, көркем тіл мен өткір ойға негізделген. Әдеби сатира өткен ғасырларда дамып, әлеуметтік мәселелерге, адам мінез-құлқы мен әділетсіздіктерге бағытталды. Қазіргі сатира теледидар бағдарламалары, интернет және әлеуметтік желілер арқылы таралып, көбіне жеңіл әзіл мен мемдерге айналып отыр. Өткір әлеуметтік сынның орнына көңіл көтеруге басты басымдық берілген. Аталған жанр­ды ерекшелендіретін басты қасиеттің бірі – оның қоғамдық мәні, тілдік шеберлігі және күлкі арқылы тәрбие беру екені даусыз.

Қазақ сатирасын жаңғыртудың болашағы оның қоғамға әлеуметтік миссиясын қай­таратын шығармашылыққа байланысты. Жур­налистік, әдеби және театрлық сатираның үйлесімі, сондай-ақ интернет пен әлеуметтік желілердегі интеллектуалды әзіл жаңа бағытқа жол ашады. Егер сатира тек жеңіл әзіл мен мемдерге айналмаса, ол дәстүрлі мәнін сақтай отырып, қоғамдағы кемшілікті көрсетуге, ой саларлық сын айтуға бағытталуы мүмкін.

Қорытындылай келе, қазақ сатирасы – күлкі мен өткір сынды үйлестіретін, өмірдегі кемшілікті айқын көрсететін ерекше жанр. Бүгінгі таңда жеңіл әзіл мен мемдердің көбейгені оның құндылығын төмендеткенімен, кәсіби қаламгерлер мен шығармашылық қауым сатираның әлеуметтік миссиясын сақтауда. Оның болашағы – қоғамның өзекті мәселесіне өткір оймен үңілетін шығармашылық адамы­ның қолында. Дегенмен өткен ғасыр­дың қаламгердің салған сара жолын жалғастыратын кейінгі буын сатира жанрын өз биігіне көтере алса дейміз.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөз
31 наурыз 2026 ж. 51 0