Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапқа адалдық – ғұмырлық ұстаным

Кітапқа адалдық – ғұмырлық ұстаным

Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, ал сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін жандар – кітапхана қызметкерлері. Олар – руханият жолында қызмет етіп, қоғамның зияткерлік дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген нағыз еңбек майталмандары. Кітап иісімен тыныстап, оқырманмен бірге өзгеше әлемге сапар шеккен жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.

Осындай қызығы мен өзіндік ауырт­палығы қатар жүретін салада табан аудармай 43 жыл қыз­мет атқарып, сан мыңдаған оқыр­манның жүрегіне жол таба білген Майра Балмағанбетованың еңбек жолы – тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті. Бұл жылдар – тек уақыт өлшемі емес, білім мен мәдениеттің, ізденіс пен ізгіліктің үздіксіз жалғасқан шежі­ресі. Кітапхана тынысымен бірге тіршілік етіп, әрбір оқырманға бағыт-бағдар беріп, рухани бай­лыққа жетелеген жан жас буын кітап­­­ханашыларға әркез үлгі-өне­ге көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп отырады.

Аудандық орта­лық­тан­ды­рыл­­­­ған кітап­ханалар жүйе­сінің библиографы Майра Сражад­дин­қызы жақында зейнет демалысына шықты. Аяулы әріптесті қыз­меттестері салтанатты түрде шығарып салды. «Руханият орта­лы­ғында» өткен жиынға аудандық мәдениет бөлімінің бас­шысы Анар Қалдыбаева, орта­­лық­тан­дырылған кітапхана жүйесінің дирек­торы Рүстем Бай­ділдаев, кітап­ханашылар қатысты. АХАЖ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова зейнет демалысы­на шыққан кітапханашыға куә­лігін салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде бөлім бас­шысы әріптестері арасында зор беделге ие болған Майра Балмағанбетованы мерейлі жасымен құттықтап, аудан әкімінің құттықтауын табыс етті.
– Сізге кітапхана саласында қырық жылдан астам уақыт бойы адал еңбек етіп, оқырмандарға рухани азық сыйлап, мәдениет пен білімнің дамуына қосқан зор үлесіңіз үшін шынайы ал­ғы­сымды білдіремін. Сіздің көп­жылдық тәжірибеңіз, жоғары кәсі­билігіңіз бен жауапкершілігіңіз өскелең ұр­пақты білім мен кітапқа баулуда. Кітапхана ісін дамытуға, оқырман мәдениетін қалыптастыруға сіңір­ген еңбегіңіз ерекше құрметке лайық. Саналы ғұмырыңызды рухани қазынаны сақтап, ұрпаққа білім мен тәрбие дәнін себуге арнадыңыз. Сіздің еңбегіңіз – өлшеусіз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деген аудандық мәдениет бөлімінің басшысы кітапханашыға сый-құрмет көрсетті.


Айта кетейік, Майра Балмаған­бетова – жоғары білікті маман, өз ісінің білгірі. Еңбек жолын 1982 жылы №20 филиал кітапханасының кітапханашысы болып бастап, сол кезеңнен бері ру­ханиятқа, білім мен мәдениетке саналы ғұмырын арнап келеді. 1984 жылы Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің «кі­тап­хана ісі» мамандығы бойын­ша білім алса, еңбектен қол үзбей, 1988 жылы Шымкент қала­сындағы институтқа түсіп, 1992 жылы «кітапханашы-биб­лиограф» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Өз ісінің маманы атану үшін ең алдымен маман­дығыңа деген махаббат керек десек, кейіпкеріміз өз ісі­нің шебері екенін көрсетіп, үздік тәжірибесін кейінгі буынға үйре­тіп келеді. «Кітапқа қызмет – ғұмыр­лық міндет» деп білетін жан аудандық орталық кітапхананың әдістемелік-библиографиялық бөлімінде библиограф қызметін абыроймен атқарып, зейнет демалысына шықты. Іс-тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында оқыр­манға бағыт-бағдар берумен қа­тар баспа шығармалары туралы ақпарат беру, библиографиялық көр­­сеткіш пен құрал шығару, өлке­тану жұмыстары, ұсыныс тізім­­дері, картотекалар мен анық­­­­тамалар дайындау, маман­дарға кәсіби кеңес беру мақ­са­тында семинар-кеңестер, ше­бер-сынып ұйымдастыру – оның негізгі міндетінің бір бөлігі ғана. Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі лайықты бағаланып аудан, облыс көлемінде Алғыс хаттармен марапатталған кітапханашы осы саланы өмірлік серік еткенін мақ­тан тұтады.

– Кітап – адам баласының ең сенімді серігі, сарқылмас рухани қазынасы. Осы қасиетті дүниеге қызмет ету мен үшін жай ғана жұмыс емес, өмірлік парыз болды. Осы жылдар ішінде талай оқыр­манмен жүздесіп, олардың білімге деген құштарлығын көріп, өз еңбегімнің мәнін тереңірек тү­сіндім. Кітапхана – киелі орын, сол орданың бір бөлшегі бол­­ғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Өмі­рімнің ең мәнді де мағыналы кезеңі осы саламен тығыз байланысты өтті. Ең бастысы – кейінгі буын кітапқа жақын болып, рухани байлығын арттыра берсе екен деймін. Себебі, кітап бар жерде – білім бар, білім бар жерде – болашақ бар, – дейді Майра Сражаддинқызы.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

31 наурыз 2026 ж. 55 0