Қырғи тілді ақын музейі
Құт мекен Сырдария ауданы дарындардан кенде болмаған. Бір ғана қырғи тілді Асқар ақынның өзі аудан мерейін асқақтатып тұр. Ақиық ақын сатиралық поэзияның негізін қалаушылардың бірі ретінде қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан. Сондықтан ақын атымен аталатын ауылда музей жасақталған. Бұл жер нағыз рухани орын саналады.
Музей қорында белгілі жазушының өмір белестерін айқындайтын суреттер қоры жасақталған. Оған кірген бетте ел мақтанышының қолына кітап ұстап тұрған үлкен суретін көресіз. Ал оның екі жағында А.Тоқмағамбетов туралы қазақ ақын-жазушыларының тұғырлы тұлғалары Ә.Тәжібаев пен М.Әуезовтың пікірлері жазылған. Алғашқысы «Асқардың өмірбаяны – республикамыздың өмірбаяны. Ақын осы өмірдің әр дәуірін жырымен баяндап отырғанда, өз сезімі мен жүрек күйін де сол жырларында қалтқысыз көрсетіп келген. Ол біздің ең белсенді, ең ұшқыр ақындарымыздың бірі» десе, «Абай жолын» жазған жазушы: «...Тіл жөнінен бұрынғының қорынан қарбытып отыратын, анық асыл тіл байлығы бар екі ақынды бөліп айтар едім, олар – Асқар мен Ғали. Асқар – қырғи тілді ақын» деп баға берген.
Мұндағы суреттер қорына тоқталар болсақ, алдымен, ақынның отбасы, немерелерімен түскен фотобаяндары көзге түседі. Одан кейін жұмыс үстелі, жұмыс барысындағы әріптестерімен, қарымды қаламгерлермен, атақты адамдармен кездескен, шет елге шыққан сапарлары суреттері қойылған. Атап айтқанда, төргі жақта 1975 жылы ақиық ақынның 70 жылдық мерейтойына келген Т.Әлімқұлов, Ә.Қоңыратбаев, М.Бәйділдаев, Ж.Бектұров секілді көптеген қазақ қаламгерлерімен түскен суреттері қойылса, осы қатарда ғарышкер-ұшқыш, Совет Одағының батыры Г.Титовпен, әлемге танымал жазушы Ш.Айтматовпен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері З.Шүкіров, Т.Ахтанов, Ғ.Мұстафин, З.Жарқынбаев, С.Шаймерденов, Ғ.Мүсірепов, М.Әлімбаевтармен кездескен шағы ілулі. Бұдан бөлек, республикалық «Ара», «Балдырған» журналы, «Ленин жолы» газеті редакциясындағы, еңбек адамдарымен, жастармен, шәкірттерімен жүздесудегі естелік суреттері бар. Сондай-ақ осы төргі жақта ақынның бас киімі мен өзі қолданған теру машинкасы тұр.
Ақын музейі қорында тарихтан сыр шертетін суреттер қатары көп десек, оның ішінде жүз жасаған Жамбылмен кездескен суретті ерекше атап өту керек. А.Тоқмағамбетовтың жас шағында бір топ қаламгерлермен қазақ жырауын ортаға алып, сұқбаттасуы ғажап кезең екені сөзсіз. Сонымен қатар мұнда қазақ драматургиясына көп үлес қосқан жазушының С.Қожықовпен бірігіп жазған «Маржан» (орысшасы «Если бы каждый из нас») атты сценариі бойынша «Қазақфильм» киностудиясы кино түсіре бастағандығы жөнінде айғақты материалдар бар.
Музей – кешегі тарихты бүгінгі күнмен жалғастырып, кемел келешекке, кейінгі ұрпаққа үлгі әрі аманат ететін мәдени орталық. Сондай-ақ музейлер – әрбір адам баласы үшін демалыс және өзін-өзі жетілдіру орны болып саналады. Музейлерсіз қоғамның интеллектуалдық, мәдени, білім беру деңгейін көтеру мүмкін емес. Яғни, музейлер әр азаматқа өз елінің және әлемдік өркениеттің мәдени және рухани мұрасын тануға жол ашып, оны құрметтеуге және түсінуге үндейді. Міне, осы тұста ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтың музейі адамдарға рухани азық сыйлайтын орын екені белгілі. Бұл жерде ақын өмірімен жақын танысасыз. Барлық құнды жәдігерлері сақтаулы тұр. Осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оны кейінгі ұрпаққа таныстырып, табыстауға еңбек сіңірген сала мамандарына алғысымыз шексіз, – дейді мәдениет саласының ардагері Алма Бақтиярова.
Жалпы, ақиық ақынның музейінен көпшілік рухани азық жинап, Сыр еліне, оның ішінде тарихы шежірелі Сырдария ауданына табан тіреген ақын-жазушылар жөнінде көптеген мағлұмат алады. Сондықтан Асқар ауылына жол түссе, қырғи тілді ақын музейін көре кетіңіз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ