Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Әңгіме

Иван Петиннің әйелі кетіп қалды. Кеткенде де қайтіп, қалай кетті?.. Кәдімгі ескі романдарда жазылғандай, бір офицермен бірге кетті де қалды. Иван алыс сапардың бірінен оралған болатын. Машинаны қораға кіргізіп, үйге кірді. Сосын үстелдің үстіндегі қағазды көріп қолына алды. «Иван, кешір мені, мен бұдан былай сен сияқты дөңбекпен тұра алмаймын. Мені іздемей-ақ қой. Людмила». Алпамсадай Иван маңдайынан тиген соққыдан есеңгірегендей, орындыққа отыра кетті. Қалай екені белгісіз, бірақ бұл ешқандай қалжың емес екенін сезді.

Тіпті мұның қабілетінің өзімен-ақ өмірдің қиыншылығын көтеруге болатын сияқты еді. Мынаусы тіпті сұмдық болды. Жүрегінің асты қатты шаншып кетті. Бойын шексіз қайғы мен мұң биледі. Өзі жылап жіберуге шақ қалды. Басқа бірдеңе ойлап алданбақшы болып еді, болмады. Жүрек тұсында бірнәрсе күйіп тұрды. Санасын қысқа бір ой түйреп өтті: «Міне, қандай қырсыққа тап болдым». Болды.
Қырыққа келген Иван ауылдағы басқа еркектердей емес, өз жасынан әжептәуір кәрі көрінетін. Оның түнеріңкі жүретіні, тұйық мінезі, ешкімге ешқандай кедергісін келтір­мейтін. Тек оның бұл қасиеті көзге ұрып тұратын. Адам көтеріңкі көңіл-күймен жүре ме, немесе адамдармен тіл табысып кете ала ма, жоқ па, адамды осы қасиеттері арқылы бағалауға бола ма, болмай ма бұл жағына бас қатырып жатпайтын.


Ал Людмила болса, «сен қалай ойлайсың?» деуші еді. Бұл оның осы сөзін жақсы көретін. «Бірақ мәселе мұнда емес қой деп ойлады ол. Мен саған саяси жетекші емеспін?» Сөйтсе, ол мұның бұндай мінезіне шынымен қиналған екен ғой. Иван содан кейін оқиғаның қалай болғанын, анық-қанығын білді. Сөйтсе, селоға бір офицер бастаған шағын әскери топ келген. Олар осы жердегі электр подстанциясын жөндеуге тиіс болған. Олар селода бар болғаны бір апта уақыт болады. Жөндеп болғасын қайтып кетеді. Ал әлгі офицер өзіне біржола отбасыны да «жөндей» кеткен. Иван екі күн бойы өзін қоярға жер таппады. Күйігін ащы сумен баспақшы болып еді. Қайта одан сайын берекесі кетті. Жүрегі айни берді. Сосын біржола қойды. Үшінші күні аудандық газетке әңгіме жазбақшы болды. Ол жазықсыз адамдардың өмірі туралы көп оқитын. Иванның да әңгіме жазғысы келді.

***
Оқиға былай болды. Мен келсем үстелдің үстінде қағаз жатыр. Мен оны қайталап жатпаймын. Ол балағаттап жазыпты. Ең бастысы, ол бұл мекерлікті неге жасағанын білем. Жұрт оған бір әртіске ұқсайсың дейтін. Бірақ, мен қандай әртіс екенін ұмыттым. Онда тұрған не бар. Бірақ ол мұны түсінбейтін. Мен де біреуге ұқсаймын. Ендеше, мен айна үстіндегі бүрге сияқты секіре берейін бе? Сол әртіске ұқсайсың деген кезде, ол бақыттан гүл-гүл жайнап кететін. Ол мәдени-ағарту мектебіне сол үшін барған. Мұны оның өзі айтты. Ал егер біреу біреуге сен Гитлерге ұқсайсың десе, сонда ол мылтықты ала салып, жұрттың бәрін қыра беру керек пе? Соғыста Гитлерден айнымайтын біреу болды. Оны содан кейін басқа жаққа аударып жіберді. Жоқ бұның есіл-дерті тек қала болды да тұрды. Мені сол кезде бүкіл қала танитын болады дейтін. Енді осыдан кейін қалай ақымақ деп айтпайсың?! Негізі, ол ақымақ емес, тек түрі жөнінде аздап қателеседі. Мен біліп тұрмын. Ол былай деп айтқан: «Сен бір әртіске күшті ұқсайсың» деп. Әрине бұл сөзден басын жоғалтып алған. Әй, сендерді де мемлекет оқытты-ау, сендерге ақша жұмсады. Ал сендер қоғамның мойнына мініп алып, мәз болып жүрсіңдер! Ал мемлекетке шығын келді. Иван жазуын тоқтатты да, бөлме ішінде арлы-берлі жүрді. Өзіне жазғандары ұнады, тек, мемлекет деген сөз онша дұрыс емес секілді. Ол үстелге жақындап келіп, «мемлекет» деген сөзді белінен сызды. Сөйтті де, әрі қарай жаза бастады.

Әй, Құдайым-ай! Егер мен жүр­гізуші болсам, дым түсінбейді деп ойлайсыңдар ма? Мен керек болса, сенің ішіңдегіні сенің өзіңнен артық білем. Мен осыны жазып отырған қолдарыммен Үкіметке пайдамды тигізіп отырмын. Реті келіп жатса, дәл осы қолдарыммен біреулерді қақ маңдайдан ұрып та жібере аламын. Ондай кезде ол адам үйінде бір апта жатып шығады. Мен ешкімді қорқытып отырғаным жоқ. Бірақ реті келіп жатса ұрып жіберетінім рас.Түрі әжептәуір бір әйелді көре салып, бірден жабыса кету ол дұрыс емес. Шынын айтсам, мен шашы жоқ таз болсам да, біреуді көре салып жабыса алам. Өйткені, ұзақ сапарда жүргенде жолда неше түрлі қыз-қырқын кездесіп қалады. Бірақ мен ондай нәрсе істемеймін. Мүмкін, ол да біреудің әйелі шығар? Олар бірдеңе болып жатса, тілдеріне ие бола алады. Ол кезде олардың күйеуінің алдында менің кім болғаным?

Енді мынаны қара. Бөксесін бұ­раң­датып, қылымсып, беті ауған жаққа кетіп қалды. Солай ма? Ал бұл жерде оның отбасы бұзылды. Енді оның жаңа өмірінің жақсы болатынына көзі анық жете ме? Жоқ! Оның ол адамды білетініне бір апта болды. Біз төрт жыл бірге болдық. Осыдан кейін де оны ақымақ емес деп айта аласың ба? Үкімет оған қаншама ақша жұмсады, оқытты. Сонда оқы­ған оқуы қайда? Оны жаман бол деп оқытқан жоқ қой. Мен оның әке-шешесін де білем. Олар көрші ауылда тұрады. Оның да ағасы офицер, аға-лейтенант. Ол жөнінде тек жақсы пікірлер естисің. Саяси және әскери дайындықтың үздігі. Ендеше, неге оның басы бас емес, қауақ болған? Мен осыған таңғалам. Мен ол үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Менің жүрегім онымен бірге тұтасып кеткен. Сапардан қайтып келе жатқанда, қазір көретінім есіме түссе менің бойымды қуаныш кернейді. Ал ендеше, көре ғой! Тіпті, бір епті, сумақай біреу кездесіп қалды дейік, сөйтіп бір он минуттық бірдеңе бола қалса... жарайт, мен мұны бірдеңе қылып ұмытармын. Біржола кетіп қалу деген не сұмдық? Мен мұны да түсінбейм. Тіпті миы­ма кірмейді. Өмірде бәрі болады. Адамның әлсіздігі болады. Сол өмір­ді бір сәтте быт-шыт қылу не деген масқара?! Өмірді осылай өз қолыңмен құртып алып, қайтадан жөндеу оңай ма? Бүгінде өзі отызға келеді. Менің қатты көңілім қалды. Сондықтан осы әңгімені жазып отырмын. Шындап келсе, менің өзімде төрт орден, үш медаль бар. Мен әлде­қашан коммунистік еңбектің екпін­дісі болатын едім. Бірақ менің бір жаман әдетім бар: ішсем болды, бәрін шетінен дымын қалдырмай бала­ғаттаймын. Бұл да менің басыма кірмейтін түсініксіз бірдеңе, ал ішпесем мүлдем басқа адаммын. Ал машина айдайтын болсам мүлдем ішпейм және ішкенімді ешкім көрмейді де. Людмиламен болған төрт жыл ішінде бірде бір бала­ғаттағаным жоқ, мұны ол өзі де растайды. Мен оған дөрекі сөз де айтқаным жоқ. Ал ол маған мынадай иттік жасап отыр! Мұндайда кім болса да ренжиді. Менде тастан жаратылғаным жоқ.

Сәлеммен, Иван Петин. 1 классты шопыр.

Иван өзінің «әңгімесін» алды да үйден шықты, редакция үйінен онша қашық емес болатын. Көктем еді, бұл оның еңсесін тіпті түсіріп жіберді. Оның есіне осы көшемен жақында ғана клубқа барғандары есіне түсті. Иван оны дайындықтан қайтып келе жатқанда күтіп алатын. Ал кейде да­йындыққа шығарып та салатын. Ол осы «дайындық» деген сөзді өлер­дей жек көретін, бірақ мұнысын біл­­діртпейтін: ал әйелі дайындықты құдайындай көретін, бұл әйелін құ­дайындай көретін. Бұған әйелімен бірге көшеде жүру ұнайтын, әйелінің сұлулығына мақтанатын. Ол көктемді де ұнататын, көктем енді ғана түсіп келе жатты, бұл белгі әсіресе таңертеңгілік жақсы байқалатын, жүрегі тәтті бір сезімге бөленіп, нені екені белгісіз әйтеуір бірдеңені күткендей болатын. Міне, сол жер бетіне жарқыраған күнді, жылы ауа райын, басқа да қуаныштарын сыйлайтын ерке көктем де келіп жетті... Иә, жетті... Ал бұл жолы, бұның бәрін көздері көрмейтіндей еді.
Иван редакцияның кіреберісіндегі шүберекке аяғын мұқият сүртті де ішке кірді. Редакцияда ол бұрын болып көрмеген, бірақ редакторды танитын: балыққа барғанда кездесіп қалатын.


– Агеев бар ма! – деп сұрады ол, хатшы әйелден. Бұл әйел мұның үйінде жиі болатын, сөйтіп мұның әйелімен екеуі дайындыққа кететін. Екеуі сөйлесіп жатқанда «дайындық» деген сөздер құлағына шалынып қалатын. Иван оны көргенде аман­даспай-ақ қоюды жөн көрді; бірақ жүрегінің асты біртүрлі боп шаншып кетті. Әйел бұған бар ынтасымен, шат көңілмен көз тас­тады.
– Бар. Сіз сол кісіге келдіңіз бе?
– Иә... Менің бір шаруам бар еді.

Иван оның жүзіне тура қарады: «Саған да біреулер көз тастап жүрген шығар, өйткені көңілдісің ғой» деп ойлады.
Әйел редактордың бөлмесіне кі­ріп шықты да, – Кіре беріңіз, – деді.
Редактор да көңілді екен, аласа бойлы... Өзінің бойы мүлдем аласа, қар­ны доп-домалақ, түк шашы жоқ. Орнынан тұрып бері қарай, бұған қарсы жүрді. А?! – деді ол, даусы қатты шығып. Сөйтті де терезені нұсқады.
– Көрмейсің бе, уақыттың өзі бізге сәтін салып тұр. Суға ау салдың ба?
– Жоқ, – деді Иван. Сөйтіп ау салуға хошы жоқ екенін бүкіл түрімен сездіруге тырысты.
– Мен осы сенбіде барып қайтатын шығармын. Әлде керегі жоқ па? Бар­ғанша шыдай алатын түрім жоқ...
– Мен әңгіме алып келдім, – деді Иван.
– Әңгіме? – деді редактор таң­ғалып. – Сенің әңгімең бе? Не туралы?
– Мына жерде бәрі жазылған. – Иван дәптерді ұсынды.
Редактор дәптерді алып, парақ­тарын аударыстырды... Сосын Иванға қарады. Ол бұған түнеріңкі жүзбен, бірақ сабырмен қарап тұрды.
– Мен қазір-ақ оқи берейін бе?
– Иә, сол дұрыс болар еді...

Редактор креслоға отырып алып оқи бастады. Иван сол тұрған орнында тұра берді. «Мүмкін, оның да әйелі дайындыққа барып жүрген шығар. Ал оған бәрібір барса бара берсін. Ол бұл мәселелер жөнінде сөйлесе біледі. Бұлар бәрін біледі».
Редактор қарқылдап күліп жібер­ді. Иван өзінің қалай тістенгенін бай­қамай қалды.
– Ой, тамаша! – деді редактор дау­сы қатты шығып. Сөйтті де тағы күлді, қатты күлгеннен бүкіл денесі селкілдеп кетті.
– Не тамаша? – деді Иван. Редак­тор күлкісін тыйды. Тіпті аздап қы­сы­лып та қалған секілді.
– Кешіріңіз... Бұл өзіңіз туралы ма? Өзіңіздің басыңыздан өткен жағдай ма?
– Иә.
– Мм... Кешіріңіз, мен түсіне алмай отырмын.
– Ештеңе етпейді. Әрі қарай оқы­ңыз.
Редактор дәптерге қайтадан шұқ­шиды. Ол енді күлген жоқ, бірақ түрі­нен таңғалғаны, күлкі қысып тұр­ғаны сезіліп тұрды. Мұнысын бүр­­кеу үшін, ол қабағын түйіп, бір­нәр­сені түсінгендей ернін тістелеп қоя­ды. Ақыры аяғына дейін оқып шықты.
– Сіз, енді мұны басу керек деп ойлайсыз ба?
– Әрине.
– Жоқ, мұны бұл түрінде басуға болмайды. Бұл әңгіме емес...
– Неге? Осылай жазатын. Мен оқы­ғам. – Ал мұны басып не керегі бар?
Редактор Иванға түсіністікпен, ая­нышпен қарады.
– Бұны жария­лағанда сізге не пайда? Сіздің уайы­мыңызды жеңілдете ме?
Иван үн­деген жоқ.
– Олар... ана жақта оқыса деп едім.
– Олар қайда?
– Әзір білмеймін.
– Біздің газет ол жаққа бармайды ғой!
– Мен оларды тауып алам.
– Тіпті, мәселе мұнда да емес!


Редактор орнынан тұрды, сосын арлы-берлі жүре бастады. – Жоқ, мәселе мұнда емес. – Құдайым-ау... Сізге... тіпті білмей де тұрмын... Мен сізді түсінем, бірақ біздің істейін деп тұр­­ғанымыз таза ақымақтық. Тіпті, мен мұны жариялап жіберсем де, бұл ақымақтық.
– Мүмкін, ол қайтып келетін шығар.


– Жоқ! – деді, редактор даусы қатты шығып. – Құдайым ау! – Ол абыржып тұрды. – Одан да хат жазыңыз. Тіпті екеуіміз бірге жа­зайық?
Иван дәптерді алды да, есікке беттеді.
– Кідіре тұрыңыз! – деді редактор.

– Келіңіз, хатты екеуіміз бірге, үшінші адам­ның атынан жазайық... Иван редакцияның қабылдау бөлме­сіне қарай өтті. Тіпті «декорация» мен «дайындық» туралы жақсы біле­тін әйелдің жүзіне де қарамады.


Ол осы жерден бірден шайханаға тартты. Бұл жерден келіп жарты литр ащы су алды да, ешқандай тіс­темесіз аузынан қотарды. Сөйтіп, үйіне қарай беттеді. Жүріп келе жатып жан-жағына қараған да жоқ, екі қолын қалтасына салған күйі жүре берді. Сонда да көңілі жабырқау күйде еді. Жылап келе жатқан бұған кездескен адамдар таңғала қарауда. Сонда да сол жылаған күйі жүре берді. Ол бұнысынан ұялған жоқ, өзі қатты шаршаған болатын.


Аударған
Бахтияр МЫРЗАШ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
31 наурыз 2026 ж. 49 0