Қоғам болып күрескенде ғана төтеп береміз
Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын жемқорлық қылмыстары саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдің қай-қайсысын да алаңдататыны айқын.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылды барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Бұл бағытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы бар. Қай елдің халқы жемқорлыққа қарсы болса, сол елдің болашағы жақсы болмақ. Өйткені таза, адал, әділ адамдар елді дамытады. Ал бармақ басты, көз қыстыға жақын, жеңіл олжа тауып, тез пайда тапқысы келетіндер елді күйретеді. Мұндай ауыр дертті тек мемлекет және құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен жеңе алмаймыз. Жемқорлықтың алдын бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады. Сол себептен барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті.
Бүгінде барлық мекемелерде сенім телефондары жұмыс жасайды. Мемлекеттік органдардың қызметшілері халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды түрде қолжетімділігі жөнінде кеңінен насихаттауда. Бұл да белгілі бір дәрежеде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жолы.
Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа, құқықбұзушылыққа бой алдырмайтындай үлкен күш пен сенім қажет. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Ертеңгі болашағы үшін алаңдайтын әрбір саналы азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны абзал.
Қорыта келе, жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық және әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Қоғам болып күрескенде ғана сыбайлас жемқорлыққа төтеп бере аламыз.
Нұржан БИСЕМБАЕВ,
Тереңөзек кентінің әкімі










