Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери-патриоттық рухты асқақтатқан мазмұнды кеш өтті

Әскери-патриоттық рухты асқақтатқан мазмұнды кеш өтті

Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында жасөспірімдерге арналған әскери-патриоттық концерт өтті.

Іс-шараға ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі, Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің аға офицері, полковник Д.Бейсеков, Әскери білім және ғылым департаментінің аға офицері, полковник С.Қуатбаев, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Алматы қалалық филиалы «Жауынгерлік даңқ» музейінің бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Байқадамова, сондай-ақ Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Е.Өтелбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.Каюпов, ардагерлер мен мекеме қызметкерлері, әскери қызметшілер мен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері және оқушылар қатысты.

Шара барысында Алматы қаласындағы «Жауынгерлік даңқ» музейінің құнды жәдігерлері мен сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін қару-жарақ үлгілерінен көрме ұйымдастырылып, келушілер назарына ұсынылды. Өткен мен бүгінді жалғаған бұл көрме жас ұрпақтың патриоттық рухын асқақтатып, елдік сана мен тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталды.

Сонымен қатар, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы «Біртұтас ел – біртұтас жер» бағдарламасы аясында жоғары сынып оқушылары мен жалындаған жастарға арналған патриоттық әсерлі концерттік бағдарлама ұсынылды.


Шараның тағылымды тұстарының бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Байқадамованың Кеңес Одағының Батыры И.Панфилов атындағы №6 жалпы білім беретін мектептің директоры Б.Дүйсенбаевқа «Панфиловшылар қозғалысы» жалаушасының көшірмесін салтанатты түрде табыстауы болды.

Бұл – батырлық пен ерліктің өшпес өнегесін ұрпақ жадында жаңғыртқан айрықша сәтке айналды.

Мазмұны мен мәні үйлескен бұл игі шара жас буынның бойында елге деген сүйіспеншілік пен тарихи жауапкершілікті тереңдете түскені анық.

31 наурыз 2026 ж. 53 0