Елге қызмет – құрметке лайық
Облыс орталығынан ақжолтай жаңалық жетті. «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтарға, құқық қорғау органдарының, басқармалардың басшыларына, қала, аудан әкімдеріне Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен «Барыс» төсбелгісін табыстады.Бұл ретте Сырдария ауданының әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Мемлекет басшысының Алғыс хатымен және «Барыс» төсбелгісімен марапатталғанын айтып өту орынды. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі қоғам қайраткері Абзал Ералиев, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Әжелер алқасының төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, белгілі кәсіпкер Асхат Шәукенбаев марапат биігінен көрінді. Еңбегі еленіп, мерейі тасығандар қатарында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов пен аудан әкімдігінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ердос Беркінбаев та бар. Президенттің Алғыс хатын марапат иелеріне облыс әкімі салтанатты жиында табыс етті.
– Жақында ғана Елордада өткен салтанатты іс-шарада Президентіміз Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталып, Ата Заңымыздың мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген Жалпыұлттық коалиция мүшелері мен азаматтарға алғысын білдірді. Тарихи маңызды жұмыста еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан тұлғалар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың арасында сырбойылық жерлестеріміз бар екенін зор мақтанышпен атап өтуіміз қажет. Бүгін міне, республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан жерлестерімізге Президентіміздің Алғыс хаты мен «Барыс» төсбелгісін табыстаудамыз. Бұл – Мемлекет басшысының Сыр өңірі халқына ыстық ықыласы, жерлестеріміздің еңбекқорлығы мен ұйымшылдығына берген лайықты бағасы. Ерекше қолдау бізді жаңа жетістіктерге жетелейді, еселенген жауапкершілік жүктейді. Ұлттық жаңғыруымыздың жаңа кезеңіндегі референдумды өткізуге белсене қатысқандарыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Егемен еліміздің жарқын болашағы жолындағы істеріміз табысты болсын! Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді салтанатты жиында Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, 15 наурыз күні ел азаматтары жаңа Конституцияға арналған референдумға белсенді қатысып, мемлекетіміздің келешек тағдырын айқындады. Халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен, бекем бірлікпен шыққан Сыр елі жұртшылығы осынау маңызы зор, мәні терең саяси кезеңде жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, азаматтық ұстанымдарының нық әрі берік екенін дәлелдеп, дауыс беруге белсене қатысқан болатын. Еліміз бойынша сайлауға қатысу көрсеткіші жөнінде Қызылорда облысы көш бастаса, оның ішінде Сырдария ауданы дәстүрге сай саяси науқанды жоғары деңгейде өткізді. Бұл күнде саяси науқанға атсалысқан жандар марапат биігінен көрінуде. Елеулі еңбегімен мерейі артқан аудан азаматтарын шын жүректен құттықтаймыз!
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









