Әкежан АСТРАХАНОВ, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы: Дәрігер – табиғатыма жақын мамандық
Тұрақты айдарымыздың бүгінгі қонағы – жерлесіміз Әкежан Астраханов. Шалғайда жүрген түлек медицина саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Туған жердің перзенті еліміздің болашақ дәрігерлерін дайындайтын іргелі оқу орнында оқытушылық қызмет атқарумен қатар, инфекционист-гепатолог дәрігері ретінде ел медицинасының дамуына үлес қосуда. Оқырмандарымызға жас дәрігердің газет тілшісіне берген сұхбатын ұсынамыз. – Әкежан Рүстемұлы, ең алдымен уақыт тауып сұхбат беруге келіскеніңізге алғысымызды білдіреміз. Алғашқы сұрағымызды туған жерден түлеп ұшқан перзент ретінде айтыңызшы, бала Әкежан қандай болды? Арман мақсатқа жету жолында алған біліміңіз бен ұстаздарыңыз туралы айтсаңыз?
– Әрине, сіздерге де көп рақмет. Аудандық газет біздің бала кезімізден отбасымыздың сүйікті басылымы болатын. Сондықтан газет оқырмандарына жақсы жаңалық пен танымдық мақалалар ұсына беріңіздер демекпін. Өзіме келетін болсам, кіндік қаным тамған қасиетті туған жерім Тереңөзек кентінде 1996 жылы дүниеге келдім. Осындағы қарашаңырақ Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейдің түлегімін. Қандай бала болғанымды өзім толық бағалай алмаймын, алайда мектеп тарапынан елеулі ескертулер болған жоқ. Сабақты өз деңгейімде жауапкершілікпен оқуға тырыстым, әсіресе жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығым жоғары болды. Оқушы кезімде пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатыстым. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ ойынына қызығушылығым болды. Біздің сынып құрамы бірнеше рет өзгеріп, кейде құрама сынып ретінде оқыдық, бұл әртүрлі ортаға бейімделуге және ұжыммен жұмыс істеуге үйретті. Мектеп білімге деген қызығушылығымды қалыптастырып, болашаққа қаланған берік іргетас болды десем артық айтқандық болмас. Бастауыш сыныптарда Сәрсен Құдайбергенова мен Айна Болатбаева білім берсе, негізгі мектепте сынып жетекшілерім Нұргүл Мусаева, Жанар Серікбаева, Іңкәр Қордабаева біздерді жан-жақты, белсенді етіп тәрбиеледі, білім берді. Мектептегі барлық ұстаздарыма берген білімдері мен тәрбиесі үшін шынайы алғысымды білдіремін.
– Қандай оқу орнына оқуға түстіңіз, болашақ мамандығыңызды таңдауға не әсер етті?
– 2013 жылы мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. Шынымды айтсам, мектеп қабырғасында жүргенде медицинадан басқа мамандықты мүлде қарастырмадым, өзімді басқа салада елестеткен де емеспін. Бұл таңдауыма отбасымның, әсіресе ата-әжемнің ықпалы зор болды деп ойлаймын.
Бала кезімде үйде атамның медициналық кітаптары көп болатын. Сол кітаптарды қарап, дәрігер мамандығына деген қызығушылығым ерте қалыптасты. Ата-әжемнің үйіндегі орта, олардың әңгімелері мен дәрігер достарының жиі келуі мені осы салаға жақындатты.
Менің атам Астрахан Қожақов – ауданымызға белгілі дәрігер болды, өзі де мен оқыған оқу орнының түлегі. Ол фтизиатр болып, ұзақ жылдар аудандық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері қызметін атқарды. Ал әжем Маржан Ақбай – инфекциялық аурулар кабинетінде ұзақ жылдар еңбек еткен жан. Осындай отбасылық орта мен тәрбиенің арқасында медицина саласын саналы түрде таңдап, осы бағытта білім алуға шешім қабылдадым. 2018 жылы бакалавриатты аяқтап, 2020 жылы терапия бағыты бойынша интернатурадан өттім. Осыдан кейін менің алдымда келесі маңызды таңдау – мамандану бағытын анықтау тұрды.
Бұл жолы да менде айтарлықтай күмән немесе екіұдай ой болған жоқ. Университеттің 5-курсында инфекциялық аурулар циклі өткен болатын. Дәл осы кезеңде бұл пән маған ерекше қызық көрінді. Себебі инфекциялық аурулар – университеттегі ең күрделі пәндердің бірі. Мұнда диагноздар саны көп, науқастардың жағдайы жиі ауыр болады. Бірақ ең маңыздысы – өз еңбегіңнің нәтижесін бірден көру мүмкіндігі. Яғни науқас ауыр жағдайда түскенімен, дұрыс әрі уақытылы диагноз қойып, емді дер кезінде бастасаң, оның жағдайы көз алдыңда жақсара бастайды. 5-курстың өзінде кафедра жетекшісі мені осы кафедраға жұмысқа шақырды. Бұл мен үшін үлкен сенім, әрі таңдауыма қосымша мотивация болды.
Осындай нақты нәтиже беретін, динамикасы айқын мамандық менің мінезіме де жақын болды. Сондықтан инфекциялық аурулар саласын саналы түрде таңдап, осы бағытта кәсіби жолымды жалғастыруға шешім қабылдадым.
– Алғашқы еңбек жолыңыз туралы, есте қалған қызықты да әсерлі оқиғаңызбен бөліссеңіз? Қазіргі кезде қай қалада, қандай мекемеде жұмыс істейсіз?
– 2020 жылы интернатураны аяқтағаннан кейін инфекциялық аурулар бағыты бойынша резидентураға дайындалып жүрген болатынмын. Алайда дәл осы кезең коронавирустық инфекция пандемиясымен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты интернатураны бітіргеннен кейін бірден Ақтөбе облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасына жұмысқа қабылдандым. Алғашқы жұмыс күнім әлі күнге дейін есімде. Бұған дейін нақты тәжірибесі жоқ жас дәрігер ретінде бірден ауыр науқастармен бетпе-бет келдім. Тыныс жеткіліксіздігі бар, жағдайы өте ауыр науқастар, өкінішке қарай өлім жағдайлары да болды. Алғашында қорқыныш болды, бірақ уақыт өте келе жауапкершілік пен тәжірибе қалыптасты. Сол кезеңде бізге демалыссыз, кейде ауруханада жатып жұмыс істеуге тура келді. Науқастар легі толастамады, орын жетіспеді. Бұл кезеңді қазір еске алу да оңай емес, бірақ ол мені кәсіби тұрғыда қатты шыңдады.
Есте қалған қызықты жағдайдың бірі – ұзақ уақыт ересек науқастармен жұмыс істеген терапевт ретінде алғаш рет емізулі баланы қарауым болды. Инфекциялық аурулар және балалар инфекциялары бағыты бойынша резидентураға түскеннен кейін педиатрияны қайта меңгеруге тура келді. Бұл мен үшін жаңа тәжірибе, әрі кәсіби дамудың маңызды кезеңі болды. Резидентураны аяқтағаннан кейін 2022 жылы медицина бағыты бойынша докторантураға түсіп, қазіргі таңда докторлық диссертациямды жазу үстіндемін. Қазіргі уақытта Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде, инфекциялық аурулар және балалар инфекциялары кафедрасында жұмыс жасаймын. Кафедра клиникалық болғандықтан, инфекциялық стационарда науқастарды қарап, студенттерге, интерндер мен резиденттерге сабақ береміз. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық гепатологиялық орталығында инфекционист-гепатолог дәрігері ретінде және Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығында консультант болып қызмет атқарамын. Кейде достарымның арасында әзілдеп, «отбасымнан асып кетпедім – сол инфектология, сол фтизиатрия» деп айтамын. Жалпы кәсіби жолым вирус пен бактериялардың айналасында өтіп жатыр десем болады.
– Адам өмірде екі нәрседен қателеспеу керек екен. Оның бірі мамандық таңдау. Сізге екінші мүмкіндік берілсе медицинаны таңдар ма едіңіз? Негізінен сіз тағы бір қандай саланы меңгеріп кетер едіңіз?
– Айта алмаймын. Шынымды айтсам, өзімді басқа мамандықта елестету қиын. Марқұм атам 80 жасқа келгенде: «Ақтөбе – менің Меккем ғой, Алла тағы өмір берсе, сол Ақтөбеде оқып, қайтадан дәрігер болар едім» деп жиі айтатын. Сол сөздер мен үшін де үлкен мәнге ие. Мен де дәл солай, егер тағы бір мүмкіндік берілсе, медицинаны қайта таңдар едім деп ойлаймын. Себебі бұл – жай ғана мамандық емес, бұл – өмір салты.
– Соңғы кезде еліміздің медицинасы жақсы дамыды деген пікір қалыптасты. Дегенмен медицина толыққанды дамуына не кедергі? Мүмкін кадр тапшылығы, әлде қажетті аппараттардың жеткіліксіздігі ме?
– Соңғы жылдары еліміздің медицинасы айтарлықтай дамып келеді. Жаңа технологиялар енгізіліп, диагностика мен емдеу мүмкіндіктері кеңейіп жатыр. Дегенмен медицинаның толыққанды дамуына кедергі келтіретін бірнеше маңызды фактор бар. Біріншіден, кейбір облыстарда, әсіресе шалғай аудандарда білікті мамандардың тапшылығы әлі де өзекті. Кей жағдайларда медициналық аппараттар бар болғанымен, олармен жұмыс істей алатын мамандар жетіспейді, соның салдарынан жабдық толық пайдаланылмай қалады. Екіншіден, кей өңірлерде диагностикалық және зертханалық мүмкіндіктер жеткіліксіз немесе біркелкі дамымаған. Алайда, менің ойымша, ең басты мәселе – халықтың медициналық мәдениетінің төмендігі. Көп жағдайда науқастар аурудың мәнін толық түсінбейді, қауіп факторларын елемейді және дәрігерге кеш жүгінеді. Мысалы, кейбір жұқпалы аурулар ауру мал арқылы таралатыны белгілі болса да, кей адамдар ауру немесе әлсіреген малды сойып, оны тұтынуға тырысады. Егер малдың жағдайы нашар болса, бұл оның ауру екенін көрсетеді, бірақ соған қарамастан қауіпке мән берілмейді. Сол секілді, гепатит және басқа да созылмалы аурулары бар науқастарға дұрыс тамақтану, диета сақтау және дәріні уақытылы қабылдау қажеттілігі түсіндірілгенімен, бұл ұсыныстар жиі орындалмайды. Нәтижесінде ауру асқынып, қайтадан стационарлық емдеуді қажет етеді.
Үлкен мәселенің бірі – профилактикалық медицинаның жеткілікті деңгейде бағаланбауы. Көп жағдайда қаржы мен ресурстар ауру асқынғаннан кейін ғана жұмсалады, ал оның алдын алу мәселесі екінші орында қалып қояды. Ал шын мәнінде, медицинаның басты мақсаты – ауруды емдеу емес, оның алдын алу болуы тиіс. Соның айқын мысалы – вакцинация. Мәселен, қызылша – вакцинамен басқарылатын инфекция, яғни оның алдын алуға толық мүмкіндік бар. Соған қарамастан, соңғы жылдары елімізде бірнеше рет қызылша бойынша эпидемиялық өршу тіркелді. Бұл – өте өкінішті жағдай және профилактикалық бағыттың жеткілікті деңгейде жүзеге аспай отырғанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, медицинаның толық дамуы үшін тек техника мен кадр жеткіліксіз. Ең маңыздысы – халықтың денсаулыққа деген көзқарасын өзгерту, медициналық сауаттылықты арттыру және профилактикаға, соның ішінде вакцинацияға басымдық беру деп ойлаймын.
– Денсаулық сақтау саласында сіз таңдаған бағытта қандай жетістікке жеттіңіз?
– Жоғарыда айтап өткенімдей таңдаған бағытым – инфекциялық аурулар және гепатология, яғни жұқпалы аурулар мен бауыр патологияларымен күресу. Бұл салада ұзақ жылдық тәжірибем болмағандықтан, үлкен жетістіктерге жеттім деп айту ертерек. Дегенмен, өзімді үздіксіз дамытуға, білімімді жаңартуға әрдайым ұмтыламын. Қазіргі таңда докторлық диссертация жазу үстіндемін, сондай-ақ халықаралық және республикалық конференцияларға баяндамашы ретінде тұрақты қатысып келемін. Атап айтқанда, Ресей, Беларусь, БАӘ, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде өткен ғылыми жиындарға қатыстым. Сонымен қатар Түркияның Дүзже қаласында тағылымдамадан өту мүмкіндігі болды. Алайда мен үшін ең үлкен жетістік – бұл науқастардың алғысы. Себебі дәрігер үшін ең бастысы – адамның сауығып, сенім артып, ризашылығын білдіруі. Одан артық марапат жоқ деп ойлаймын.
– Қазіргі жастарға, медицинаны таңдаған түлектерге қандай кеңес айтар едіңіз?
– Қазіргі жастарға, әсіресе медицинаны таңдаған түлектерге айтарым – ең алдымен оқу және адамгершілік қасиет қатар жүруі керек. Медицинада тек оқығандық жеткіліксіз. Біліммен қатар сабыр, жанашырлық, жауапкершілік және адамға деген шынайы ниет болуы өте маңызды. Себебі біз тек ауруды емес, адамды емдейміз. Университеттің оқытушысы ретінде студенттерге әрдайым айтарым – жақсы дәрігер болу үшін тек кітап оқып қана қоймай, адамды түсіне білу керек. Әр науқасқа өз жақыныңдай қарап, жауапкершілікпен қарау – бұл мамандықтың басты қағидасы. Осы тұрғыда сонау Гиппократ заманынан келе жатқан «Arte et humanitate, labore et scientia» деген ұстаным бар. Оның мағынасы – «Өнермен және адамгершілікпен, еңбекпен және біліммен». Бұл медицинадағы ең негізгі құндылықтарды – кәсібилік пен адамгершілікті қатар ұстау керектігін көрсетеді. Сондықтан бұл жолды таңдаған әр жас үнемі ізденісте болып, білімін жетілдіріп, ең бастысы – адамгершілікті бірінші орынға қоюы қажет.
– Жалпы медицинада сізді не толғандырады? Әттеген-ай деген кездер болды ма?
– Жалпы медицинада «әттеген-ай» демейтін күн болмайды десем, артық емес. Әрбір науқастың тағдырына алаңдайсың, әсіресе жағдайы ауыр науқасты көргенде. Кейде «осының орнына басқаша жасағанда қалай болар еді?» деген ой келеді. Бұл – әр дәрігерге тән ішкі жауапкершілік пен уайым. Сол себепті медицина мамандығында кәсіби күйзеліс (профессиональное выгорание) жоғары деңгейде болады деп ойлаймын. Себебі бұл тек жұмыс емес, әр науқастың өмірі мен тағдырына араласу. Ал мені толғандыратын басты мәселенің бірі – жаңа инфекциялардың пайда болуы. Қазіргі уақыт өте күрделі, тұрақсыз кезең. Әр сәт сайын қоздырғыштардың мутацияға ұшырап, жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. Бұған коронавирустық инфекция айқын дәлел болды. Мұндай жағдайдың қайталанбағанын қалаймыз, бірақ белгілі бір деңгейде алаңдаушылық пен сақтық сезімі әрқашан бар. Сондықтан инфекциялық қауіпсіздік, эпидемиологиялық бақылау және ғылымның дамуы бүгінгі таңда аса маңызды деп есептеймін.
– Сыр елінің түлегі ретінде туған жерге оралу жоспарыңызда бар ма?
– Туған жерге оралу – мен үшін әрдайым ойымда жүрген мәселе. Тіпті, жыл сайын «ауылға кетемін» деп кафедрада айтып жүремін. Қазіргі таңда мамандығыма байланысты университетте жұмыс істеп, білім беру мен клиникалық тәжірибені қатар алып жүруге мүмкіндік бар. Сондықтан әзірге осы бағытта қалып отырмын. Дегенмен, болашақта туған ауылыма барып, сол жерде еңбек ету мүмкіндігі болады деп сенемін. Себебі қай жерде жүрсек те, түптің түбінде туған жерге қызмет ету – әрқайсымыздың парызымыз.
– Дәстүрлі сұрақ, отбасыңыз жайлы айтсаңыз? Ата-анаңыз, өз отбасыңыз туралы білсек?
– Қазіргі таңда өз отбасымды құрған жоқпын. Ата-анам ауылда тұрады. Анам Гүлсара Батишева – Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейінде орыс тілі пәнінің мұғалімі, ал әкем Рүстем Қожақов ауданда коммуналдық шаруашылық саласында еңбек етеді. Екеуі де жоғары білімді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жандар. Отбасымызда қарындасым Меруерт – мектеп оқушысы, оқу үздігі. Інім Мағжан Астраханов – микробиолог, қазіргі уақытта Астана қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
– Дәрігердің қолы босағанда, қызметтен қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз?
– Қызметтен қолым қалт еткенде көбіне кітап оқимын. Кітап оқу – мен үшін демалу, әрі ойды жинақтаудың бір жолы. Сонымен қатар, бос уақытымда балық аулауға барғанды ұнатамын. Табиғат аясында уақыт өткізу – жұмыс барысындағы қарбаластан кейін жақсы демалыс береді.
– Жұмысыңызға сәттілік, әрдайым елдің алғысына бөлене беріңіз.
– Рақмет.
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ









